15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Аляскада кездеседі. Күн тәртібінде – Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі.

Саммит қарсаңында АҚШ, Украина, ЕО мен Ресей тарапынан түрлі-түрлі мәлімдемелдер айтылуда. Бұл айтылған мәлімдемелер бұл кездесудің әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратынын көрсетіп отыр.
ЗЕЛЕНСКИЙГЕ ШҮЙЛІГУ ҺӘМ ЖЕР АЙЫРБАС: ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?
Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында (кеше) президент Трамп Путиннің АҚШ-қа келуін «құрметті қадам» деп бағалап, кездесуді «алдын ала әңгіме» деп атады. Ол: «Украина бойынша мәміле бола ма, жоқ па, оны алғашқы екі минутта-ақ білемін» деп, келіссөздің жылдам әрі нақты болатынын меңзеді. Сонымен бірге, «аумақ алмасу» идеясын қайта қозғап, «теңіз жағалауларының стратегиялық маңызын» атап өтті. Бұл ой халықаралық қауымдастықта «Украинаның егемендігіне қауіп төніп тұр» деген алаңдаушылықты күшейтті.
Трамп кеше арнайы баспасөз жиынын өткізіп, 1 сағаттан аса сөйледі, сұрақтарға жауап берді. Сонда айтылғандардың бастылары:
«Мен Путинге: «Сен соғысты тоқтатуың керек», - деп төтесінен айтамын. Путинмен бұл кездесуіміз жақсы өтеді деп ойлаймын. Десе де, әңгімеміз жараспай қалуы да ғажап емес. Көбі мені «Ресейге келгенде боссың» деп сынайды. Мен керісінше, Путинмен әңгімем жақсы болса да, Ресейге келгенде қатал болдым», - дейді.
Әрі қарай: «Мен Путинмен бейбіт бітім жасаспаймын. Шешетін біз емес. Мен тек Украинада бейбітшілік орнату бойынша олардың не ойлайтынын, қандай талап-шарттар қойып отырғанын естіп қайтпақпын», - деді.
Арасында «аумақтарды өзара алмасу» туралы сөз қозғап, Ресейдің ең құнды деген жағалауларды жаулап алғанын тілге тиек етті.
«Аумақ алмасу Украина мүддесіне сай іске асатын болады. Украина бұл арқылы өзіне кейбір аумақтарды қайтарып алады. Әлбетте, бұл келісім қос тарапқа да оңайлыққа соқпайды», - деді.
Бір уақытта Украина басшылығын сынап сөйлеп: «Мен Владимир Зеленскийдің кей сөзімен мүлде келіспеймін. Бұл соғыс мүлде басталмауы керек еді. Зеленский: «Жер айырбастау үшін конституциялық келісім керек», - дейді. Сонда соғысу үшін келісім керек емес те, жер айырбасқа келгенде келісім керек пе? Мұнысын түсінбедім», - деп кіжінді.
Әрі қарай: «Осы жолы президент Зеленский Путинмен кездесуге шақырылмайды. Осы 3,5 жылда олар мұны жасай алған жоқ. Бірақ, алдағы уақытта Зеленский мен Путинді келіссөз үстеліне отырғызамын. Бұл не «Зеленский-Путин» немесе «Зеленский-Трамп-Путин» форматында іске асатын болады», - деді.
РЕСЕЙ ЖАҢА ШАБУЫЛҒА ДАЙЫНДАЛУДА: ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Кеше Украина президенті Владимир Зеленский де аталған кездесуге қатысты өз пікірін ортаға салды. Ол «Ресейдің соғысты тоқтатуға ниеті жоқ екенін, керісінше жаңа шабуылдарға дайындалып жатқанын» мәлімдеді. Ол Еуропа көшбасшыларына Украина тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғағаны үшін алғыс айтып: «Егер Ресей қырғынды тоқтатудан бас тартса, ол үшін жауап беруі керек. Біз бәріміз бірге қысымды жалғастыруымыз қажет – күшпен, санкциялармен, дипломатиямен», - деді Украина басшысы.
ЕУРОПА ДАБЫЛ ҚАҒУДА: 26 ЕЛ АРНАЙЫ ҮНДЕУ ЖАРИЯЛАДЫ
ЕО-ның 26 елі «Трамп–Путин» саммиті қарсаңында ортақ мәлімдеме жасап, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын дереу тоқтатуға, халықаралық құқық пен шекара тұтастығын сақтауға шақырды.
Олар Украина өз болашағын өзі айқындауға құқылы екенін, келіссөз тек атысты тоқтатқан жағдайда ғана мәнді болатынын айтты. Сонымен бірге Еуроодақ Украинаға саяси, әскери, экономикалық көмек көрсетуді жалғастырып, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге дайын екенін мәлімдеді.
УКРАИНА ЖЕР БЕРУГЕ ДАЙЫН БА? ӘЛЕМДІК БАҚ НЕ ДЕЙДІ?
Ал батыстық ақпарат құралдары бұл саммит көлеңкесінде даулы келісім жобасы дайындалып жатқанын хабарлауда.
«The Telegraph» дерегінше, Зеленский Ресейдің қолындағы аумақтарды беруге дайын, бірақ қауіпсіздік кепілдіктерін – одақтастардан қару-жарақ жеткізуді және НАТО-ға мүшелік жолын ашуды талап етеді. Бұл ұсынысты ол еуропалық көшбасшылармен жеке сөйлескенде айтқан.
«Bloomberg» болса, АҚШ пен Ресей Украина жөнінде жаңа келісім дайындап жатқанын жазады. Құжатқа сәйкес, Ресейдің қазіргі бақылауындағы аумақтар заңды түрде бекітілуі мүмкін. Мәскеу Херсон мен Запорожье облыстарындағы шептен ары жылжымайды, ал Киев Луганск пен Донецк облыстарында өзінде қалған аймақтардан әскерін әкетеді.
Аляскадағы кездесу – тек екі елдің арасындағы диалог қана емес, жаһандық күштер тепе-теңдігін қайта қалыптастыратын тарихи сәт болуы мүмкін. Бірақ басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр: Ол – бұл келіссөздер шынайы бейбітшіліктің бастауы бола ма, әлде жаңа қақтығыстардың кіріспесі ме? Алда көре жатармыз...
Mezgil.kz