Германия Барлауының басшысы: Қолымызда ақпарат бар. Ресей Украинамен тоқтамайды!

Ресей алдағы уақытта Украинамен шектелмей, өзге мемлекеттерге де қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Германияның Барлау қызметінің басшысы (BND) Бруно Каль айтты. Оның пікірінше Мәскеу «орыс тілінде сөйлейтін топты қорғау» деген желеумен өзге мемлекеттерге қарсы агрессиялық әрекетке көшуі ықтимал.


0FEAB92F-615B-46AB-AB99-67431A9F091D_w1080_h608.jpg

(Сурет argumentua.com сайтынан алынды)

 

Reuters басылымына сұхбат берген Бруно Каль Ресейдің гибридті соғыс тәсіліне тоқталды. Оның ойынша Ресей НАТО-ға мүше елдердің біріне айырым белгісі жоқ әскерін жіберіп, жалпы НАТО-ның реакциясын тексеруі мүмкін. «Ондай мемлекет ретінде Эстонияны таңдауы мүмкін» дейді Каль. «Осылайша Мәскеу НАТО-ның біртұтастығын, реакциясын және оның жарғысының өміршеңдігін байқамақ» дейді Германияның Барлау қызметінің басшысы.

 

BND басшысы былай дейді: «Украина Ресейдің Батысқа бағытындағы алғашқы қадамы ғана. Біздің қолымызда барлау ақпараттары бар, дәлелдер бар». Кальдың ойынша Ресейдің саяси билігіндегі кей тұлғалар НАТО-ның біртұтастығына сенбейді және дағдарыс жағдайында ортақ фронт ашуы екіталай деп санайды.

 

«Олар НАТО-ның бесінші жарғысы іске асатынына сенбейді. Олар жарғыны тексеріп көргісі келеді. НАТО-ны 1990-шы жылдарға қайтаруды қалайды. Бар мақсаттары АҚШ-ты Еуропадан тықсырып тастау және сол үшін барын салуда», - дейді ол.

 

Оның ойынша Ресеймен дәл қазір келіссөз жүргізу қандай да бір нәтижеге әкелуі екіталай. Себебі Ресей тарапы келіссөзді уақыт ұту үшін жүргізіп, соғысты жалғастыра бермек. Сол үшін де Каль Украинаны қолдауды күшейтіп, НАТО-ға жаппай қарулану керектігін айтты.

 

2014 жылы Ресей билігі айырым белгісі жоқ әскерилерді Қырымға кіргізіп, басып алды. БАҚ оларды «жасыл адамдар» деп атады. Бұл әскери форманың түсіне байланысты болатын.

 

Эстонияның Қорғаныс министрінің кеңесшісі Кайдо Тийтус былай дейді: «Ресей Эстония үшін басты қауіп болған, бола да бермек. Украинадағы соғыс оның шабуылдау қабілетін азайтты, алайда ол 2-3 жылдың ішінде Ресей өз әскерін қалпына келтіруі мүмкін. Біз Эстонияға шабуыл жасау Ресей үшін үлкен шығынға ұласатындай күйде болуымыз қажет», - дейді.

 

Эстония билігі Ресейдің ықтимал агрессиясынан сақтану үшін әскери салаға бөлінетін қаражатты арттыруда. 2025 жылдың сәуірінде Ресей шекарасына жақын орналасқан Нарва қаласында әскери база ашып, онда Эстония мен НАТО-ның арнайы жасағын орналастырды. 2024 жылы Эстония Ресей шекарасына жақын маңда «Reedo» әскери базасын ашты. Эстония шекара маңында қорғаныс нысандарын арттырып, бункерлер салып жатыр.


Mezgil.kz

 



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар