2025 жылғы 22 маусымда жарияланған 200 беттен тұратын жаңа бұйрыққа сәйкес, Ресей Федерациясы украин тілін мектептегі оқу бағдарламасынан толықтай алып тастады. Бұл құжат бастауыш, негізгі және орта білім беру деңгейлеріндегі оқу жоспарларына енгізілген өзгерістерді бекітеді.
Министрліктің мәліметінше, украин тілі бұдан былай ешбір деңгейде ана тілі ретінде оқытылмайды. Ол ұлттық республикалардағы ана тілдері блогынан да алынып тасталды. Құжатқа қоса берілген түсіндірме жазбада бұл түзетулердің «әлемдегі геосаяси жағдайдың өзгеруіне» байланысты жасалғаны көрсетілген.
2023–2024 оқу жылында украин тілі негізінен Ресей оккупациялаған Запорож және Херсон облыстарында оқытылған. Сонымен бірге украин тілі Қырымда, Донецк және Луганск облыстарында, сондай-ақ Башқұртстан Республикасында оқу үдерісінде қолданылған. Алайда ол ата-аналардың сұрауы бойынша іске асқан.
Аталған шешім қоғамда үлкен резонанс тудыруы мүмкін. Бұған дейін Ресей билігі аз ұлттардың құқықтарын қорғауға және ана тілін оқыту құқығына кепілдік беретінін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Ресей президенті Владимир Путин сан түрлі жиында Украинада орыс тіліне қысым жасалуда деген болатын және Ресей ешқашан өзге ұлттың мәдени бірегейлігіне, тіліне, дініне қол сұқпайтынын айтқан-ды.
Сарапшылар Ресей билігі оккупациялап алған аймақта украин тілі мен ұлтын түбегейлі ассимиляциялауды ойластырып жатқанын айтуда. «Украин ұлтын толық орыстандыру ойластырылуда» дейді мамандар.
Mezgil.kz