АҚШ пен Еуропа елдері авторитарлық елдерге және агрессор мемлекеттерге қарсы қолданатын санкциялар мыңдаған адамның өмірін жалмауда. Бұл туралы The Lancet Global Health журналында ауқымды зерттеу мақаласы жарияланды. Зерттеушілердің болжамынша жыл сайын орта есеппен санкцияның салдарынан 560 мың адам ажал құшады. Олардың арасында басым бөлігі балалар саналады.

Мақала авторлары Франсиско Родригес, Сильвио Рендон мен Марк Вайсброт: «Біз зерттеу жасадық. Зерттеу жұмысы Вудро Вильсонның санкциялар туралы айтқанын іс жүзінде растады. Ол санкциялардың соғыстан да қорқынышты, зардабы орасан екенін айтып еді», - дейді.
Зерттеу жұмысында сарапшылар 1971-2021 жылдар аралығындағы 152 мемлекетті қарастырған. Зерттеушілер аталған елдерге салынған санкцияларды және өлім деңгейін зерттеген. Зерттеу нәтижесінде экономикалық санкциялардың өлім санын арттыратыны дәлелденді.
Сарапшылар санкция түрлерін бөліп қарастырды. Жаппай санкция, экономикалық санкция (қаржы және сауда саласына салынатын шектеу), біржақты санкция (халықаралық ұйымдардың мандатынсыз салынатын санкциялар).
Мақала авторлары санкциялар ең алдымен денсаулық сақтау саласына соққы жасайтынын айтуда. Шектеулер салдарынан дәрі-дәрмек жеткізу қиындайды, гуманитарлық көмек көрсететін кей ұйымдардың жұмысына тыйым салынады, әлеуметтік жағдайдың нашарлауына байланысты халықтың тиісті тағам алуы, дәрумен қабылдауы күрт нашарлайтын болады. Салдарынан балалар арасындағы өлім саны артады.
Алайда бұл зерттеумен келіспейтін сарапшылар да бар. Мысалы санкциялар тарихын зерттейтін Джереми Панер былай дейді: «Диктаторлар өлім-жітімнің артуын санкциядан көріп, бар кінәні АҚШ пен Брюссельге үйіп-төгеді. Алайда шын кінәлі өздері. Олар адам құқығын таптауды жалғастыра отырып, өзгені айыпты еткісі келеді. Ал санкцияның мақсаты керісінше бұзылған құқықты экономикалық қысыммен қалпына келтіруге талпыну ғой».
Global Sanctions Database мәліметі бойынша, әлемде санкциялық саясат жыл өткен сайын күшейіп келеді. Мысалы өткен ғасырдың 60-шы жылдары әлем елдерінің 8%-ына санкция салынса, 2010-2022 жылдары әлем елдерінің 25%-ына БҰҰ, АҚШ және ЕО түрлі шектеулер қойып, санкциялар салған.
Ресейлік тәуелсіз зерттеушілер де санкция салдарынан өлім санын артқанын айтуда. Ресей аумағында соңғы жылдары обыр ауруынан емдейтін дәрі түрлері еселеп азайып, кіргізілмейтін болған.
Mezgil.kz