Владимир Путин соғысты тоқтатуға ниетті емес. Себебі Ресей басшысы АҚШ пен Еуропаның Украинаға көмегі азайған сәтте, майдан шебін бұзып өтеріне сенімді. Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскен сәттен кейін Украина мен Ресей арасындағы соғыста келіссөз ұсынса да, Мәскеуді соғысты аяқтауға итермелейтін қысым рычагтарын қолданған жоқ. Ресейге ауқымды санкциялар салынбады, Украинаға жаңа әскери көмек пакетін жариялаған жоқ. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды.
Путин Украинаның қорғаныс шебі бірнеше айда құлайды деп санайды. Бұл туралы The New York Times-қа Кремльге жақын бірнеше шенеунік айтты. Ресей президенті шабуылды үдеткен сәтте ұрыс қимылдарын тоқтатуды мүлде ойламайды. Мәскеу Украина тарапы жақын аралықта үлкен шегіністер жасайды деген ойда.
NYT басылымының жазуынша Путин Трамппен келіссөз жүргізуді жағымды фактор санаса да, Украинадағы көздеген мақсатына жетуден бас тартпайды. АҚШ президенті нәтижесіз келіссөздерден кейін Ресейге санкция салуды ойластыруда. Кремль санкциялардың зиянды екенін білсе де, Батыс түптің түбінде санкциялық саясаттан бас тартады деп болжауда.
АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы күндері Ресей басшысына қатысты қатаң мәлімдемелер жасады. «Путин соғысты аяқтауды ойламайды» дейді Трамп. Трамп Ресейге қарсы қатаң санкциялар салу идеясын да жоққа шығармады. Сенатор Линдси Грэм Ресейдің мұнайы мен газын сатып алатын елдерге қарсы 500 пайыздық тариф енгізу идеясын ұсынуда. Аталған құжатты АҚШ президенті қолдауға әзір. Алайда «санкцияны енгізу және тоқтату құзіреті Трамптың өзінде болуы тиіс» деп санайды.
Халықаралық саясат бойынша сарапшы Штефан Майстердің ойынша Путин тоқтауды мүлде ойламайды. Себебі қарсы тарап, АҚШ пен Еуропа Украинаны қолдауды да күшейткен жоқ, Ресейді қыспаққа алуды да арттырмады.
Үш ай бұрын Ресей әскері Курск облысынан украин жасақтарын кері шегіндіріп, Сум облысына шабуылды бастады. Қазіргі таңда Донбасс бағытында Ресей әскері Константиновканы үш бағытта қоршауға алуда, ал Покровск бағытында қиян-кескі шайқастар өткізуде. Ресей Покровск қаласын алатын болса, Дружовка, Краматорск, Славянск қалашықтарын шабуылдауға мүмкіндік алады.
Ресейдің кей жасақтары Днепропетровск облысына кіріп, екі ауылға бекінді. Сарапшылар Мәскеудің дрондар соғысында да алға шыққанын айтуда. Ресей бір мезетте Украина аумағына 400-500 дрон жіберуге қабілетті. Аталған көрсеткіш күзде 800-1000 дронға жетуі ықтимал.
Mezgil.kz