Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы шабуылын үдетуге мүдделі және 2026 жылға дейін соғысты тоқтатуды ойламайды. Дәл осындай болжамды Der Standard журналы жасады. Журнал соғыс және халықаралық қатынас саласындағы сақа сарапшылар Эмили Феррис пен Марк Галеоттидің пікірін білген.
Ұлыбританияның саяси аналитикалық орталығының Royal United Services Institute (RUSI) сарапшысы Эмили Ферристің ойынша Путин о бастағы саяси және әскери жоспарына әлі қол жеткізген жоқ. Қазіргі сәтте Ресей Украина аумағының бестен бір бөлігін бақылауында ұстауда және аталған көрсеткіш соңғы үш жылда айтарлықтай өзгерген жоқ. Ресей әскері ақырын алға жылжып, аптасына бірнеше елді-мекенді оккупациялауда. Алайда бұл үлкен жеңіс емес және бұл стратегия Ресейдің де әскери, экономикалық қорын сарқылту үстінде.
«Ресейдің мақсаты бірнеше ауылды басып алу емес. Путин Украина мен Беларусьты қосып алуды ойлайды. Егер Путин бұл мақсатынан бас тартса, өзін қолдап тұрған үлкен саяси тіректі өзі шайқалтпақ. Алайда Ресей әзірге бұл мақсатына қол жеткізе алмайтын сияқты. Өйткені Украинаны тұтас қосып алу Ресей үшін оңайға соқпайды», - дейді ол.
Сарапшы Марк Галеотти де бұл пікірді қолдайды. Оның ойынша Путиннің әскерін Украина қазіргі таңда өз аумағынан қуып шыға алмайды. Путин бірбеткей және әскери шығынына қарамастан соғысты жалғастыруға дайын дейді сарапшылар.
«Путин бірбеткей. Ол тіпті Курск облысының бір бөлігін жоғалтқан сәтте де келіссөзден бас тартты. Егер Украина Қырымға апаратын құрлық жолын жауып тастаудың мүмкіндігіне қол жеткізсе, Путин бәлкім келіссөзді ойластырар ма еді. Бірақ Украинаның қазіргі сәтте әскери күші аз және қуатты соққы жасауы екіталай», - дейді Галеотти.
АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институтының соңғы мәліметтеріне сенетін болсақ, Ресей 1 млннан астам әскерінен айырылған. Бұл жаралылар, қаза тапқандар және тұтқынға түскендерді қоса алғандағы сандар. Ал Украина әскерінің шығыны 420 мыңға жуық дейді мамандар.
Галеотти былай дейді: «Путин үшін адам және техника шығыны баста мәселе емес. Ол сарбаздарды мақсатына қол жеткізудегі құрал ретінде қолданады. Алайда сарбаздардың қырғынға ұшырауы Ресейге басқа қырынан соққы жасауда. Бұл Ресейдегі жұмысшы күшінің тапшылығын арттыруда және экономиканың көптеген саласының тұралап қалуына әкелуде. Путин Ресей мен Украина халқының санын есептеп, Ресейдің басымдығы 4 есе деп санайды. Дей-тұра қазіргі әскери шығын жалғасатын болса, онда Ресей не жаппай мобилизация өткізуі тиіс, не шабуыл қарқынын азайтуы қажет».
Сарапшы Галеоттидің ойынша Ресей әскері 2026 жылдың екінші жартысынан бастап қиындыққа тап болады. Қазіргі сәтте Ресейде кеңестік қарудың қоры таусылудың алдында тұр. 2026 жылы кеңестік қару қоры таусылып, Ресей жаңа қаруды көбірек шығаруға мәжбүр болмақ дейді ол. Бұл экономикаға үлкен салмақ деген сөз.
Галеотти 2023 жылғы Пригожиннің көтерілісін зерттеп, «Күйреу» атты кітап жазған. Ол Пригожиннің Ресейге қарсы бір күндік жорығында Ресей әскерінің көптеген әскери бөлімшелері Путинге көмекке асыға қоймағанын айтты. «Бұл Ресей билігінен шаршау, бәлкім соғыстан қажу болар. Дегенмен бұл Путин үшін үлкен сигнал болды», - дейді сарапшы.
Ал сарапшы Эмили Ферристің ойынша Ресейде әскери төңкеріс болса да, Украинадағы соғыстың бірден тоқтауы екіталай. «Себебі Ресей билігінің табиғаты, қоғамның ұстанымы Путиннің көзқарасымен үндес» дейді ол.
Ферристің ойынша Ресейдің түпкі мақсаты Донбассты қосып алу емес, тұтас Украинаны иемдену. Путин өз мақсатына қол жеткізу үшін ұрысты уақытша тоқтатып, әскери күшін арттырып, сол аралықта Украинадағы ақпараттық пропаганданы күшейтіп, қайта шабуылға шығуы ықтимал дейді сарапшылар.
Mezgil.kz