Соңғы күндері Ресей мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қатынастарда күтпеген шиеленіс пайда болды. Орталық Азиядан барған еңбек мигранттарына жасалған қысым – әсіресе өзбек азаматтарына көрсетілген дөрекілік – Ташкенттің ашу-ызасын тудырды. Мәскеудегі «Сокольники» саябағында болған оқиғадан кейін Өзбекстан тарабы ресми наразылық нотасын жолдады.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Өзбекстан Ресейге неліктен наразылық білдірді?
8 маусым күні Ресейдің Росгвардия қызметкерлері мигранттарды тексереміз деп, орталықазиялық азаматтарды саябақта жерге жатқызып, күш қолданған. Куәгерлердің айтуынша, олардың ешқайсысы қарсылық көрсетпеген. Әйтсе де, алтауы ұсталып, «көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін» деп Ресейден қуылды. Бұл – тек көші-қон тәртібін бұзу ма, әлде ұлттық намысқа тию ме?
Ташкент бұл әрекетті жай қалдырмады. 10 маусымда Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі өз азаматтарына қатысты заңсыз тексерулер мен дөрекі қарым-қатынасқа байланысты ресейлік тарапқа ресми наразылық нотасын жолдап, Ресейден мұндай қатыгездікті тоқтатуды талап етті. Өзбек саясаткерлерінің айтуынша, бұл – Ресей аумағында адам құқығын, әсіресе еңбек мигранттарының ар-намысын таптау болып табылады делінген.
Өзбекстан көші-қон агенттігі зардап шеккен азаматтарды елшіліктен көмек сұрауға шақырды. СІМ өкілі Ахрор Бурханов ресейлік тараптан құқық қорғау органдарының әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті. Ол мұндай оқиғалар екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сай келмейтінін және қайталанбауы үшін нақты шаралар қажет екенін атап өтті.
Мәскеудің жауабы қандай болды?
11 маусымда Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Өзбекстанның нотасын мұқият зерделеп жатқанын, бұл ақпараттың құзырлы органдарға жолданғанын хабарлады. Ол екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды атап өтті. Алайда, Ресей Мемлекеттік Думасының кейбір депутаттары Өзбекстанның бұл әрекетін «Ресейдің ішкі ісіне араласу» деп бағалады.
Саяси астары бар ма?
Саясаттанушы Сергей Марковтың пікірінше, Ташкенттің мұндай қадамға баруына бірнеше фактор себеп болуы мүмкін. Оның айтуынша, Өзбекстанда ресейлік көші-қон саясатына деген сын көбейіп келеді. Өзбек қоғамында ресейлік күштік құрылымдар мигранттарды құқық бұзуға итермелейді деген пікір бар. Бұдан бөлек, бұған Еуроодақтың Өзбекстанға Ресеймен қарым-қатынасты әлсіретуге бағытталған қысымы да әсер етуі ықтимал.
Марков сондай-ақ өзбек элитасының бір бөлігі қаржысын Батыс елдерінде сақтайтынын, сондықтан оларға ЕО-мен жақсы қарым-қатынас ұстау маңызды екенін айтады. Экономикалық өсімнің арқасында Өзбекстанның Ресейге тәуелділігі де азайып келеді. «Қазір Ташкент үшін жұмыссыздарды Ресейге жіберу бұрынғыдай өзекті емес», – дейді сарапшы.
Жанжалдың салдары қандай болуы мүмкін?
Мәскеу мен Ташкент арасындағы бұл дипломатиялық шиеленіс стратегиялық серіктестікке елеулі әсер етпейді деген пікірлер басым. Сарапшылардың пайымынша, көші-қон мәселелері әрқашан келіссөздер мен өзара түсіністік арқылы шешіледі. Марковтың айтуынша, Ресей алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінің үлгісі бойынша көші-қон саясатын реформалауы мүмкін – яғни шетелдіктер тек нақты компаниялар шақыртуымен, отбасынсыз, уақытша негізде елге келетін болады.
Осылайша, бұл жағдай екі ел арасындағы ұзақ мерзімді қатынастарға қауіп төндірмейді. Керісінше, ол көші-қон саласындағы өзара әрекеттестікті реттеудің қажеттілігін көрсетіп отыр.
Өзбек азаматтары Ресейден қысым көріп еді, үкіметі үнсіз қалмады. Бұл үн – бүкіл Орталық Азия үшін маңызды. Өйткені бүгін өзбектердің намысы тапталса, ертең басқалары да сол жолмен кетуі мүмкін. Ал бұл – ТМД кеңістігінде жаңа текетірестің бастауы болуы ғажап емес.
Mezgil.kz