Бүгін әлем назары Вашингтонда. Анығы – әлемнің белді басылымдары мен саясаткерлері Трамптың мәлімтемесін күтуде.
Осыған дейін: «Путин мен, Ресейден көңілім қалды. Дүйсенбі маңызды мәлімдеме жасаймын», - деген АҚШ президенті Трамптың не айтарын аңдып-бағып отыр.
Әйдік «Axios» басылымы: «Трамп бүгін Украинаға қару-жарақ жеткізудің жаңа жоспарын жариялайды. Соның ішінде Украинаға Ресейдегі нысандарды соққылайтын шабуыл қарулары да берілуі мүмкін», – деп жазады.
АҚШ-тың президент Трамп бастаған лауазымды тұлғалары осыған дейін: «Украинаға тек қорғанысқа арналған қарулар береміз», - деп келген еді. Шабуылдауға арналған қарулар беру туралы шешім – Трамп тарабынан жасалған батыл қадам болмақ.
Америкалық, украиналық және еуропалық сарапшылар: «АҚШ Украинаға Ресейдің ішкі аймақтарына соққы жасайтын, шабуылдауға арналған қарулар берсе, бұл қарулар соғыстың траекториясын өзгертеді және Владимир Путиннің атысты тоқтату туралы өз есептеріне әсер етеді», - дейді.
«Axios» басылымы: «АҚШ Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын, соның ішінде Мәскеуге дейін жететін зымырандар беруі мүмкін», - деп топшылайды.
Оңтүстік Каролинадан сайланған сенатор Линдси Грем (республикашы): «Трамп Путинге өте ашулы. Трамптың мәлімдемесі өте-мөте агрессивті болады», - дейді.
Президент Трамп пен НАТО Бас хатшысы Рюттенің кездесуінде жарияланатын жаңа жоспар бойынша, енді АҚШ-та жасалған, Украинаға берілетін қарулардың ақысын ЕО елдері төлейді. Бұл жоспар осыған дейін Украина президенті Зеленскийге де таныстырылған.
Америкалық БАҚ дереккөздері: «Гаагада, маусымның соңында өткен президент Трамп пен президент Зеленскийдің кездесуі нәтижелі болды», - дейді.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы апталардағы Путиннің атысты тоқтатуға келіспегені һәм Украина қалаларын аяусыз шабуылдауы Трамптың ашуын тудырған. Ал 3 шілдедегі Трамп пен Путиннің телефон арқылы сөйлесуі Трамптың түпкілікті шешім қабылдауына ықпал еткен. Бұл әңгімелесу барысында Путин соғысты жалғастыруға ниетті екенін анық аңғартқан.
Путин алдағы 60 күннің ішінде Ресей Украинаның жартылай оккупацияланған облыстарының әкімшілік шекарасына дейінгі аумақтарды толық басып алу үшін барын салатынын ашық айтқан.
Ал жексенбі күні кешке президент Трамп Еуропа елдері арқылы Украинаға «Patriot» әуе қорғаныс жүйелерін беретінін мәлімдеген.
Mezgil.kz