Әлем ядролық қақтығыстың алдында тұр. Бұл турасында әлемдік саясаткерлер жиі ауызға ала бастады.
Жуырда АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбардтың пікірінше, әлем ядролық қырып-жоюға бұрынғыдан да жақындай түсті:
«Бүгін біз бәріміз ядролық жойылу қаупінің шегіне бұрынғыдан да жақындап келе жатқанда, саяси элита мен соғысты қоздырушылар ядролық державалар арасында қорқыныш пен шиеленіс тудыруда. Бұл ақылсыз істің тоқтатылуын талап ету – өзімізге, яғни халыққа байланысты», - деді.
ИРАН МЕН ИЗРАИЛЬ ҚАҚТЫҒЫСЫ
Сарапшылардың пікірінше, әлемде ядролық қақтығыстың ойда-жоқта басталып кетуі қаупі жоғары дейтін бірнеше қақтығыс ошақтары бар. Атап айтқанда: НАТО мен Ресейдің тікелей қақтығысы, Пәкістан мен Үндістан арасындағы ахуалдың ушығуы немесе Солтүстік Корей мен Оңтүстік Корей арасындағы шидің тұтануы т.б.
Осылардың ішінде соңғы айларды жиі айтылып, талқыланып жатқан потенциалды ошақтардың бірі – Иран мен Израиль арасында тұтануы мүмкін ядролық қақтығыс.
2025 жылдың мамыр айында әйдік CNN арнасының сарапшылары: «Трамп әкімшілігінің Тегеранмен дипломатиялық келісім жасауға талпынғанына қарамастан Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы беруге дайындалуда», - деп хабар таратты.
ИЗРАИЛЬДІҢ СЕС КӨРСЕТУІ: ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ НЫСАНДАРЫН СОҚҚЫЛАЙМЫЗ!
АҚШ шенеуніктері бұл соққы Таяу Шығыста ауқымды аймақтық қақтығыс тудыруы мүмкін деп санайды. Израиль басшыларының түпкілікті шешім қабылдаған-қабылдамағаны нақты белгісіз. Израильдің соққы беруі оның АҚШ-тың Тегеранмен ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздеріне байланысты болады.
АҚШ барлау қызметіне жақын дереккөздің айтуынша: Соңғы айларда Израильдің Иранның ядролық нысандарына соққы беру ықтималдығының айтарлықтай артқан. АҚШ-Иран келісімінің перспективасы Иранды толықтай уран өндірісі мен қолданысынан айырмайды. Мұндай жағдайда, Израильдің соққы жасау ықтималдылығы жоғарылайды.
АҚШ ПЕН ИРАН КЕЛІССӨЗДЕРІ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Трамп: «Егер жаңа ядролық келісім бойынша келіссөздер сәтсіз аяқталса, Иранға қарсы әскери шара қолданамыз», - деп ашық түрде қорқытты. Бірақ Трамп наурыз айының ортасында Иранның рухани көсемі Әли Хаменеиге жолдаған хатында келісім жасасуға 60 күндік мерзім белгіледі. Қазір 60 күннен асып кетті және АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің бірінеше кезеңі өтті.
Бұған дейін Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи Тегранның ядролық бағдарлама бойынша АҚШ-пен келіссөздер сәтті болады деп күтпейтінін, өйткені Вашингтон келісім жасау шарттарын қатайтып жатқанын айтқан.
Ал Иранның рухани көсемі Әли Хаменеидің кеңесшісі Иранның экономикалық санкцияларды алып тастауы үшін АҚШ-пен ядролық келісімге қол қоюға дайын екенін айтқан болатын.
ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ: ИЗРАИЛЬДІҢ ӨЗІНДЕГІ ЯДРОЛЫҚ НЫСАНДАРДЫ СОҚҚЫЛАЙМЫЗ!
Иран Израильдің сес көрсетуіне жауап беріп, Израильдегі жасырын ядролық нысандарға жауап соққылар жасайтынын айтты.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі: «Израиль біздің еліміздегі ядролық нысандарға шабуыл жасаған жағдайда, Иран Израильдің «жасырын ядролық инфрақұрылымына» жауап соққы қайтаруға дайын», - деп мәлімдеді.
Иранның Барлау министрі Исмаил Хатиб өзі басқаратын агенттіктің Израильдің ядролық бағдарламасына қатысты көптеген маңызды мәліметтерді қолға түсіргенін айтқан.
Бірінші анықтама: Израиль өзінің ядролық қаруы бар екенін не растамайды, не жоққа шығармайды. Израиль 1960 жылдардың соңынан бастап ядролық қаруының бар-жоқтығына қатысты бейжария немесе ядролық белгісіздік саясатын ұстанып келеді. Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) есептеулеріне сәйкес, 2023 жылдың басында Израильде 90 ядролық оқтұмсық болған.
Екінші анықтама: Иранның ядролық бағдарламасы деген бар. Иранның ядролық бағдарламасына бірнеше ғылыми-зерттеу қондырғылары кіреді. Атап айтқанда: Екі уран кеніші, ғылыми-зерттеу реакторы және уранды байыту бойынша белгілі үш зауыт. Бұлардың барлығы дерлік уран өңдеу қондырғылары саналады. Ал әлемдік қауымдастық Иранды: «Ядролық қару жасап жатыр», - деп айыптайды.
2015-2022 ЖЫЛҒЫ ЯДРОЛЫҚ КЕЛІСІМ
2015 жылдың шілдесінде Иран мен өзге де елдер (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Қытай және Ресей) Иранға қарсы санкцияларды алып тастау деген шартпен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келді. Келісімге сәйкес, Иран МАГАТЭ инспекторларын ядролық нысандарына жіберуі керек, ал Батыс елдері өз кезегінде Иранға қарсы санкцияларды біртіндеп алып тастайды. Аталған келісімді барлық тараптар ратификациялауы және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бекітуі керек болған.
Бұл бойынша:
*Иранның байытылған уранының басым бөлігі шетелге жөнелтіледі.
*Иранның ядролық нысандарының ешқайсысы жойылмайды.
*Фордо байыту зауыты уранды байыту қуаты жоқ ядролық физиканы зерттеу орталығына айналады.
*МАГАТЭ-ге елдегі барлық ядролық нысандарға бақылау жасауға 20 жыл бойы рұқсат беріледі, бұл ұйымға Иранның ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
*АҚШ, ЕО және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялары Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жан-жақты келісім жасалғаннан кейін күшін жояды. Кейбір P5+1 шектеулері біраз уақыт сақталады, бірақ кейін жойылады.
2018 жылдың ақпаны. «Моссад» агенттері Тегеран маңында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мұрағат құжаттарын ұрлап кетті. Ұрланған құжаттардың көлемі 100 мың құжатты құраған. Салмағы 500 келіден асқан. Аталған құжаттардағы кейбір мәліметтер 2018 жылдың қыркүйегінде БАҚ-т а жарияланған.
Ол құжаттар бойынша Иранның ядролық қару жобасы 1992-1993 жылдары басталып кеткен. Жобаның мақсаты – бес оқтұмсық, әрқайсысының қуаты 10 килотонна болатын ядролық зарядтарды және оларды нысанаға жеткізу жүйесін – Шахаб зымыран жүйесін жасау.
Ал 2022 жылдың желтоқсанында Ақ үй АҚШ-тың Иранның ядролық келісімін күн тәртібінен алып тастағанын хабарлады.
Mezgil.kz