Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың арағайындық етуімен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян үшжақты тарихи декларацияға қол қойды. Құжатқа АҚШ, Армения және Әзербайжан қол қойып, ұзақ жылдарға созылған қақтығысты тоқтатуға, бір-бірінің аумақтық тұтастығын құрметтеуге және өзара әріптестікті дамытуға уағдаласты.
(Сурет:https://jam-news.net/)
Декларация аясында Армения өз аумағы арқылы өтетін Зангезур дәлізін АҚШ-қа 99 жылға жалға береді. Ұзындығы 44 шақырым болатын дәлізді АҚШ басқарып, бақылауда ұстайды. Мұнда америкалық жеке компаниялар теміржол, автожол, мұнай және газ құбырлары мен электр желілерін салады. Бұл жоба Әзербайжан аумағын Нахчыванмен жалғайды. Дәліз бейресми түрде «Трамптың жолы» деп аталмақ және жыл сайын АҚШ-қа миллиардтаған доллар пайда әкелуі күтіледі. Сарапшылардың айтуынша, дәліздің ашылуы Кавказдағы Қытай, Ресей және Иран ықпалын әлсіретеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімді тарихи жетістік деп бағалады. Оның пікірінше, құжат қос мемлекеттің әскери қақтығысын түбегейлі тоқтатып, дипломатиялық қатынасты орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты дамытуға жол ашады. Мемлекет басшысы мұндай мәмілеге жетуде АҚШ президентінің тиімді бітімгерлік миссиясы шешуші рөл атқарғанын атап өтті.
Бұл тарихи келісімнің бастауы Қазақстанда қаланғанын атап өткен жөн. 2024 жылғы 10 мамырда Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян алғаш рет бетпе-бет келіссөз өткізіп, бірқатар маңызды мәселені талқылаған еді. Кездесуде аумақтық тұтастықты өзара тану, шекараның делимитациясы мен демаркациясы, сондай-ақ көлік және сауда бағыттарын ашу жөнінде келісімге келу жолдары қаралды. Дәл осы диалог кейіннен Вашингтондағы тарихи декларацияға ұласқан маңызды қадам болды.
Mezgil.kz