Еуропа Ресеймен соғысуға дайындалуда: Танктер жүретін жол салып, көпірлерді кеңейтеміз!

The Financial Times басылымы Еуропаның автомобиль және теміржол инфрақұрылымы Ресеймен соғысқа дайын еместігін жазды. Бұл туралы ЕО-ның көлік комиссары дабыл қағып, дереу арада инфрақұрылымдарды модернизациялауға шақыруда.


5206307997448534074.jpg

 

«Еуропадағы автожолдар, көпірлер мен теміржол желілері Ресеймен соғыс басталған жағдайда танктерді, әскерді және әскери жүктерді құрлық арқылы тез тасымалдауға жарамсыз» дейді Еуропалық Одақтың көлік жөніндегі комиссары.

 

Ресей әскері Еуропаның Шығыс шебіне басып кірсе, НАТО танктерді шығыс шепке жеткізуі тиіс. Алайда қазіргі жолдар мен көпірлер әскери техниканы жылдам жеткізуге мүмкіндік бермейді. Себебі көпірлердің жүк көтеру мүмкіндігі аз, ал туннельдер тым тар. Сол үшін үлкен модернизация қажет болмақ.

 

Financial Times-ке сұхбат берген Еуропалық Одақтың көлік жөніндегі комиссары Апостолос Цицикостас ЕО-ның жолдарын модернизациялап, әскери техника жүруге жарамды ету үшін 17 млрд еуро қаржы бөлетінін айтуда.

 

«Бізде модернизациялауға тиіс көпірлер көп. Одан бөлек туннельдердің кейбірін кеңейту қажет. Сондай-ақ, бірқатар өткелдерде жаңа көпірлер салуға тиіспіз», - дейді Цицикостас.

 

Комиссардың айтуынша, Еуропа әскері жылдам техника жеткізіп, әскер аттандыратын логистикаға ие болуы міндетті. Бұл Еуропаның қауіпсіздігіне тікелей байланысты мәселе. Оның сөзінше, қазіргі инфрақұрылыммен батыс Еуропадан шығыс Еуропаға әскери техниканы жеткізу бірнеше аптаны алуы мүмкін. Себебі порттарға тоқтап, теміржолдарға тиеп, стандартқа сай емес кей көпірлер мен жолдарды айналып өту ұзақ уақытты алады.

 

Қазіргі уақытта Еуропа жолдары ауыр әскери техниканы жаппай тасымалдауға жарамайды. ЕО стандартына сәйкес, жүк көліктері 40 тоннаға дейінгі салмақпен жүреді. Ал әскери техникалардың, соның ішінде ауыр танктердің салмағы әдетте 70 тоннаны құрайды. Cол үшін жолдардың кей бөлігіне танктер жүретін жол да салынуы мүмкін. 

 

ЕО елдері бұл олқылықты түзеу үшін, 500 инфрақұрылымдық жобаны бастамақ. Батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік Еуропаны жалғайтын төрт әскери дәліз құрылады және ол әскери техникаларды жылдам тасуға мүмкіндік беретін болады.

 

НАТО басшылары ЕО жолдарын модернизациялау стратегиясын қабылдады. Алайда әскери құпия ретінде толық ақпаратты жариялаған жоқ. Сарапшылар Еуропа елдерінің Ресеймен ықтимал қақтығысқа жаппай дайындалып жатқанын айтуда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар