Қазір майданның ең қызу шебі – Донецкі облысындағы Покровскі үшін жүріп жатқан шайқастар. Бұл туралы Украинаның әскербасы, генерал Сырский мәлімдеген еді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Жуырда Британдық «Times» газеті де Украинадағы майданның ең қиян-кескі учаскесі – Донецкі облысындағы Покровскі маңында, Доброполье елдімекенінің маңында жүріп жатқанын жазды. Дәл қазір бұл аумаққа (Покровскіге) Ресей әскерлері тоқтаусыз шабуылдарды жалғастыруда.
ПОКРОВСКІ МАЙДАНЫ: РЕСЕЙ ӘЛІ КҮНГЕ ЖУКОВ ӘДІСІН ҚОЛДАНУДА...
«Times» газеті дәл осы Покровскі майданының қалай жүріп жатқанын былайша сипаттайды:
Покровскі майданында қос тарап та әскер шоғырландыруға мүрше берместен, бір-біріне жойқын соққылар жасауда. Украинаның басымдығы – дрондармен соққы жасау арқылы қорғануы. Ал Ресей әскерінің дрондармен күресі көрген адамның төбе шашын тік тұрғызады.
Ресей әскері көбіне-көп мотоциклдердің көмегімен шабуылдар жасауда. Бұл шын мәнінде – «өз-өзін өлтірушілік». Себебі – мотцикл мініп, шабуылға шыққандар қайтып оралмайды.
Неге? Себебі мынау: Басқыншы Ресей әскерінің мұндай шабуылдары – әдетте таң қылаң бре басталады. Ені 400 метр болатын майдан учаскесінде бір мезетте 20-ға жуық мотоцикл мінген әскер шабуылға шығады. Украина оларды дрондардың көмегімен соққылайды. Бірақ, мотоцикл әскері жылдам қозғалатындықтан, оларды бір соққымен тып-типыл ету мүмкін емес. Сондықтан, дрон соққысынан аман қалғандары (әдетте 4/1-і) Украина шебіне өтіп жетеді. Ал оларды Украинаның минометтік есеп топтары соққылайды. Бұл соққыдан аман қалғандары тұтқынға алынады.
Осы ретте «Times» газеті генерал Эйзенхауэрдің маршал Жуков туралы естелігін еске түсіреді. Онда генерал Эйзенхауэр: «Ұшақта бірнеше сағат бойы маршал Жуков екеуіміз бірге болдық, әскери операцияларды талқыладық. Сонда Жуковтың мина алаңдары арқылы шабуылдаудың «орысша әдісін» айтқаны мен үшін үлкен жаңалық болды. Сол уақытта Германияның мина алаңдары біздің шабуылды әжептәуір тежеп, көптеген шығанға ұшыратты. Біздің инжинерлерімізде минадан тазалауға арналған барлық механикалық құрылғылар болғанымен, неміс минасынан өту әрқашан қиындық тудыратын. Сонда маршал Жуков маған былай деді: «Минаның екі түрі бар. Бірі – жаяу әскерге, екіншісі – техникаға қарсы миналар. Сол мина алаңдарына жеткенде біздің жаяу әскер шабуылды ол жерде мина болмағандай жалғастырады», - деді. Яғни, Кеңестік жаяу әскер мина алаңдарына жанкештілікпен кіретін», - делінген. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі соғысу картинасы.
Ал бүгінгі Покровскі майданына мотцикл мінген Ресей әскерінің өздерін өлімге байлап, қарсыластың ресурсын сарқып біткенше шабуылға шығуы – бүгінгі Ресей қолбасшылығының кезіндегі Жуков әдісінен айнымағанын көрсетеді.
ГЕНЕРАЛ СЫРСКИЙ: РЕСЕЙ ПОКРОВСКІНІ АЛУҒА ТЫРЫСУДА...
Украина әскерінің қолбасшысы, генерал Александр Сырский Ресей Покровскі бағытында әскер топтастырып жатқанын және олардың саны шамамен 111 мыңға жуықтап қалғанын айтты.
Сырскийдің айтуынша, майданның бұл учаскесі қазір барынша шиеленіскен күйінде қалып отыр және мұнда күн сайын 50-ге жуық жауынгерлік қақтығыс орын алуда. Қазір Покровскі майданында бақылау қалыпты. Соңғы екі аптада украин әскерлері ресейлік әскерлердің барлық шабуылдарын тойтара білген.
РЕСЕЙ АРМИЯСЫНЫҢ ШЫҒЫНЫ ҚАНДАЙ?
Тақырыпқа тұздық: Осы ретте «ВВС» мен «Медиазона» жүргізген есептеулер бойынша, Ресей армиясының әскер шығыны туралы деректерді ұсынғанды жөн санадық.
Қос басылым ашық деректерде жарияланған, аты-жөндері анықталған Ресей әскерінің адам шығындарын есептеп келеді. Жуырда жариялаған мәліметтер бойынша: Солғыс басталғалы-бері Украинада қаза тапқан 115 857 ресейлік әскердің аты-жөндері анықталған. 13-27 маусым аралығында бұл тізімге және 2421 адам толықтырылған.
«Ресейде журналистер күн сайын 150-170 некролог жазады, бұл «өте жоғары көрсеткіш» болып табылады. Әрі жауынгерлік іс-қимылдың алғашқы екі жылымен салыстыруға еш келмейді», - дейді басылым авторлары.
Қаза тапқандардың жартысынан астамы – шабуыл басталғаннан кейін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойғандар. Олардың саны күн сайын ұлғая түсуде, өйткені еріктілерді әскер қатарына алу – Украинаға қарсы соғысатын ресейлік бөлімшелерді толықтырудың негізгі тәсілі болып қала беруде.
Бұл арада тағы бір сөз ететін жайт ең кем дегенде 240 бозбала мектептен кейін майданға аттанып, 18 жасында қаза тапқан.
Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) деректері бойынша, Ресей Украинаға басып кіргеннен бері 1 миллионға жуық адамын жоғалтты. Олардың шамамен 250 мыңы қаза тапқандар санатында.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО немесе Ресей жүргізген бірде-бір соғыс өлім-жітім саны жағынан Уукраинадағы соғыспен салыстыруға келмейді», - деп жазады зерттеушілер.
Ал Британ барлауының есептеуінше, маусым айының ортасына қарай Ресей 500 мыңға дейін әскерін қайтарымсыз жоғалтып отыр. Бұл орайда әңгіме қаза тапқандар, хабар-ошарсыз жоғалғандар, сондай-ақ қатарға қайта оралуға қабілетсіз болып, ауыр жараланғандар туралы болып отыр.
АҚШ билігінің бағалауынша, тек 2024 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың сәуіріне дейін Ресейдің майдандағы шығыны 400 мыңнан асып кетті. Осы уақыт ішінде Ресей Федерациясы әскерилері Украина аумағының небәрі 4700 шаршы шақырымнан астам жерін ғана басып ала алды. Демек, Путин билігіне әр шаршы шақырымы үшін 84 солдатты құрбандыққа шалуға тура келіп отыр.
Mezgil.kz