Әлгінде «ABC News» арнасына сұхбат берген Украина президенті Зеленский Ресей қандай жағдайда ғана Украинаны жеңе алатынын айтты.
(Коллаж: Mezgil.kz)
ЗЕЛЕНСКИЙ: МИЛЛИОН АДАМДЫ ҚҰРБАН ЕТІП ЖЕР ЖАУЛАУ – ЖЕҢІС ЕМЕС!
«Путин дәл қазіргі қалыптасқан жағдайда соғыста жеңіске жете алмайды. Егер әлем жұрты бір аузыды болып, біздің жағымызға шықса Путин мүлде жеңіске жете алмайды. Мұндай жағдайда Ресейдің жеңісі мүлде мүмкін емес нәрсеге айналады.
Ресей Украинаны бір ғана жағдайда жеңе алады. Егер Батыс Ресейге қарсы санкцияны күшейтпесе, соғыс бірнеше жылға созылатын болса және Ресей санкциясыз соғысатын болса сөзсіз жеңіс Ресейде болады», - деді Зеленский.
Зеленский сондай-ақ, АҚШ президенті Дональд Трамп «Ресей соғыста жеңіп жатыр» деп есептейтінін айтты.
Зеленский бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, бірнеше мың шаршы шақырым аумақты басып алу үшін миллион адамды құрбан ету – жеңіс емес!
«Әрине, егер бәрі, АҚШ пен Еуропа, қолдау көрсетуді тоқтатып, арағайындықтан шықса, көмекті тоқтатса, сөзсіз олар жеңеді. Бірақ мен барлық серіктестердің көмегінсіз де, соғыстың алғашқы кезеңінде олар бізді жеңе алмағанын еске салғым келеді», - деді Зеленский.
Сонымен бірге, президент егер АҚШ Украинаға көмек көрсетуді тоқтатса, ол айтарлықтай үлкен шығынға ұшырайтынын, ал Ресейдің соғыста жеңіске жету мүмкіндігі арта түсетінін мойындады.
РЕСЕЙ МЕН УКРАИНА: ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН КЕЛІССӨЗ
Тақырыпқа тұздық: АҚШ президенті Дональд Трамптың командасының күш салуымен, биыл мамырдан бері Украина мен Ресей арасында тікелей келіссөздердің екі раунды өткен болатын. Қос кездесу де Түркияда өтті. Аталған кездесулер барысында айтарлықтай нәтижелер болмағанымен, қос тарап бейбітшілік орнату үшін өздерінің талап-шарттарын жариялады. ол талап-шарттардың мазмұны қос тарапқа да қолайсыз әрі тараптар ол талаптарды орындауға ниетті емес екендіктерін ашық жеткізді. Әзірге келіссөздердің үшінші раунды қашан өтетіні белгісіз...
Осы ретте біз сарапшылардан пікір сұрадық. Украина-Ресей келіссөздері тығырыққа тірелді ме? Соғыс жалғаса ма, әлде келіссөздер жалғаса ма?
УКРАИНА ҚАЛАЙ БОЛҒАНДА ДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ...
(Сурет: zonakz.net)
Руслан Тусипбеков, сарапшы:
— Бұл жерде мәселе соғыстың қашан аяқталатынында емес. Иә, мұндай сұрақ туындайтыны рас, бірақ шын мәнінде маңыздысы — оның мерзімі емес, нәтижесі. Негізгі мәселе — жеңіске жету. Менің ойымша, Украина қалай болғанда да жеңіске жетеді. Иә, бұл соғыс үш жылға, тіпті он жылға созылуы мүмкін. Бірақ ақырында Украина жеңіске жетеді.
Мен мұны тек Украинаға жанашырлықпен айтып отырған жоқпын. Сарапшы ретінде айтып отырмын. Мысалы, 2022 жылдан бері Қырым мен Донбасты есептемегенде — оларды Ресей 2014 жылы басып алған, сондықтан есепке қоспайық — үш жыл төрт айдың ішінде Ресей Украина жерінің бар болғаны 10 пайызын ғана басып алды. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Естеріңізде болса, соғыстың басында Путин де, Скабеева да: «Киевті 72 сағатта, 48 сағатта аламыз», - деп айтты. «Одан кейін Львовты, одан әрі Польша шекарасына дейін жетеміз», - деген сөздер де болды. Ал қазір сол сөздердің бәрі ұмыт болды.
Үш жыл ішінде Киев түгілі, мысал ретінде айтсам, Харьков қаласын қайтара алмай отыр. Жақында ғана бұл қалаға шабуыл жасалып, бейбіт тұрғындар қаза тапты, жарақат алғандар бар. Харьков Ресей шекарасына жақын — Белгород облысынан небәрі 30 шақырымдай жерде. 2022 жылы Ресей бұл қаланы уақытша басып алғанымен, жарты жылдан кейін Украина қайта тартып алды. Егер Ресей әскери жағынан күшті болса, тым құрығанда сол Харьковті ұстап тұрар еді. Мен Киев, Львов, Батыс немесе Орталық Украина туралы айтып тұрған жоқпын.
Осының бәрі Ресей армиясының әлсіздігін көрсетеді. Уақыт өткен сайын соғыс Украина пайдасына шешіліп жатыр. Иә, бұл соғыста мыңдаған адам қаза тауып, зардап шегіп жатыр — бұл өте өкінішті. Бірақ, амал жоқ — бұл жағдайдың басқа шешімі жоқ. Сондықтан, мен үшін маңыздысы — мерзім емес, нәтиже. Украина бес жыл соғыса ма, он жыл соғыса ма — түптің-түбінде жеңіске жетеді. Себебі уақыт өткен сайын Ресей әлсіреп барады.
СОҒЫС ЖАҢА, ӨТЕ ҚАУІПТІ КЕЗЕҢГЕ ӨТТІ
(Сурет: aikyn.kz)
Жанат Момынқұлов, сарапшы:
— Украина мен Ресей арасындағы соғыс жаңа кезеңге өтіп жатқан сияқты. Сумы бағыты бойынша Ресейдің шабуылы мен соңғы оқиғаларды ескере отырып, соғыстың аяқталуы биыл мүмкін бе? Ал Трамп пен Еуропаның рөлі қандай болмақ?
Расында, мен соғыс осы жылы саябырси бастайды деген жорамалыма қайшы соғыс жаңа, өте қауіпті кезеңге өтті. Ресей өзінің бастапқы ниетінен айнымай отыр. Қазір Ресей Сумы және басқа бағыттарда жаңа шабуылды күрт үдетті. Бұл Украина солтүстігінде тағы бір майдан ашу арқылы қысымды күшейту амалы деп ойлаймын. Осы мақсатта Ресей 125 мыңға жуық әскерді шекараға топтастырып отыр. Бұл шиеленіс Украина жақында Сібірдегі Ресейдің стратегиялық әуе базаларына сәтті шабуыл жасап, ондаған бомбалаушы ұшақты жоюына тікелей реакция. Ол соққы Ресейге материалдық, имидждік және моральдық тұрғыдан ауыр соққы болды.
Сондықтан Ресей өз геосаяси мүдделеріне сай шабуылды арттыруы соғыстың тез аяқталуы мүмкін еместігін меңзеп тұрған сияқты. Ресей де, Украина да әзірше нақты ымыраға келуге дайын емес сияқты. Украина бүгін тарылған аумақтық тұтастығын сақтап қалғысы келеді, ал Ресей жаңа басып алған жерлерді ұстап қалуға, тіпті кеңейтуге тырысуда. Ресей соңғы рет барын салып көрмекші.
Әлемдік деңгейде Дональд Трамптың ауытқымалы мінез-құлқы, нақты сөйлемей жауапкершіліктен қашуы Еуропаны алаңдатып отыр. Ал Еуропа Украина үшін, аймақтық қауіпсіздік жауапкершілікті ала ала ма? деген сұрақ мазалайды. Ал Трамп Путинмен жеке келіссөздер жүргізіп, Украина мен еуропалық елдердің мүдделерін ескерусіз қалдырып келеді.
Осыған байланысты Еуропа Украинаның да, АҚШ-тың да одақтасы ретінде процестен шеттетілмеуге тырысады. Еуропа Weimar+ атты жаңа коалиция құрып, қорғанысқа басымдық беруде. Бұл Еуропаның АҚШ-қа тәуелді болмай, өз мүддесін қорғауға бет бұрғанын көрсетеді.
Украина мен Ресей арасындағы соғыс ұзаққа созылып барады. Алдағы айлар өте маңызды болады, әсіресе Сумы бағытындағы жағдай, Ресейдің жаңа шабуылы және Батыс елдерінің бірлігі бұл соғыстың әрі қарайғы бағытын анықтайды.
Мен бетбұрыс кезең 2025 жыл екенін айтудан әлі де шаршамаймын. Осы жылда түбегейлі өзгеріс болады. Ресей соңғы бір ірі шабуыл жасап көрсін. Екі жақтан шығын көп болады. Ресей кеңістігін кеңейткенімен соғыс ауыртпалығын азайта алмайды. Украина шабуылды тежеп уақыт ұтып, дрон мен ракета технологиясын тез дамытып, өндірісін арттырып Ресейге қарсы енді бір-екі рет өткендегі Сібірдегідей сенсациялық, ауыр соққы бере алса Ресей тарапы келіссөзді ойлай бастар еді. Ресей уақыт өте күшеймесі анық, қансырап әлсірегені керек. Америка одақтастарын мүлдем тастап кете қоймас, геосаяси есепке сай жанама қолдау жалғасады. АҚШ Украинаны қолдауды Еуропаның мойнына артатын болса, Еуропаға қаруын көп ауқымда сататын болса, белгілі әскери паритет орнар еді. Украина элитасы үшін де, Ресей жоғары элитасы үшін қазір соғыстың жалғасқаны қажет шығар. Бірақ жоғарыда айтқандай 2025 жыл соңына дейін соғыс бір жақты болады.
Mezgil.kz