2023 жылы, 7-қазанда басталған Израиль-ХАМАС арасындағы соғыстан кейін, мыңдаған палестиндік жұмыссыз қалды. Палестина тұрғындары негізінен Израиль аумағында жұмыс істейтін. Алайда соғысқа байланысты Израиль билігі палестиндіктерді жұмыстан шығарып, ел аумағына кіргізуден бас тартуда. Палестиндік жұмысшылардың орнын Үндістан тұрғындары басуда. Бұл туралы haqqin.az сайты жазды.

2023 жылдан бері Израиль мен Үндістан бірқатар келісімдер жасасты. Үндістаннан ондаған мың жұмысшы Израиль нарығына келді. Еңбек миграциясы соңғы уақытта қарқын алып, мыңдаған үндістандық Израильге кіру үшін өтініш білдірген.
2023 жылы Үндістан мен Израиль 42 мың үндістандықты Израильге жұмысқа шақыру бойынша келісті. Алайда соғыс қыза түскен сәтте, квота саны артты. Соғысқа байланысты Израильде жұмысшы күші тапшы бола бастады. Себебі соғысқа дейін Израиль нарығында құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында палестиндіктер көп еді. Соғысқа байланысты Израильде 80 мыңнан астам жұмысшы күші жетіспейтіні белгілі болды. Израиль өзге елдерден жұмысшы алдыруда және тиісті квоталарды бөлуде.
Израиль жұмысшы күшін өзге елдермен келісім жасасу арқылы реттеуге тырысып жатыр. Үндістан билігі бұл мәселені реттеуге көмектесе алатынын айтты. Үндістан Таяу Шығысқа, Парсы шығанағы елдеріне жұмысшы күшін жіберу тәжірибесі көп ел саналады. Сарапшылар БАӘ-де Үндістанның 2 млнға жуық азаматы еңбек мигранты болып жүргенін айтуда. Кувейтте 1 млнға жуық үндістандық еңбек етсе, Сауд Арабиясында, Бахрейн, Оман, Катарда да жүздеген мыңнан бастап миллионға дейін үндістандық азаматтар еңбек етуде.
Халықаралық жұмысшылар құқығын қорғау одағы Үндістан азаматтарының жыл сайын өзге елден Үндістанға 110-130 млрд доллар аударатынын айтуда. Қаржыны аударушылардың басым көпшілігі Еуропа, АҚШ және Таяу Шығыстағы жұмысшылар саналады.
Израиль билігі Үндістаннан келген әр азаматқа айына 1700-1800 доллар төлеуге дайын екенін айтты. Бұл Израиль көрсеткішімен аз қаржы саналса да, Үндістанның көрсеткіші бойынша айтарлықтай қомақты қаражат.
Палестиндік сарапшылар дабыл қағуда. Олар: «Соғыс аяқталған сәтте палестиндіктер Израильге қайта кіріп, жұмыс істей алмауы мүмкін. Себебі жұмысшылардың басым көпшілігін Израиль Үндістаннан алдыратын болады», - дейді. Үндістандағы кей ұйымдар Үндістан билігі мен Израильдің арасындағы келісімді «Палестинаға жасалған қиянат» деп те атауда.
Соғысқа дейін палестиндіктер Израильге кіріп, жұмыс істеді. Газа тұрғындарының басым көпшілігі Израиль аумағында құрылыс саласында жұмыс істесе, Иордан өзенінің батысындағы Палестина әкімшілігі аумағындағы тұрғындар ауыл шаруашылығы мен жол жөндеу жұмыстарында қызмет етті. Алайда ХАМАС пен Израиль арасындағы соғысқа байланысты Израиль билігі палестиндіктерді жаппай жұмыстан шығарып, Израиль аумағына кіргізуден бас тартуда. Әзірге Иордан өзенінің батысындағы Палестинадан Израильге кіріп, жұмыс істеп жүрген палестиндіктер бар. Дегенмен олардың саны ай сайын азайып келеді.
Mezgil.kz