«Путин Ресей армиясын нағыз қанқасапқа салды». «The Economist» басылымы дәл осындай тақырыппен материал жариялап, Ресейдің соғыстағы адам шығындарын есептеп жазыпты.
(Суреттер: bbc.com, dialog.ua, The Economist)
«The Economist-тің» есептеуінше – 2025 жылдың мамыры мен шілдесі аралығында Ресей әскері қызыл қырғынға ұшыраған. 1 мамырдан 9 шілдеге дейінгі аралықта Ресей майдан шебінде 31 мыңға адамынан айырылған. Бұл 31 мың – қаза тапқандар саны. Бұл осы соғыс басталған алғашқы күннен бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
Ал жалпы соғыс басталған сәттен бастап күні-бүгінге дейін Ресей 900 мыңнан 1,3 млн-ға жуық сарбазын жоғалтқан. Оның 350 мыңы – қаза тапқандар. Қалғандары – қолға қару алуға жарамсыз деп танылғандар мен із-түссіз жоғалғандар.
«The Economist»: «Ресей осындай рекордтық көлемдегі адам шығынымен алға жылжығаны 15 шақырым жер ғана. Сонда Ресейдің әскери билігі әрбір 0,038 шаршы км-ге 1 сарбаздың өмірін құрбан етуде. Мұндай қарқынмен Ресей 2029 жылға дейін қазір басыл алған облыстардың да шекарасына жете алмайды. Ал тұтас Украинаны жаулап алуы үшін Ресейге 89 жыл қажет болады», - деп жазады.
(Сурет: bbc.com)
ПОКРОВСКІ ҚЫЗЫЛ ҚАНҒА БОЯЛМАҚ...
Ресей армиясының негізгі күштері жазғы шабуылдың негізгі бағыты ретінде Покровскі бағытын көздеп отыр. Бұл туралы Украина ҚК мәлімдеді. Қазір майданда 2 негізгі бағыт бар. Олар:
Бірі - Покровскі бағыты. Басқыншы әскер әсіресе Константиновкаға апаратын жолдың шығыс бөлігіне өте-мөте белсенді.
Екіншісі - Новопавловскі. Бұл бағытта ресейлік әскерлер Донецк және Днепропетровск облыстарының әкімшілік шекарасы бойында барынша қысым көрсетіп отыр.
Осы екі учаскеде де ең ірі жауынгерлік белсенділік тіркеліп отыр. Қазір ең ауыр ұрыстар осы жақта жүріп жатыр.
Ал Ресей БАҚ-тарының: «Ресей әскері Днепропетровск аумағына кірді», - дегендері қып-қызыл өтірік. Анығы - назарды басқа жаққа бұру үшін жасалып жатқан тәсіл. Украина әскері әзірге өз позицияларын ұстап, жауды тежеп тұр.
Покровскінің қос тарап үшін де, әсіресе Украина үшін маңызды стратегиялық нүкте екенін осыған дейін тәптіштеп жаздық. Ресей әскері осыған дейін бұл қаланы басып алу үшін Торецк пен Часовой Яр жақтан шабуылдап көрген. Бірақ, танаулары тасқа соғылған.
Украина ҚК ақпараты бойынша, қазір Покровскі бағытына ресейліктер 100 мыңнан астам әскерді шоғырландырған. Покровск бағыты Ресей әскерінің жазғы шабуылының негізгі бағыты болмақ.
Mezgil.kz