Кеңестен қалған қару таусылуда: Мәскеу қайтпек?

The Financial Times басылымы Ресейдің Солтүстік Кореяға, Қытайға тәуелділігі артқанын айтуда. Бұл Ресейдегі кеңестік қару қорының сарқылуымен тікелей байланысты болып отыр.


Россия в войне против Украины использует снаряды 40-летней давности | РБК  Украина

 

КСРО ыдыраған сәтте Ресей қоймаларында мыңдаған бронды техника мен миллиондаған атыс қаруы қалды. Ресей 2022 жылдан бастап ескі кеңестік қаруды модернизациялап, майдан даласында қолданып келеді. KSE ұйымының зерттеуінше 2022 жылы Ресей әскери қоймадан 242 мың тонна қару алса, 2025 жылы ол көрсеткіш 119 мың тоннаға түсуі мүмкін. Бұл қару қорының азаюымен түсіндіріледі.

 

Cарапшы Павел Шкуренконың сөзінше Ресейдің жөндеуге жіберетін техникасы азаюда. Бұл да техника қорының сарқыла бастауымен түсіндіріледі. Ресей 2022 жылдан бастап соғыс даласында Т-72 және Т-80 танктерін жаппай қолдануда. Ескі танктерді модернизациялап, ұрысқа аттандырып жатыр. Тіпті майдан даласында Т-54 танктері де бой көрсетті.

 

Аустриялық сарапшы Франц-Стефан Гадидің ойынша Ресей бронды техниканы қолдануды азайтып, жеңіл бронды көліктерді қолдануды арттырған. Сонымен қатар мотоцикл арқылы шабуылдауды көбейткен.

 

KSE ақпаратынша Ресей Азия елдерінен қару алуда тәуелділікке тап болуда. Ресейдің әскери өндірістері Қытайдан келетін әскери құралдарға тәуелді болса, снаряд және зымыран алу бойынша Солтүстік Кореяға тәуелділігі арту үстінде.

 

2024 жылы Ресей Солтүстік Кореяның порттарынан 250 мың тонна жарылғыш зат тасымалдаған. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш нөлге тең еді. Украинаның барлау қызметі Ресейдің әскері қолданатын оқ-дәрінің 40 пайызы Солтүстік Кореядан келгенін айтса, Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньянның Мәскеуге 28 мың контейнер қару жібергенін айтуда. Бұл 10-12 млн дана снаряд деген сөз. Осылайша Ресей Солтүстік Кореядан қару алу арқылы соғысты жалғастыруға мүмкіндік алуда.

 

Сарапшы Франц-Стефан Гади былай дейді: «Ресей Солтүстік Кореядан снаряд алу арқылы соғысты жалғастырып жатыр. Ал өз снарядтарын қоймаға сақтап, НАТО-мен қақтығысқа дайындалып жатуы мүмкін».

 

KSE сарапшылары Каспий теңізі арқылы Ресейге 13 мың тонна жарылғыш заттың жеткізілгенін айтты. Бұл Ираннан келген снаряд, зымыран бөлшектері болуы мүмкін дейді мамандар.

 

Сарапшылар Қытайдың Ресейге тікелей қару жеткізбегенін айтуда. Алайда Бейжің әскери өндіріске қажетті құралдарды, дрон бөлшектерін жеткізіп, Ресейдің газы мен мұнайын сатып алу арқылы бюджетін толықтыруда. 2022 жылдан бері Қытай Ресейге 3 млн тонна әскери өндіріске қажетті құрал-жабдық, бөлшектер кіргізген.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар