Мәскеуліктер ашулы: Ресей Қапқазда тағы бір соғыс қалап отыр ма?

Әлгінде АҚШ астанасында халықаралық саясаттағы салмағы ауыр оқиға орын алды, білесіздер. Президент Трамптың тікелей арағайындық етуімен, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьері Никол Пашинян тарихи бітімге, декларацияға қол қойды.

1754925569909159.jpg

(Сурет: 24tv.ua)

Құжатқа үшінші тарап ретінде АҚШ та қол қойып, тараптар ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан қақтығысты тоқтату, бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындау және өзара ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.

Бұл келісімнің өзегі – Армения аумағындағы ұзындығы 44 шақырымдық Зангезур дәлізін АҚШ-қа 99 жылға жалға беру.

Дәлізді толық бақылауға алған Вашингтон онда теміржол, автожол, мұнай-газ құбырлары мен электр желілерін тартуды жоспарлап отыр. Жоба Әзербайжан мен Нахчыванды тікелей байланыстырып қана қоймай, бейресми түрде «Трамптың жолы» деп аталып, АҚШ-қа миллиардтаған доллар пайда әкелмек. Бұл қадам Кавказдағы Қытай, Ресей және Иран ықпалын әлсіретуі мүмкін деген пікірлер айтылуда.

Алайда Мәскеу мұны жылы қабылдамады. Ресейлік саясаткерлер мен насихатшылар АҚШ-тың Оңтүстік Қапқаздағы ықпалы артып бара жатқанына алаңдаулы. Әскери тілші Юрий Подоляка егер Ресей Украинадағы Әзірбайжанға қатысы бар нысандарға соққы беруді жалғастырса, Баку Украинаға қару-жарақ жеткізуге қойылған эмбаргоны алып тастауы мүмкін екенін ескертті. Оның сөзінше, бұл екі ел арасындағы тікелей соғыс қаупін күшейтеді.

Ал депутат-генерал Андрей Гурулев Мәскеудің экономикалық қысым құралдарын да атады: Әзірбайжаннан келетін тауарларды импорттауға тыйым салу және Ресейдегі әзірбайжандық кәсіпкерлерге шектеу қою. Ол «Арнайы әскери операция» ұғымының созылмалы сипатына тоқталып, бұл қадамдардың Ресейдің бүкіл шекарасына қатысты болуы мүмкін екенін айтты.

Ресейдегі әйдік насихатшы, Кремльдің жалдаулы сөзсатушысы Владимир Соловьёв тіпті, «НАТО ықпалын шектеу үшін Оңтүстік Қапқазда әскери операция бастау қажет» деп мәлімдеді.

Осындай мәлімдемелердің көлеңкесінде Әзірбайжан Украинаға 2 млн доллар гуманитарлық көмек бөлді. Бұл әрекет ресейшіл белсенділердің ашу-ызасын одан сайын өршітуде.

Ресей мен Әзірбайжан арасындағы қатынастың ушығуы бір күнде болған жоқ. Өткен жолы Ресейде әзірбайжандықтарға қарсы жүргізілген рейд кезінде екі азаматтың қаза табуы, Ақтаудағы ұшақ апаты, Бакудің Украинаны қолдап, Ресейді «оккупан» деп атауы – бәрі де екі ел арасындағы қарым-қатынасты суыта түсті.

Бүгінгі таңда Зангезур дәлізі тек экономикалық жоба ғана емес, аймақтың болашағын айқындайтын геосаяси сынаққа айналды. Бұл келісім Қапқаз картасын қайта сызуға мүмкіндік берсе, Мәскеу мен Бакудің арақатынасы алдағы уақытта қай бағытта өрбитіні – бүкіл аймақ үшін басты сауал болып тұр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар