Қытай әскері Ресейдің үлгісінде Тайуанға шабуыл жасауы мүмкін. Бұл туралы бірқатар БАҚ жазуда.

Шілденің соңында Blackmoon хакерлік тобы Twitter (Х) желісіндегі парақшасында бірқатар PDF форматындағы құжаттарды жариялады. Құжаттарда Қытай армиясының Әуе-десанттық күштері үшін командалық басқаруды автоматтандыру жүйесін құруға арналған «Қылыш» атты тәжірибелік-конструкторлық жұмыстың орындалу барысы туралы баяндама көрсетілген. Бұл әуе десанттық күштерін әскери операцияда қолдану үшін жасалған құжат болуы мүмкін. Яғни, десанттық күштер ақпаратты жіберу, әскери міндетті орындау іспеттес әрекеттерді жүзеге асыруға қолданылатын жүйе.
Сарапшылар Қытай дәл осындай жүйені Тайуанға шабуыл жасау үшін қолдануы мүмкін дейді. Әскери мамандар Қытайдың Тайуанға әуеден десанттық күштерді түсіруі Қытай үшін өте үлкен шығынға әкелетінін айтуда, алайда Бейжің шығын көлеміне қарамастан түрлі сценарийге тыңғылықты дайындалуда.
The Insider сарапшылары хакерлер жариялаған құжаттарды мұқият зерттеп, құжаттардың Ресейге қатысы барын анықтады. Ресей бірнеше мәрте Қытайға әскери салаға қажетті өнімдерді сатқан. Соның бірі арнайы әскери операцияны басқаруға қажетті нұсқаулықтар, ақпарат алмасу жүйелері болуы мүмкін дейді мамандар.
Осыған ұқсас құжаттарды Рособоронэкспорт 2022 жылы Қытайға 2 мәрте сатқан. Әр құжат құны 714 мың еуро болған. 2021 жылы 2 құжат, 2020 жылы 4 құжат сатылған. Қытайға саудаланған құжаттардың қағаздық типі 175 келіні құраған. Құжаттар диск және өзге құрылғылар арқылы да жеткізілген.
Хакерлер жариялаған құжаттардың бірінде Р.Н. Погребняк есімі кездеседі. Сарапшылар бұл адам Роман Николаевич Погребняк болуы мүмкін деп санайды. Ол жеке құрамды ұрысқа дайындау, соққы жасаушы топтарды күшейтуге қатысты бірнеше еңбек жазған әскери сала маманы саналады.
The Insider басылымы Қытай әскерилерін оқытуға қатысты Ресей мен Қытайдың арасында байланыс артқанын жазды. Құжаттардың бірінде Қытайдың 60 әскери маманына Ресей тарапынан 152 сағат дәріс оқытылып, 130 сағат топтық жұмыс және 150 сағат тәжірибелік жұмыс жүзеге асырылуы тиістігі жазылған.
Қытайдың әскери мамандары Ресейге келіп, Украина соғысына қатысты ақпараттарды жинауда. Қытай мен Ресей соңғы жылдары әскери салада ынтымақтастығын арттырды. Бірлескен әскери жаттығулар, штабтық ойындар жиі өтуде. Ресейдің Украинадағы соғыс тәжірибесі Қытай үшін маңызды сабақ болуда. Бейжің Ресейдің Украина соғысындағы кемшілігі мен артықшылығын зерттеуде. Қытай заманауи қарулы қақтығыстарда байланыс пен басқару жүйелерінің рөлін ерекше қарастыруда. Сонымен бірге, санкциялар жағдайында логистика мен экономикаға түсетін қысымды азайту жолдарын да іздестіруде. Әуе десанттық күштерін мен дрондарды қолдану тәжірибесін үйреніп жатыр.
Қытай Тайуанға ықтимал шабуыл жоспарын жасағанда осы тәжірибелерді есепке алуы мүмкін, әсіресе киберсоғыс, ақпараттық соғыс және теңізден десант түсіру тактикасы тұрғысынан дайындықты қызу жүргізуде дейді мамандар.
Mezgil.kz