Бәрін басынан бастайтын болсақ, әлемдік үш құбыжықтың арманы – АҚШ-ты әлемге әйкәпір қылып көрсету. Осы жолда жарым-жан ұйымдарды өмірге әкелді. Аттарын айқайлап айтар болсақ: БРИКС, ШЫҰ һәм ЕАЭС. Алғашқылары үш елге қатысты болса, соңғысы тек Путиннің КСРО-2 жолындағы төл перзенті.
(Суреттер: iabrics.org, sectsco.org, eaeunion.org)
Дүние бір орында тұрмайды, бір кездері Батысқа қарама-қарсы құрылған барлық бірлестіктерде бүгінде дағдарыс құбылыстары басталды және олардың бұл жағдайдан шығу перспективалары әзірге көрінбейді.
Бұл апта Путин саясатына бірқатар тосын соққылар болды. Жіпке тізер болсақ: Әуелі Си Цзиньпин Бразилияға БРИКС саммитіне келуден бас тартты. Содан кейін Үндістан ШЫҰ-ның қорытынды құжатына қол қоюдан бас тартты және Иран президенті Пезешкиан ЕАЭО саммитіне қатысудан бас тартты.
ПУТИН МЕН СИ ТӨРАҒА ҚҰРҒАН БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?
Құдайылығын айтсақ, «шөлмек мың күн емес, бір күнде сынады». АҚШ-қа қарсы шөлмектер қашанда тек өзінің сынуын күтіп жатады. Мысалы: Құламайтындай болып көрінген КСРО-ның тарих бетінен жойылуын алға тартсақ та жетіп жатыр. Ал біз сөз етіп отырған бұл шөлмектердың шытынай бастауы – олар құрылған бетте орын алған-тын.
БРИКС КІМГЕ КЕРЕК? ҚЫТАЙҒА МА, БАСҚАҒА МА?
БРИКС туралы сөз қозғайтын болсақ: Шығыстық бір экономистің: «БРИКС – 2000-шы жылдардың басындағы қысқа тарихи кезеңде әлемдік экономикадан өз орынын тапқысы келген елдер тобы үшін жүйелік модель туралы идеясынан туындаған ең қызық та, тұрпаты бөлек бірлестік болып табылады. Кейіннен тап осы бір одағай оймен арқаланған кейбір саясаткерлер осы «ақыл ойыны» Батысқа балама «күш орталығын» құруға негіз бола алады», - деген пайымдық тоқтам жасағаны да жасырын емес.
Бірақ бұған қанша әкімшілік және саяси ресурс жұмсалса да, қаншалықты жарқын да, айшықты басқосулар арналса да, осы бір саяси-экономикалық тақырып бойынша қанша диссертация мен мақала жазылса да, ең басынан толық сандырақ екені анық болған жайт еді.
Бір көңіл аударарлық дүние – бұл идеяның өзі Батыста ерекше бір кедергілерге тап бола қойған жоқ, себебі ол жақтағы саяси ортаға елеулі саясаткерлер бастапқыда-ақ, оның сандырақтығын түсініп, оған мұрын шүйіре қарады. «Келіп кетері жоқ, бос қуыстыққа алтын басыңды тығып бос әуре болма» деп, ешкімді жеңінен де тартқан жоқ. Олар тіпті, басқа елдерді осы «виртуалды клубқа» кіруге тізеден басып, күш салып көндірмеді һәм «ойбай, болашағы өте зор» деп емексіте ескертпей, әліптің артын бағып, бәрін де дұрыс істеді. Оның мүшелерінің саны бықып көбейген соң, ол өзінің негізгі демеушісі – Бейжің үшін де қызықты болмай, өзінің ұйымдық әлсіздігінен шөлмектей сынып, татар дәмін тауысты.
Бейжің шын мәнісінде екі бірдей Дүниежүзілік соғыстың қызығын көрген АҚШ һәм Батыс бола алмайтынын ұғынды.
ҚЫТАЙ ШЫҰ-ДАН ӨЗІНЕ КЕРЕК СӨЛДІ ТҮГЕЛ СЫҒЫП АЛДЫ...
ШЫҰ – интеграциялық бірлестік ретінде неғұрлым берік негізге ие болды: Бірақ - ол қытайлық «Бір белдеу – бір жол» бастамасы үшін саяси қолшатыр ретінде құрылды. Оның күші де, әлсіздігі де осында болды. Ал онда Ресей басты лоббист болып табылатын Үндістанның қабылдануы оның түбіріне түбі бір жарылуға тиіс бомба салды.
Бұл заңдылық: Егер бір бірлестікте Қытай мен Үндістан тұрса, бұл бірлестік алдын ала өз бетімен дербес өмір сүруге қабілетсіз болады. Бұл есі дұрыс жан ұғына алатын ереже болып табылады.
Оның үстіне тағы бір нюанс алдымыздан атойлап шығады: Ол – ШЫҰ-ны Бейжің бастапқыда тек экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған ұйым ретінде қарастырғандығы дер едік. Онда ешқандайда саяси күн тәртібі қарастырылмаған болатын. Ашығын айтсақ, саясаттың Қытайға беш тиынға да қажеті жоқ еді. Ресей Қытайдың жылы қабағын өз мүддесіне оңтайлы пайдаланып, ұйымды өз қолайына орай саясиландырып, ШЫҰ-ның Батысқа қарсы бағыты туралы бәду-бәлдігін енгізгеннен кейін-ақ, бұл ұйымға басқа қатысушылар тарапынан қызығушылық тіптен азая бастады.
Оған қоса айтарымыз, Ресей саясатты тықпалап, жінігіп жүрген шақта Қытай ШЫҰ-дан өзіне қажетті нәрсенің бәрін ала алды: Осы алаңда өзіне қажетті байланыстарды орнатып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің элиталарымен тиімді екіжақты келісімдер жасасты және қандай да бір жобаларды іске асыру үшін олармен өзара іс-қимыл тетіктерін пысықтай алды. Шын мәнінде, аталған ұйымның экономикалық мүмкіндіктерін түбіне дейін сарқып тастады. Әрі ҚХР тарапынан саяси мүмкіндіктер туралы әңгіме бастапқыда болған да жоқ.
ШЫҰ Қытайдың халықаралық аренада саясат жүргізу тәжірибесі әлі аз кезде, Бейжің салыстырмалы түрде балалық дәуірінде, өз мүдделерін алға жылжыту тәжірибесін жинақтамаған кезде пайда болған еді. Қазір ол «солшылдықтың балалық ауруларынан» құтылып, дербес әрекет еткенде ғана өз дегеніне жететінін бек жақсы біледі. Сондықтан оған ендігі жерде тоқсан тоғыз тобырдан тұратын ШЫҰ еш қажет емес. Ол одан «әйтеуір бір керегіме жарап қалады-ау» деп бас тартпаса да, ШЫҰ-ның өміршеңдігін қолдауға бұрынғыдай күш жұмсамайды. Тек әлдкімдерге керек кезінде көз қылып жанынан табыла салады.
ЕАЭО - БОЛАШАҒЫНА БАЛТА ШАБЫЛҒАН БІРЛЕСТІК
ЕАЭО-ның алға басқан аяғы кері кетуде: Посткеңестік кеңістіктегі Ресей араласқан интеграциялық бірлестіктерге сенімсіздікпен қарау бұрыннан бар. ЕАЭО идеясы бастапқыдан-ақ, Беларуспен одақтас мемлекет құрып, асығы алшысынан түскен Ресейдің үстемдігін паш ететін экномикалық кеңістік ретінде дүниеге келді.
Бұрынғы КСРО аумағында, жеткілікті түрде Мәскеумен достық қарым-қатынастарын сақтаған елдер арасында КСРО кезіндегі Шығыс Еуропа елдеріне таңылған экономикалық қамытқа ұқсас ортақ нарық құруға Кремль қол жеткізе алды. ЕАЭО-ға қатысушы елдер экономикасының көлемі мен салмағы жалпы әлемдік нарықта мардымсыз болып табылады. Патшалық Ресей кезіндегі артта қалған елдерге капитал мен тауар шығару үрдісінің жаңа сипаты ғана болып табылды.
Путин режімі уақыт өте келе орыс рубльімен жергілікті валюталардың жұлынын үземіз деп ойлады. Бірақ, біріншіден, қырғызды және тәжікті рубльге байлау әсері түгесілді. Жаңа деңгейге, қызмет көрсету нарықтарын, капитал мен жұмыс күшін ықпалдастыруға көшу Мәскеудің ойына да кіріп шықпады.
Кремльдің Украинаға басып кіру авантюрасын сан соқтырар санкцияларға ұрындырып, онсызда шатқаяқтаған экономикалық одақты аяғынан тік тұрып кетуі мүлдем мүмкін емес сал ауруына ұрындырды. Осылайша Ресей әпсәтте осы одақтағы әріптесі үшін экономикалық алапеске айналып шыға келді. Онымен сауда қарым-қатынастарынан қандай да бір бір пайда табуға болатындығын ойда ұстайтын болсақ, күн өткен сайын бұл экномикалық жанкештілік қауіпті болып барады.
Ал, екінші жағынан алып қарағанда Батыстың бітіп болмайтын санкциялары кез келген сәтте «сау басқа сақина» болуы да ықтимал. Бұл екі шешуі табылмас мәселе – ЕАЭО ішіндегі одан әрі дамуды іс жүзінде мүмкін емес етіп, болашағына іс жүзінде балта шапты.
Ресми деңгейдегі қалыптасып отырған пікір бұған қарама-қайшы тап бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалағандай әсер қалдырса да, шындық әдеттегідей, «кремльдік армандаушылардың» болжамдарынан әлдеқайда қаратүнектілігін танытады. ЕАЭО бүгінде объективті себептермен емес, көбінесе қағаз жүзіндегі, Мәскеу миындағы құрылымға айналып шыға келді.
Mezgil.kz