Иранда ең үлкен көл құрғап қалды: Тегеран су мәселесін қалай шешпек?

Иран билігі құрғақшылықпен күресуде. Елдегі су қоймалары мен өзендердің 80 пайызы құрғап қалды. Бұл туралы Иранның ақпарат көздері жазуда.  


524908426_3220666461431142_627065036285681589_n.jpg

(2020 және 2023 жылғы Урмия көлінің ғарыштық түсірілімдері)

 

Өткен аптада Иранның энергетика министрлігі Ауғанстан, Түркіменстанмен келіссөз өткізіп, су алу жағын талқылады. Тегеранның айтуынша жағдай өте күрделі болып тұр.

 

Иранда үлкен 55 су қоймасы бар. Бұл қоймалардың маңында Иранға қажетті энергияның 15-20 пайызын өндіретін гидростанциялар орналасқан. Алайда су аз болғандықтан энергияны өндіру де азаюда. Осылайша су тапшылығынан бөлек, Иран халқына электр энергиясы да жетіспеуде.

 

Үкімет су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын қарастыруда. Соның ішінде жұмыс уақытын қысқарту, университет пен мектептерді уақытша жабу және басқа шаралар қарастырылып жатыр.

 

Тегеран және өзге 50 қалада суды шектеп беру басталды. Ирандықтар Каспий жағалауына қарай кетуде, өйткені ол аймақтарда әзірге су бар. Ел президенті Пезешкиан су тапшылығын мойындады. Ол астананы ауыстыруды да ұсынып отыр.

 

«Тегеранда су жоқ. Су енді астана халқына жетпейді», - дейді ол. Пезешкиан астананы ауыстыруға немесе астанаға халықтың көшіп келуіне тыйым салуға шақыруда.

 

Иран қалаларының халқы жерасты суларын ішеді. Алайда соңғы жылдары жерасты су қоры төмен түсіп, азаюда. Оның себебі көп. Қалаға халық жаппай ағылып, урбанизация жүріп жатыр. Халық жүйесіз негізде құдықтарды қазуда. Халық саны күрт өсуде. Бұл суды мөлшерден тыс қолдануға себепкер болуда.

 

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы да су тапшылығын үдетуде. Елдегі экономикалық жағдайдың қиын болуына байланысты арықтар мен су арналарын жаңартуға қаржы аз бөлінеді. Ауыл шаруашылығы әлі дәстүрлі жүйемен суарылып, судың тең жартысы топыраққа сіңіп кетуде.

 

Климаттың өзгеруі де судың тапшылығын күшейтті. Таяу Шығыстағы ең үлкен көл Иранда орналасқан. Ол Урмия көлі. Қазір Урмия көлі Аралдың тағдырын бастан кешіруде. Жойылудың алдында тұр. Көлдің тартылуына бір жағынан адамның әрекеті себепкер болуда.

 

Тегеран ондаған жылдар бойы Урмия көлін сақтап қалуға тырысуда. Ел бюджетінен көлді сақтауға арналған шараларға 10 жылда 9 млрд доллар қаржы бөлінген. Алайда көлдің тартылуы жалғасуда. Көл өзен суларымен толығады. Өзен сулары қардың қалың түсуіне және мұздықтарға тәуелді. Соңғы жылдары Ирандағы өзендер де құрғап қалуда. Сарапшылар өзендердің құрғауын жаһандық жылынумен түсіндіруде. Ал 2025 жылы Урмия көлінің тартылуы 2024 жылмен салыстырғанда 1,3 есе жылдам жүруде дейді мамандар. Көл соңғы 20 жылда бастапқы көлемінің 82 пайызын жоғалтқан.  

 

Сарапшылар Тегеранның су тапшылығын толық реттей алмайтынын айтуда. Судың аз болуы Иранның ауыл шаруашылығына соққы жасап, шаруалардың жұмыссыз қалуына себепкер болуы мүмкін.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар