АҚШ президентінің пәрменімен басталған Лос-Анджелестегі көші-қон қызметінің рейдтеріне қарсы наразылық ушығып тұр.
(Суреттер: bbc.com)
Орын алған жағдайға қатысты Трамп: «Заңсыз мигранттарды ұстауға қарсы болған демонстранттар сеніммен емес, ақшалай сыйақы үшін әрекет етеді», - деп айтты. АҚШ президенті Дональд Трамп Лос-Анджелестегі (Калифорния штаты) жаппай наразылыққа қатысушыларды қатаң сынға алды.
«Бұл наразылық білдірушілер емес, бүлікшілер мен тәртіп бұзушылар», - деп жазды Америка президенті. Бірақ ол өз тарапынан бұл акцияларды кім қаржыландыратыны туралы нақты деректер келтірмеді.
Ақ үйдің басшысы сондай-ақ жергілікті билік - Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом мен Лос-Анджелес мэрі Карен Басстың атына да зілді сөздердің тиегін ағытты. Оның айтуынша, екеуі де жағдайды бақылай алмағаны үшін және жаппай тәртіпсіздікке әкелген «сылбыр жұмысы» үшін қала тұрғындарынан кешірім сұрауы тиіс. Трамптың айтуынша, биліктің әрекетсіздігі қала көшелеріндегі бейберекетсіздікке кеңінен жол беріп, жағдайды мүлдем ушықтырды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, полиция мен демонстранттар арасындағы қақтығыс кезінде құқық қорғау органдарының кем дегенде 2 қызметкері зардап шекті. Наразылықтар Лос-Анджелестегі басты автомагистральдердің бірін жауып, көлік коллапсын тудырды. Жергілікті БАҚ дәл қазірге дейін орын алып жатқан зорлық-зомбылық туралы: «Демонстранттар полицияға бөтелкелер мен тастар лақтырып, автокөліктерді өртеді. Кем дегенде бес машина жанғаны белгілі болды», - деп хабарлайды.
Заңсыз мигранттарды жаппай ұстау операцияларынан туындаған наразылықтар үшінші күн қатарынан жалғасуда. Биліктің шешімі жергілікті халық пен құқық қорғау ұйымдарының тарапынан қатты реакция тудырды. Әсіресе, Лос-Анджелес полициясының басшысының федералдық биліктің қысымына қарамастан, жаппай депортацияға қатысудан бас тартатыны туралы мәлімдемесі АҚШ қоғамында зор сілкініс туғызды.
Трамптың ең жақын серіктестерінің бірі, Ақ үйдің аппарат басшысының орынбасары Стивен Миллер наразылықты айыптап, болып жатқан оқиғаны «бүлік» деп атады. Ол қалалық полицияның әрекетін сынға алып, батыл шаралар қолдану қажеттігін атап өтті.
Оқиғаға жауап ретінде Трамп Калифорния губернаторының ұстанымын елемей, Лос-Анджелеске тәртіп орнату үшін Ұлттық ұланның екі мың әскери қызметшісін жіберді.
Ал Қорғаныс министрі Пит Хегсет АҚШ-тың теңіз жаяу әскері АҚШ жерінде сирек кездесетін әскери күш қолдану болуы мүмкін екенін ескертті. Жексенбі күні таңертең Трамп жеңісін жариялады және Ұлттық гвардия әлі толық жиналмаса да, тәртіпті қалпына келтіргені үшін алғыс айтты. Трамптың жағдайға жауап беру жылдамдығы оның әкімшілігінің бұл күреске дайын екенін көрсетеді.
АҚШ-та көптен бері жалғасып келе жатқан «жазғы наразылықтар» дәстүрі бар.Трамптың екінші мерзіміне бес ай өткенде, Калифорниядағы бұл демонстрациялар бір реттік оқиға немесе үлкен наразылықтың басталуы болуы мүмкін.
Mezgil.kz