Аляскадағы бітімсіз кездесу: Трамп жеңді ме, Путин жеңді ме?

Кеше жарты әлемнің назары Аляскаға ауды. Алясканың Анкорижінде АҚШ пен Ресей басшылары жүзбе-жүз жолықты. Талқыланған басты тақырып - Украинада бітім орнату.

1755331655255694.jpg

(Суреттер: bbc.com сайтынан алынды)

Екі сағат қырық бес минутқа созылған келіссөз келісімсіз аяқталды. Тараптар не дейді? Қысқаша шолу ұсынамыз...

КЕЛІССӨЗ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

АҚШ пен Ресей басшыларының кездесуі АҚШ-тың Аляскасындағы Анкорижде, «Елмендорф- Ричардсон» әскери базасында өтті. Әуелде Трамп пен Путиннің жекпе-жегі болады деген. Кездесу күні келіссөздерге қос тараптан 3 адамнан қатысатыны белгілі болды. Бұлар негізгі келіссөзшілер.

АҚШ үштігі - президент Доналд Трамп, мемхатшы Марко Рубио және арнайы өкіл Стив Уиткофф.

Ресей үштігі - президент Владимир Путин, СІМ басшысы Сергей Лавров және кеңесші Юрий Ушаков.

Қос тараптың негізгі келіссөзшілерінен бөлек, кейінірек тағы 2 өкілден делегацияға қосылады делінген. Алайда, жабық есік жағдайында өткен келіссөздің негізгі бөлігінде тараптар келісімге келе алмағаны себепті, кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтпеді.

АҚШ тарабы бұл саммитке «Бейбітшілік жолында» (мағыналық аударма) деген ат берген.

Ресей келіссөз алдында: «Бұл саммит АҚШ пен Ресей арасындағы дипломатиялық байланыстарды қайта жандандырудың бастамасы болады деп күтеміз», - деп мәлімдеп, кездесуге екіжақты диалог деген сипат беруге тырысқан. Ресей тарабы Украина тақырыбынан бөлек, АҚШ пен Ресей арасындағы екіжақты байланыстар тақырыбына көбірек екпін түсіргісі келетінін аңғартқан.

Ал АҚШ тарабы да: «Егер бұл келіссөз сәтті өтсе, алда Ресей мен Украина басшыларының кездесуіне даярлық басталады. Бұл келіссөз сәтті өтсе, қуанамыз. Ал сәтсіз аяқталса, оған таң қалмаймыз», - деп мәлімдеді.

ЖҮЗБЕ-ЖҮЗ ЖОЛЫҒУ

Президенттер ұшақтан түскен беті бір-бірімен жолықты. Сәл аялдап, суретке түсіп, қол алысты да әрі қарай келіссөз орнына қарай жүріп кетті. Путин Аляскаға өз көлігімен барса да, келіссөз алаңына қарай Трамптың көлігіне мінгесіп кетті.

Қос лидер ұшақжайда жолығып жатқанда әуеден АҚШ-тың F-35 ұшақтары мен В-2 ауыр бомбалаушы ұшағы ұшып өтті.

Ұшақжайда тілшілердің бірі дауыстап: «Президент Путин, сіз адамдарды өлтіргенді тоқтатасыз ба?» деп сұрады. Ал Путин иығын қысып, түсінбеген кейіп танытты.

Келіссөздер барысында Трамп әйелі Меланияның Путинге жазған хатын тапсырған. Мелания Украинадан ұрланған балаларды қайтаруды сұраған.

ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ президенті Трамп келіссөздің жақсы өткенін айтқанымен, келісімге келе алмағанын растады.

«Біздің әңгімеміз мазмұнды болды. Көптеген мәселені талқыладық. Бірақ толық түсіністік болған жоқ. Әзірге келісімге келмедік. Украина Ресеймен келісімге келуі керек. Ресей үлкен әрі мықты ел. Ал Украина ондай емес. Енді бәрі президент Зеленскийге байланысты. Мен НАТО елдері басшыларымен, ЕО басшыларымен және президент Зеленскиймен сөйлесемін», - деді.

ПУТИН НЕ ДЕЙДІ?

Ал Ресей президенті Путин Украинада бейбітшілік орнату туралы өз талаптарынан бас тартпайтынын мәлімдеді.

«Украинада ұзақ та тұрақты бейбітшілік орнауы үшін біз осыған дейін атап айтқан соғыстың бастапқы себептері толық жойылуы керек. Дәл қазіргідей жағдайда бұл біртүрлі естілсе де, біз Украинаны бауырлас ел санаймыз. Біз президент Трамптың «Украина қауіпсіздігіне кепілдік берілуі керек» деген сөзімен келісеміз. Бұл кездесу болашақ диалогтардың алғышарты болады деп үміттенеміз», - деді.

ТРАМП ПЕН ЗЕЛЕНСКИЙ СӨЙЛЕСТІ

Бүгін АҚШ президенті Трамп Украина президенті Зеленскийге және ЕО мен НАТО басшыларына хабарласты.

Трамп Зеленскийді АҚШ-қа шақырды. 18 тамызда екі ел басшысы Вашингтонда кездеспек. Бұған қоса, Трамп Зеленский мен НАТО елдерінің басшыларына Путиннің ұрыс қимылдарын тоқтатуды емес, соғысты аяқтауға қатысты нақты келісімге ұмтылатынын айтты. Трамп «ұрысты тоқтатқанға қарағанда, соғысты жылдам түрде түбегейлі аяқтау келісімі тиімді» деген ойда.

Әуелі Трамп пен Зеленский жеке сөйлескен. Кейін әңгімеге Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Финляндия президенті Александр Стубб, Польша президенті Навроцкий, Ұлыбритания премьер-министрі Стармер, НАТО бас хатшысы Марк Рютте, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, АҚШ-тың арнайы өкілі Уиткоффтер қатысқан.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар