2022 жылдан бері ресейлік және Батыстық ақпарат көздерінде «Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өз қызметінен кетпек» деген алып-қашпа тақырыпта бірнеше мақала жарияланды. Ондаған сарапшылар пікір білдірді. Әлемнің беделді басылымдары Рамзан Қадыровтың «сырқат» екенін жазып, денсаулық жағдайына байланысты биліктен бас тартуы мүмкін екенін айтты.
The Times басылымы Рамзан Қадыровтың билікке өз ұлын тартуы мүмкін екенін жазып, арнайы мақаланы жариялады.
Адам Қадыров Рамзан Қадыровтың үшінші ұлы. Адам Қадыров соңғы екі жылда медиада жиі айтылатын персонаға айналды. Ол соғыстағы Ресей әскеріне көмек ретінде жүк жіберіп, қауіпсіздік саласындағы жиындарға жиі қатысуда. Екі жылда ондаған марапат алып, Шешенстан аумағынан тыс аймақтардың ордендерін де кеудесіне тақты. Қадыров әкімшілігі Адамды бірнеше маңызды лауазымға тағайындады. Соңғы мәрте ол Шешенстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл Шешенстандағы қауіпсіздікке жауап беретін басты органдардың бірі саналады.
48 жастан асқан Рамзан Қадыров 18-ге толатын ұлы Адамды өзімен бірге түрлі мемлекеттік жиындарға қатыстыруда. Сарапшылар Рамзанның әкесі негізін қалаған Ахмат әулетінің қауіпсіздігін сақтау үшін Рамзан Қадыровтан кейін билікке оның ұлдарының бірі келуі мүмкін деп болжайды.
2025 жылдың көктемінде Рамзан Қадыров Мәскеуде Путинмен кездесіп, билікті өзге тұлғаға табыстау туралы тақырыпты талқылаған. Бұл туралы Al Jazeera басылымы жазды. «Қадыров билікті Адамға беруді ұсынып, қолдау таппады» дейді басылым мақаласында.
Кремль екі мәрте Мәскеуге қарсы қару көтеріп, соғыс бастаған аймақты өз бақылауында ұстау үшін айтқанынан шықпайтын адамды Шешенстан басшысы етуді қалайды.
Қадыров биліктен кету мәселесінде шешімді өзі емес, Путин қабылдайтынын айтқан еді. Алайда соңғы сәтте ол тақты өзгеге табыстау туралы бірнеше мәрте меңзеді. Прагадағы Карлов университетінің профессоры Эмиль Асланның ойынша «Қадыров расымен де биліктен кетуді ойластыруда». Бұл Рамзан Қадыровтың денсаулық жағдайымен тікелей байланысты болуы да мүмкін.
Эмиль Асланның ойынша Қадыров жақын аралықта биліктен кетсе де, оның орнын Адам Қадыров басуы екіталай. «Бұл сұрақта соңғы шешімді Кремль қабылдайды. Ал Кремль қазір Адамды Шешенстан басшысы ретінде көргісі келмейді. Кремль Шешенстанды Қадыров әулеті билеп, басқаруына қарсы емес. Бірақ Кремль үшін ең басты мәселе аймақтың тұрақтылығы және Мәскеуге толық бағынуы. Ал Адам Қадыров бұл функцияны дәл қазір атқара алуы күмәнді», - дейді ол.
Сарапшының ойынша Адам Қадыров билікті қолына алуға қабілетті болғанға дейін, өзге кандидаттар қаралуы мүмкін. Соның ішінде Адам Делімханов пен Апти Алаудинов басты кандидат болуы ықтимал.
Mezgil.kz