Ресей президенті Владимир Путин Трамптың ультиматумын қабылдауға ниетті емес. Путиннің қолбасшылары Украина әскерінің қорғанысы сыр беріп, жақын арада шепті бұзып өту мүмкіндігі туатынын айтуда. Бұл туралы Reuters басылымы Кремльдегі бірнеше шенеуніктің ақпаратына сүйене отырып жазды.

Reuters басылымының жазуынша, Путин өз әскерінің майдан даласында қиындықсыз жеңіске жетіп жатқанына шын сенеді. Ол 8-тамызда Трамптың ультиматумы аяқталарын біледі және АҚШ басшысының талабын толық қабылдауға ниетті емес.
Путин Украинаның төрт облысын толық басып алу жоспарын толық іске асыруды ойластыруда. Ол Донецк, Луганск, Херсон және Запорож аймақтары әне-міне Ресейдің қолына өтеді деп санайды. Сол үшін де Ресей басшысы жазда бастаған шабуыл кампаниясын тоқтатудың мәні жоқ деген ойда.
Ресей әскері шілде айында 564 шаршы шақырым аумақты басып алған. Бұл туралы Украинаның DeepState жобасы жазды. Ресей ең ауқымды шабуылын 2024 жылдың қарашасында іске асырды. Ол сәтте Мәскеу мың шаршы шақырым аумақты басып алған болатын.
Ресей әскері Донецк бағытындағы Часов Яр қаласын басып алғанын айтты. Қала үшін шайқастар 2023 жылы басталған болатын. Украина «қаланың жартысы Ресей әскерінің, жартысы украин жасақтарының қолында» дейді. Ресей Сум облысындағы шабуылын үдетуге тырысуда. Ал Донбасста Покровск қаласын қоршауға алуға барын салып жатыр. Ресей аталған бағытта 110 мыңдық әскермен шабуылға шығуда. Кремль Украинаның Днепропетровск облысына да шабуыл жасап жатыр. Соңғы уақытта Херсон қаласына әуеден соққы жасауды үдетті.
Сарапшылар Ресейдің Покровскте үлкен шығынға ұшырағанын айтты. Ұлыбритания барлау қызметінің мәліметінше Ресей әскері шілде айында күніне орта есеппен 1072 сарбазынан айырылған. НАТО-ның сараптама бөлімі де осыған ұқсас ақпаратты айтуда. НАТО-ның мәліметінше Ресей ай сайын 30 мың сарбазын жоғалтуда.
Аталған шығындарға қарамастан Путиннің қолбасшылары Украина қорғанысы 2-3 айда құлайды деген пікірде. Ал сақа сарапшылар Ресей әскерінің алға жылжу мүмкіндігін жоққа шығармайды, дей-тұра Украина әскерінің қорғанысы құламайды деп жорамал жасауда.
Mezgil.kz