Ресей Украинаға басып кірген сәттен кейін, көптеген санкциялық шектеуге ұшырады. Санкциялар Ресейдің авиациялық паркіне соққы жасады. Мәскеу ұшақтарға қажетті бөлшектерді кіргізуде қиындық көруде. Шетелдік компаниялар Ресейдің ұшақтарына қосалқы бөлшектерді беруден, техникалық қолдау көрсетуден бас тартты. Бұл ресейлік азаматтық авиациядағы апатты жағдайдың санын арттырды.

Ресей билігі отандық ұшақ өндірісін қолға ала бастады. 2025 жылдың алғашқы 8 айында ресейлік компаниялар жоспар бойынша коммерциялық 15 ұшақ жасап шығуы керек болатын. Алайда ch-aviation ақпараты бойынша бар болғаны 1 ұшақ жасап шыққан. Ұшақтарды жасауға технология, инженерлер, қосалқы бөлшектер жетіспейді дейді мамандар.
«Ресейде көмір өндірісі, машина құрастыру, ұшақ жасау, шикізаттық өндіріс саласы біртіндеп құлдырау үстінде және бұл экономиканың өсімін азайтуда» дейді сарапшылар.
2021 жылы Ресей өзінің авиациялық паркін 52 дана жаңа коммерциялық ұшақпен толықтырды. Оның ішінде 27 дана Airbus, 3 дана Boeing және 22 дана Sukhoi Superjet ұшақтары бар еді. Одан бері Ресейдің паркі бар болғаны 13 ұшақпен толықты. Оның ішінде 12 дана Superjet пен бір Ту-214 ұшағы бар. Бұл туралы FlightRadar24 мәлімдеді. Ту-214 ұшағын Ресей премьер-министрінің орынбасары Денис Мантуров қолдануда. Бұл жайында бірнеше тәуелсіз ресейлік БАҚ ақпарат таратқан болатын.
Ресей билігі тығырықтан шығу жолдарын іздестіруде. Себебі ұшақтармен байланысты апат саны артуда. Ұшақтардың әуеде қозғалтқышының істен шығуы жиілеген. Ресей билігі 2024 жылы ұшақ өндірісіне қатысты жоспарын өзгертіп, 2024-2025 жылдары 171 ұшақ емес, 21 ұшақ жасайтынын айтты. Алайда жыл басынан бері ресейлік үкімет ұшақтарға байланысты екі мәрте жиын өткізіп, жоспарды қайта қарайтынын мәлімдеді. Ресей билігі жобаны қаржыландыру құны қымбаттағанын айтып, қаржы тапшылығын сылтау етуде.
Superjet-100, Ту-214, Ил-214, Як-21 ұшақтарын шығаруды бақылайтын «Ростех» жоспарды тиісті уақытта орындаудан қиындық көруде. «Ростех» директоры Сергей Чемезов Ресей азаматтық мақсаттағы ұшақтарды шығаратынын айтты, алайда ұшақтарды жеткізу жоспары бірнеше мәрте өзгергенін растады.
Ресей MC-21 ұшағын жасап шықты. Мәскеу ұшақты жасауда тек ресейлік бөлшектерді қолданғанын айтты. Алайда ұшақтың салмағы импорт бөлшектерді қолданған ұшаққа қарағанда әлдеқайда ауыр болды. Сәйкесінше ұшақтың ұшу қашықтығы азайып, жанармай тұтынуы артты. Ресейлік компаниялар бұл ұшақты алуға асығар емес. Себебі ұшаққа кететін шығын көлемі өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда көп болмақ.
Өткен аптада Сергей Чемезов үкімет отырысында сөз сөйлеп, 2026 жылдан бастап жаппай MC-21, SJ-100, Ил-114 ұшақтарын шығара бастайтынын айтты. Reuters басылымы Ресей билігі санкцияны айналып өтіп, бірнеше мәрте ұшақ бөлшектерін кіргізгенін жазды. Оның ішінде франциялық Safran, американдық Honeywell және ағылшындардың Rolls-Royce компанияларының бөлшектері кіргізілген. Бөлшектерді кіргізу үшін Мәскеу өзге елдерден жалған компаниялар ашып, бөлшектерді басқа елдің атынан тіркеп, шекара асырған.
Ресей билігі ұшақ тапшылығы артқан сәтте өзге елдерге өтініш айтуда. Мәскеу Орталық Азия елдерінің компанияларына ұсыныс айтып, Ресейдің ішкі рейстерін қамтамасыз етуды ұсынды. Алайда әзірге Орталық Азия компаниялары ол ұсынысқа келіскен жоқ.
Сарапшылардың сөзінше, Ресейдің азаматтық авиациясы соғыс басталған кезеңнен кейін 30 пайызға кеміген. Ұшақтардың ақауы артқан. Компаниялар ұшақ бөлшектерін іздеуге мәжбүр. «Бұл ұшақ билетін қымбаттатады» дейді мамандар.
Mezgil.kz