«Маған Нобельді ешқашан бермейді»: Трамп Нобель сыйлығына лайық па?

Қазіргі заман тарихына көз жүгіртсек, билік тізгінін ұстаған тұлғалар арасында «Нобельдің» бейбітшілік сыйлығын алған екі президент бар екеніне көз жеткіземіз. Олар: Ресей – Горбачев, АҚШ – Обама.

1753692619707480.jpg

(Сурет: oxu.az)

Бірінің – ісіне, екіншісінің – түсіне қарап «Нобель» берілді дейді кейбір жатыпатарлар. Енді солардың қатарын Трамп толықтырмақшы. Толықтырады деуімізге себеп те жоқ емес.

Биыл Обамадан кейін осы сыйлықты «бейбітшілік саласы» бойынша алуға Трамптың мол мүмкіндігі бар. Әлемдегі ең ірі державаның тізгінін ұстап отырған соң, жыл басынан бері 4 жанжалды тоқтатуға үлес қосты. Санамалап айтып шықсақ:

- Үндістан мен Пәкістан арасындағы мамыр айындағы әскери жанжалды реттеуге араласты;

- Израиль мен Иран арасындағы маусым айындағы 12 күндік әскери қақтығысты тоқтатуға әскери-саяси күш қолданды;

- Руанда мен Конго арасындағы бірнеше айға жалғасқан соғысты доғаруға арағайындық жасады;

- Тайланд пен Камбоджа арасындағы 4 күндік әскери жанжалды реттеуге тырысуда.

Дәстүрі де, ділі де, діні де тонның ішкі бауындай соңғы екі елдің басшылары жуырда Малайзияда жолығып, келіссөз үстеліне отырмақшы.

Француз колонизаторлары 1863 жылдан 1953 жылға дейін Камбоджаны басып алған кезде белгілеген, Таиландпен екіарада белгілеп берген ұзындығы 817 км құрлық шекарасы бар. 1907 жылдың түпкілікті картасы Таиланд пен Камбоджа арасындағы су бөлігінің табиғи сызығынан өту туралы келісімге негізделді. Бірақ кейінірек Таиланд жағы аталған картаға Камбоджа аумағындағы Дангрек тауларында XI ғасырдағы Преа Вихеар храмын орналастырғаны үшін қарсылық білдірді. Тап осы даудың уақытша шешімін табуы Трамптың араласуымен тындым болмақ.

Республикашыл конгрессмен Бадди Картер Норвегиядағы «Нобель» комитетінің басшысы Йорген Ватне Фриднеге жолдаған хатында: «Трамп «Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығысты» тоқтатуда және «әлемдегі ең ірі терроризм демеушісі - мемлекеттің ғаламшардағы ең қатерлі қаруды алуын болдырмауда» ерекше және тарихи рөл атқарды», - деп жазды.

«Соңғы апталарда әлем қауіпті және аймақты тұрақсыздандыратын соғыстың шегінде тұр. Алайда, бұл дағдарыс алдында президент Трамп бейбітшілікті күшпен қорғап, әскери іс-қимылдарды тоқтатқан жауынгерлік режимге жәрдемдесу үшін батылдық көрсетті», - делінген салмағы басым хатта.

Президент орынтағына қалай қожиды, солай: «Америкаға өз ұлығын қайтарып беремін», - деп жаһанға жар салып, әуелі Гренландияға, одан кейін Канадаға көз алартқан Трамптың асығы алшысынан түсіп, «Нобель» сыйлығынан үміткерлердің қатарынан аты аталып, жөні түстеле бастады.

Дәл қазір бейбітшілік үшін берілетін 2025 жылғы сыйлықтан үміткер 338-дің ұзын-сонар тізімі жарияланды. Міне, осы 338-дің қатарынан табылып отырған Трамптың жолы бол ма, жоқ па, уақыт көрсете жатар.

Бірнеше күн бұрын Пәкістан үкіметі Үндістанмен қақтығысты шешуге делдал болғаны үшін Трамптың кандидатурасын «Нобель» сыйлығына ұсынған болатын. Трамптың өз басы мұндай марапатқа лайық екенін айта келе, бірақ маған «Нобель» сыйлығы «ешқашан берілмейді» деп шорт кескескенін де жақсы білеміз.

Трамптың бір бір нәрсені – айтып, екінші – нәрсені ойлап, үшінші нәрсені – істейтін әрекетіне көзімізде, ойымыз да үйреніп кетті. Сондықтан, «Трамптың бағы шаба ма, бабы шаба ма», сырттай бақылайтын боламыз...

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар