Дәл қазір АҚШ пен Батыстың бірауыздылық таныта алмай, бас қатырып отырғаны – Украинаны қаруландыру һәм қаржыландыру екені жасырын емес. Экономикасы әскери өндіріске негізделген Ресейге һәм оның тоқтаусыз агрессиясына төтеп беру үшін Украинаға бұл тағдыршешті мәселе.
УКРАИНАҒА ЖАСАЛҒАН ҮШ СОҚҚЫ
Ұжымдық Батыс қол үшін бермесе, Украинаның күні қараң. Бұл да шындық. Ал бүгін Ұжымдық Батыс тарапынан Украинаға соққы болып тиген үш мәселе туындады.
Оның біріншісі: Пентагон 2026 жылға арналған бюджетте Украинаға көмек қысқартылғанын растады. АҚШ Қорғаныс министрлігі 2026 жылғы бюджетте Украинаны қолдау қоры мен Қауіпсіздікке жәрдемдесу бастамасы (USAI) шеңберінде Украинаны қаржыландыруды қысқартатынын мәлімдеді.
Екінші: «Жығылғанға жұдырық» дегендей, ЕО саммиті бүгін Украинаны ЕО-ға қабылдау туралы келіссөздерді бастау бойынша да қорытынды мәлімдемені қабылдай алған жоқ. Бұған Венгрия вето қойды.
Үшіншісі: Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 18-ші пакетін бекіте алмады. Бұл жолы Словакия алды-артын орап, вето қойды.
УКРАИНА ЕО-ҒА ҚОСЫЛА МА?
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляен: «Елінде соғыс болып жатқанына қарамастан, Киев ЕО шарттары мен міндеттемелерін толық орындай білді. Сол себепті де Брюссель Украинаның ЕО-ға қосылуы туралы келіссөздерді бастауды қолдайды», - деді.
Ал Венгрия премьері Виктор Орбан бұған үзілді-кесілді қарсы болып: «Украина дегеніңіз – белгісіз құрылым. Біз тіпті, бүгін оның шекарасы қай жерде аяқталатынын да білмейміз. Мен асқан қаһармандықпен күресіп жатқан Украина халқын құрметтеймін және түсінемін. Бірақ, ол әуелі шекара мәселесін шешіп алуы керек. Сол себепті, Украинаны ЕО-ға да, НАТО-ға да қабылдауға болмайды», - деді.
Мажарстан премьері осы бір қадамымен ЕО саммитінің қорытынды мәлімдемесін жоққа шығарды десек те болады.
Украинаның ЕО-ға қосылу туралы келіссөздерді бастауды 26 ел жақтаса, ресейшіл позицияны ұстанатын Орбан үзілді-кесілді қарсылық танытқан. Бір сөзбен айтқанда «қырық - бір жақ, қыңыр – кісі бір жақ» болып шықты.
Ал келіссөздерді бастау бойынша дайындалған құжатта:
«ЕО-ның 26 елі БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттары негізінде Украинадағы жалпыға бірдей әділ және берік бейбітшілікті қолдады. 2025 жылғы 6 наурызда баяндалған қағидаттарды қуаттай отырып, Еуропалық кеңес бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі барлық күш-жігерді, соның ішінде АҚШ-тың талпынысты әрекеттерін құптайды. ЕО елдері бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымның ресейлік бомбалануын айыптап, Ресейді «алдын ала келісуге» шақырды.
Еуропалық одақ Украинаның ЕО-ға мүше болу жолын қолдауда тастүйін күйінде қалып отыр. Еуропалық кеңес ең қиын жағдайларда Украинаны ЕО-ға қосылуға байланысты реформалар қарқыны үшін арқадан қағып, қол жеткізілген елеулі прогресті құптайды және Украина мен Еуропалық комиссияны қосылу процесіндегі жұмысты жандандыруға шақырады.
Еуропалық кеңес комиссиясы шарттарды орындау кезінде кластерлерді аша отырып, қосылу процесінде орын алуға тиісті қарышты қадамдар жасауды ұсынып, комиссия пайымдауы мен сараптауы бойынша негіз кластері ашылуға дайын екендігі туралы бағалауын назарға алады», - делінген құжатта.
Путин билігі Венгрияның қолымен от көсеуін осылайша жалғастырып отырғанына әлем жұрты тағы бір мәрте куә болды.
Mezgil.kz