Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Мәскеу өзге мемлекеттерге тәуелді бола бастады. Қытайдың қаржысына, Иранның дронына, КХДР-дің снарядына мұқтаж болды. Бұл жайт Ресейді аталған мемлекеттермен экономикалық байланыстарды арттырып, түрлі келісімдер жасасуға итермеледі.

2024 жылы Ресей мен Солтүстік Корея әріптестікті жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық құжатқа қол қойды. Құжат бойынша тараптар бір-біріне әскери тұрғыдан көмектесіп, экономикалық тұрғыдан байланысты арттыруы тиіс болатын. Қазір Мәскеу мен Пхеньян арасында түрлі жобалар басталды.
Солтүстік Корея Ресейге алма, шұжық, сыра жеткізуді еселеп арттырды. Аталмыш өнімдер Ресейдің супермаркеттерінде сатылуда. Ресей алма өнімдерін Түркия, Әзербайжан, Молдова, Польша және Қытайдан алады. Енді бұл елдердің қатарына Солтүстік Корея қосылуда. Пхеньян алма бақтарын жыл сайын арттыруда және басты нарық ретінде Ресейді таңдады. Ресейлік мамандар көктемде ауа райының суық болуына байланысты жеміс ағаштарының өнімділігі төмен болғанын айтуда. Салдарынан дүкендердегі жемістің бағасы қымбаттауда. Ресей бағаны түсіру үшін Солтүстік Кореядан жеміс кіргізуде. Басым бөлігі алма және алмұрт.
The Financial Times басылымы Ресей мен Солтүстік Корея логистикалық тораптарды дамыту үшін түрлі жобаларды іске асырып жатқанын айтты. Соның бірі Туманган өзені арқылы екі елді байланыстыратын көпір болмақ. Жоба құны 100 млн долларды құрайды. Сонымен қатар Мәскеу мен Пхеньян арасын жалғайтын 10 мың шақырымдық теміржол желісіне де жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Екі елдің арасында мәдени байланыс та артуда. Соңғы жылдары Солтүстік Кореяның студенттері мен ЖОО-ларының ректорлары Ресейге келуде. Олар Владивостоктағы ресейлік университеттермен тәжірибе алмасуда.
Әскери салада Ресей Солтүстік Кореядан снаряд қана алып қоймай, әскер де сұрап отыр. Курск облысының Суджа аймағы үшін болған шайқасқа Солтүстік Кореядан 13 мың сарбаз қатысты. Yonhap агенттігінің хабарлауынша олардың тең жартысы майдан даласында қаза тапты. Батыстық барлау қызметтері КХДР-дың Ресейге 10-12 млн дана снаряд бергенін айтуда.
Ресей билігі Солтүстік Кореяның әскери құрылысшы отрядтарын Ресей аумағындағы құрылыс жұмыстарына жұмылдыруға ниетті. Қазіргі сәтте Мәскеу мен Пхеньян бұл сұрақ бойынша келіссөз өткізуде. Ресей Бастапқыда Солтүстік Кореядан 6000 әскери құрылысшы келеді деп жоспарлауда. Олар Курск және Белгород аймағында соғыстан қираған нысандарды қалпына келтірмек. Тәжірибе сәтті болса, Ресей КХДР-дан ондаған мың әскери құрылысшы алдыртуы ықтимал.
Қарымтасына Пхеньян Ресейден қаржы, әскери технология, жаңа техника, азық-түлік, ғарыштық технология, ресурстар алуда. Солтүстік Корея Ресейдің Қиыр Шығыс аймағына еңбек мигранттарын жіберу арқылы да пайда табуда.
Mezgil.kz