Трамптың Тоқаевқа хаты: АҚШ Қазақстанға қандай шарттар қойып отыр?

7 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады. Ол хатында осы жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын барлық тауарға 25 пайыздық кедендік тариф енгізілетінін ескерткен.

1751957151913327.jpg

(Суреттер: Ақорда және Truth желісі)

Егер бұл тауарлар АҚШ-қа үшінші елдер арқылы жеткізілсе, онда тариф бұдан да жоғары болатынын айтқан. Алайда егер қазақстандық компаниялар өз өнімдерін АҚШ аумағында өндірсе, бұл тариф қолданылмайды дегенді де хатында айтқан.

Сонымен қатар, Трамп Қазақстан АҚШ тауарларына жауап ретінде баж салығын көтерсе, онда ол тарифке қосымша үстеме енгізетінін де ескерткен.

Дәл осындай хаттарды Трамп Малайзия, Вьетнам және Оңтүстік Африка елдерінің басшыларына да жолдаған. Аталған хатты Трамп өзіне тиесілі «Truth» атты әлеуметтік желісінде ашық түрде жариялаған.

1751956971251136.jpg1751956986510772.jpg

ТРАМПТЫҢ ТОҚАЕВҚА ХАТЫ

Сонымен, президент Тоқаевтың атына жолданған хаттың толық мәтіні мынадай:

АҚ ҮЙ

ВАШИНГТОН

2025 жылғы 7 шілде

Жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Республикасының Президенті

Астана

Құрметті Президент мырза!

Бұл хатты жолдау мен үшін үлкен құрмет, өйткені ол біздің сауда қарым-қатынасымыздың беріктігін және Америка Құрама Штаттарының Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға келісім бергенін растайды, дегенмен сіздің еліңізбен АҚШ арасында айтарлықтай сауда тапшылығы бар. Біз өзара алға жылжуды көздейміз, бірақ бұл тек теңгерімді әрі әділетті сауда жағдайында ғана жүзеге асады.

Сондықтан біз сізді Америка Құрама Штаттарының экономикасына – әлемдегі ең ірі нарыққа қатысуға шақырамыз. Біз Қазақстанмен сауда қарым-қатынасы жөнінде бірнеше жыл бойы пікір алыстық, енді Қазақстанның тарифтік және тарифтік емес саясаты мен сауда тосқауылдарынан туындаған ұзақ мерзімді және тұрақты сауда тапшылығынан арылуға тиіспіз деп есептейміз. Біздің қарым-қатынасымыз, өкінішке қарай, өзара тепе-теңдіктен алшақ болып отыр.

2025 жылғы 1 тамыздан бастап, біз АҚШ аумағына енгізілетін барлық қазақстандық өнімдерге – секторлық тарифтерден бөлек – 25% көлемінде тариф енгіземіз. Үшінші ел арқылы қайта жөнелтілетін тауарлар одан да жоғары тарифке ұшырайды. Назар аударыңыз: бұл 25% – Қазақстанмен сауда тапшылығын жоюға қажетті деңгейден әлдеқайда төмен.

Өзіңіз білетіндей, егер Қазақстан немесе қазақстандық компаниялар АҚШ аумағында өнім өндіруді немесе өңдеуді таңдаса, тариф мүлде алынбайды. Бұл ретте біз барлық рұқсаттарды жылдам, кәсіби әрі жүйелі түрде беруге бар күшімізді саламыз – басқаша айтқанда, бірнеше апта ішінде ғана шешілмек.

Егер қандай да бір себеппен сіз АҚШ тауарларына тарифті көтеру туралы шешім қабылдасаңыз, онда сіз енгізетін кез келген қосымша тариф біз белгілеген 25%-ға үстемеленіп қосылады. Бұл тарифтердің мақсаты – Қазақстанның көп жылдан бергі тарифтік және тарифтік емес саясаты мен сауда тосқауылдарына байланысты АҚШ-қа қарсы туындаған тұрақсыз сауда тапшылығын түзету. Бұл тапшылық – біздің экономикамызға және ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді.

Егер Қазақстан тарапынан тарифтік және тарифтік емес саясатқа, сауда тосқауылдарына қатысты түзетулер енгізілсе, біз бұл хатта көрсетілген тарифтерді қайта қарастыруымыз мүмкін. Бұл тарифтер Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымызға байланысты әртүрлі деңгейде өзгертілуі ықтимал. Америка Құрама Штаттары әрқашан сіздерді өкінішке қалдырмайды.

Осы мәселеге назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын!

Ізгі тілектермен,

Құрметпен,

Дональд Дж. Трамп

Америка Құрама Штаттарының Президенті

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар