«Ресей мен Қытайды Қазақстаннан ығыстырамыз»: Мәскеуді ойбайлатқан Стафт ханым...

Шілденің басында АҚШ-тың Ақ үйі Қазақстанға төтенше және өкілетті елші етіп жіберу үшін Жули Стафттың кандидатурасын ұсынғаны туралы хабарлады. Осыдан кейін саясаттың алып дөңгелі зыр айналып қоя берді.

1754033455457908.jpg

Соңғы отыз жылдағы АҚШ-тың бір тамырының кем соғуы – ОА және түркі тілдес елдердің саяси-экономикалық кеңістігіне дендеп ене алмауы. Сарапшылардың пікірінше, мұның бір себебі – АҚШ-тың Израиль мен Араб әлеміне көбірек назар бұрып, Орталық Азиядағы жас мемлекеттермен интеграцияға басымдық бермеді. Сәйкесінше, қазақтар, өзбектер, қырғыздар һәм түркімендер АҚШ-тан алшақтау қалды.

Тағы бір айта кетерлігі: Кейінгі жылдарға дейін АҚШ билігі ОА-ны Ресей мен Қытайдың өмірлік мүддесі деп санап, аса бір ыждаһаттылықпен кірігіп кетпеді. Ауғанстанға әскер енгізген шақта Өзбекстан мен Қырғызстан біраз дүниеден үмітті болғанымен, Ресейдің аттай тулауы Американы одан артық қимылға барғызбады.

СТАФТТЫҢ СӨЗІ: АҚШ-ТА ҚАЛЫПТАСҚАН КӨЗҚАРАСТЫҢ МҰРТЫН БҰЗДЫ!

Трамптың билікке келуі – АҚШ-та қалыптасқан осы көзқарастың мұртын бұзбақшы. Мұрттың бұзылуы – Америка бізге «еліміздегі ықпалын күшейту үшін» елші ретінде жібермек болған әккі дипломат Жули Стафтты сөзінен басталды.

АҚШ билігі елшілікке үкілеп жіберген Жули Стафттың Астанаға бет түзегендегі басты да, нақты миссиясы – «қазақты Каспий құбырына тәуелділіктен құтқару» екенін ашып айты. Былайша айтқанда – «Ресейды Қазақстанға жасап жатқан ықпалынан айыру».

Мұны естіген шетелдік БАҚ: «Дипломат Стафттың көздегені – Ақорданы Мәскеу мен Бейжіңнің орбитасынан алыстатып, жаңа экономикалық және стратегиялық әріптестіктің жолын ашу», - деп жарыса жазып жатыр.

СТАФТ: ҚАЗАҚСТАН ҮШІН РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙҒА БАЛАМА БАР. ОЛ – АҚШ!

Ал Стафттың өзі болса: «АҚШ геологиялық қызметі экономика мен ұлттық қауіпсіздік үшін аса маңызды деп санайтын пайдалы қазбалардың жартысына жуығы Қазақстанда бар. Егер мені елші етіп бекітсе, менің негізгі міндеттерімнің бірі – бұл секторға америкалық инвесторлардың қатысуын қамтамасыз ету. Ресей мен Қытайдың өсіп келе жатқан ықпалын ығыстыра отырып, дәл осы америкалық инвестициялар негізгі орын алады деп үміттенемін», - деді.

АҚШ Сенатының халықаралық істер жөніндегі комитетіндегі алқа-қотан жиында сөйлеген Жули Стафт өңірдің Ресей мен  Қытайға тәуелділігін төмендетуге ықпал ету ниеті, Ресей мен Қытайдың ықпалына қарсы тұру, Қазақстанға инвестиция тарту және мұнай экспортында Мәскеуді айналып өтетін тың маршруттарды дамыту туралы айтты.

Осылайша Жули ханымның АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі лауазымына ұсынылуы осы уақытқа дейні қалыптасып келген Орталық Азиядағы ойын ережесін өзгертуі мүмкін.

Сөз түйінінде Жули Стафт Вашингтон мен Астана әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басуға дайын екенін қадап айтты. Және АҚШ үшін Қазақстан алып қос көршісіне жалтақтамайтын тұрақты, тәуелсіз әрі экономикалық тұрғыдан қуатты елге аналуы керек!

Жули ханым: «Қазақстан үшін Вашингтон қатардағы әріптес емес, аймақтағы арқасүйер тірек болып саналады. Экспорттың әртараптануы Ақордаға Мәскеу тарапынан төнетін арнадатуларға төтеп беруге мүмкіндік береді», - деді.

Редакциядан реплика: АҚШ ұсынған үміткердің сөз саптауына назар аударсақ, Вашингтон Астанаға балама жолдарды іздеуге жәрдемдеспек. Бұл Әзербайжан, Түркия, Иран және Қытай арқылы өтетін маршруттардың дамуын жеделдетіп, теміржол мен порт инфрақұрылымына инвестиция салуға түрткі болмақ.

ЗАХАРОВА ЗАПЫРАН ТӨКТІ: МӘСКЕУ НЕГЕ БҰЛҚАН-ТАЛҚАН БОЛДЫ?

Қазақстанға келмей жатып, Жули Стафттың сөздері Мәскеудің мазасын қашыра бастаған екен. Оның дәлелі РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың запыран төге сөйлегені.

Захрова: «Ресурстар үшін үлкен соғыс жүріп жатыр. АҚШ тырнағын Қазақстанға батырмақыш. Олар қазақ еліндегі сирек металдар нарығынан Қытай операторларын ығыстырып шығармақшы. Бұл көмек емес, алдағы уақытта посткеңестік елдерді өз отарына айналдырудың алғашқы қадамы. Әлемде қалыптасқан конвенцияларға, БҰҰ жарғыларына АҚШ пысқырып та қарамайтын болды. Бұл тонаушылық, оны жүзеге асыру үшін олар қолда бар мүмкіндіктерінің бәрін кәдеге жаратады», - деп бір тулап алды.

Түйін: Елші болған жағдайда Стафт энергетикаға, жаңа технология мен инфрақұрылымға инвестиция тарту, қорғаныс саласындағы әріптестікті кеңейту, сондай-ақ экспорт бағыттарын әртараптандыруға қолдау көрсету жайлы айтты. Стафт біздегі уран, литий секілді сирек кездесетін маңызды минералдарға ерекше екпін беріп отыр. Америка бұл сегментте Ресей мен Қытайдың рөлін төмендетіп, Қазақстанды өз жеткізу тізбегіне қосуға мүдделі.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар