Аляскадағы «жекпе-жек»: Украина тағдыры Украинасыз шешіле ме?

15 тамыз. Дәл осы күні АҚШ пен Ресей президенттері жүзбе-жүз жолықпақ. Трамп пен Путиннің бұл жолығуында талқыланатын басты мәселе – Украинадағы соғысты тоқтату һәм оның шарттары болмақ.

1754904540229492.jpeg

(Сурет: tsn.ua)

Осы әңгіме жарыққа шыққалы-бері әлемдік ақпараттық кеңістік «Украина тағдыры Аляскада шешіле ме» деген сауалға жаппай жауап іздеп жатыр.

Украина президенті Зеленский: «Біз Ресейдің бейбітшілікке бір қадам да ұмтылмайтынын жақсы түсінеміз. Демек оған қысымды арттыру керек. Егер Ресей соғысты тоқтатқысы келмесе, онда оның экономикасын тоқтату керек», - деді.

Әрі қарай: «Ресей әлі күнге бейбітшілікке қарай бірде-бір әрекет жасаған жоқ. Әуеде де, жерде де, теңізде де оқ атылып жатыр. Біздің командамыз АҚШ-пен қоян-қолтық жұмыс жасап жатыр. Біз ресейліктердің Американы алдап соққысы келетінін жақсы білеміз. Бірақ, біз оған жол бермейміз», - деді.

Ал «Financial Times» басылымы: «Еуропа елдері Трампқа қайрылу жасап, Путинмен жүздесудің алдында Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырады», - деп жазады.

Өткен сенбіде Ұлыбритания СІМ басшысы Давид Лемми БАСТАП, Еуропа және Украинаның қауіпсіздік органдарының басшы-қосшылары кеңес өткізген. Оған АҚШ атынан вице-президент Венс қатысқан. Сол жолы Еуропа өкілдері АҚШ-қа: «Украина үшін қауіпсіздік кепілдігі өте маңызды. Ең сенімді қауіпсіздік кепілі – Украина қарулы күштері мен үшінші елдердің Украинаны қолдауына шектеулердің болмауы», - деп мәлімдеген.

Германия канцлері Фридрих Мерц те: «Путин тек күштің тілін түсінеді. Күшесең ғана қимылдайды. Ресейге қарсы әскери қысым жеткіліксіз.  АҚШ-тың да санкциялары әлі енгізілмеді. Егер АҚШ санкция салар болса, бұл сөзсіз Ресей экономикасын омақастыра құлататын еді. Сондықтан, мен АҚШ президентін санкция салуға үндеймін», - деп мәлімдеді.

Еуропалық шенділдер: «Болашақта жасалатын кез келген соғысты, атысты тоқтату келісімі – оны Ресей тарабы бұзбауы үшін қатаң санкциялармен қамтамасыз етілуі керек. Еуропа сонымен қатар, бұғатталған Ресей активтерін қысым құралы ретінде қарастырады және оны Украинаны қаржыландыру үшін жұмсау идеясын алға тартады», - дейді.

Еуропа елдері сондай-ақ, Украинаны қаруландыруға, әскери тұрғыда қаржыландыруға шектеу қою туралы Мәскеу талабына қарсы екендіктерін білдірді.

Әйдік «Bloomberg» басылымы: «Еуропа лидерлері Трамп пен Путин кездесуінің алдында АҚШ президенті Трамппен жеке жолығып, келісім шарттарын талқыламақшы», - деп жазады.

Дәл осы «Bloomberg» бұған дейін: «Путин атысты тоқтату және келіссөздерді бастау шарты ретінде Украинадан 2014 жылы заңсыз аннексияланған Қырымды, Донбассты тұтастай Ресейге беруді талап етуде», - деп жазған.

Ал НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте «ABC-ге» берген сұхбатында: «Мұндай нәтиже Киевтің әлі де Украинаның бақылауындағы Луганск және Донецк облыстарының бір бөлігін беруін талап етуі мүмкін. Егер процесс алға жылжитын болса, Украинаның қауіпсіздік кепілдігімен бірге «аумақтық тұтастық мәселелері» күн тәртібіне шығарылуы керек», - деген.

Оның пікірінше, бұл – Украина өз аймақтарынан ресми түрде бас тартпайды, бірақ өз аумағының бір бөлігін бақылаудан айырылғанын де-факто мойындайды дегенді білдіруі мүмкін.

НАТО Бас хатшысы: «Ресей Украина территориясының бір бөлігін де-факто бақылайды – бұл де-юре саяси мойындау емес, іс жүзінде мойындау болмауы керек», - деді.

Украина президенті Зеленский: «Соғыс – әділетті аяқталуы тиіс. Мен қазір Украинамен бірге, Украинадағы бейбітшілік үшін, еуропалық халықтардың өмірлік қауіпсіздік мүдделерін қорғап жүрген біздің халқымызбен бірге жүргендердің барлығына алғыс айтамын. Конструктивті келіссөздер – тек атысты тоқтату немесе соғыс қимылдарын тоқтату жағдайында ғана жүргізілуі мүмкін. Украинасыз – Украинадағы бейбітшілік жолын анықтау мүмкін емес. Біз халықаралық шекараларды күшпен өзгертуге жол бермеу қағидатын ұстанамыз. Ағымдағы байланыс желісі келіссөздердің бастапқы нүктесі болуы керек», - деді.

Түйін: 15 тамыз әлем ақпараты қыз-қыз қайнайтын күн. Сарапшылар Трамп пен Путиннің бұл жолығуына қатысты түрлі болжамдарын айтуда. Сарапшылардың бір тобы: «Экономикасы тұралап, елішілік проблемалары еселене түскен Ресей Трамптың алдында бірнеше позиция шегінуі мүмкін», - дейді. Ал екінші топ сарапшылар: «Ресей Украинаға қатысты жер талаптарынан шегінбейді. Украина да Ресейге өз территориясын беруге көнбейді. Сондықтан, Трамп пен Путиннің бұл жолығуы формалды кездесу болмақ», - деп болжайды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар