АҚШ билігінде Ресейдің соғысты аяқтау ниетінің жоқтығына байланысты Мәскеуге қуатты санкциялар салуды қолдайтындар саны артуда. Ыстамбұлда өткен екінші келіссөзден кейін, Ресей тарапының меморандумы жарияланды. Меморандумдағы Ресейдің талаптары Мәскеудің соғысты аяқтауға ниетті еместігін көрсетті. Бұл туралы Semafor басылымы жазды.
АҚШ Сенаты Ресейге қарсы санкцияларды маусым айында талқылай бастауы мүмкін. Сенаторлар Мәскеудің келіссөзді уақыт созу үшін өтікізіп жатқанын айтуда.
Сенатор Джон Тун тілшілерге Ақ үй мен президент Трампқа аталған санкциялар жайлы егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстары іске асатынын айтты. Ол Сенатта Ресейге қарсы санкцияларды қолдауға әзір 80 сенатордың барын мәлімдеді.
Қос партияның өкілдері «Путинге қарсы жасалатын қатаң қысым ғана соғысты тоқтата алады» деген ойда. Сенатор Тун былай дейді: «АҚШ билігі келіссөздер арқылы қандай да бір нәтижеге қол жеткізуге ниетті. Алайда Сенатта санкция салу идеясы күн санап артуда. Қолдаушылар көбеюде. Жақын аралықта біз осы сұрақ бойынша нақты әрекетке көшуіміз мүмкін».
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт былай дейді: «Президент Трамп келіссөзге мүмкіндік береді. Алайда санкция салу мүмкіндігі де үстелдің үстінде тұр. Санкция салу идеясы президенттің шешімімен қабылдануы тиіс». Ол Трамптың Конгресс мүшелерімен үнемі байланыста екенін және Ресейге қарсы санкция бойынша да пікір алмасқанын айтты.
Associated Press басылымына сұхбат берген сенатор Линдси Грэмнің ойынша Путин соғысты тоқтатуды ойламайды, керісінше жаңа қақтығыстарға дайындалып жатыр дейді. Сенаттағы демократтардың басшысы Чак Шумер «Трамптың Путинге қатысты сенімсіз әрекеттерінен шаршағанын айтты» және санкциямен Ресейді соққылауға шақырды.
Ал сенатор, демократ Дик Дурбин былай дейді: «Санкцияны қаншалықты жылдам салсақ, соншалықты жақсы. Қос партиядан кемі 80 сенатор бұл заңды қолдауда. Олар санкция салуға құлшынып отыр. Ақ үйдегілер үнемі келіссөзді күтейік дейді. Жоқ, күтудің керегі жоқ. Келіссөз нәтиже бермейді», - дейді ол.
Сенатта әлі де оннан астам сенатор Ресейге санкция салуды қолдамайды. Алайда олардың саны аз және Cенатта заң қабылдануы үшін 60 сенатор жеткілікті болмақ. Республикалық партия өкілі Рэнд Пол Ресейге қарсы қатаң санкция енгізу идеясын сынап, «Ресей мұнайын сатып алған елдерге жанама 500 пайыздық тариф енгізуді ақымақтық» деп атады.
Сенат Ресейге қарсы санкцияларды қолдаса, келесі кезек Өкілдер палатасында болмақ. Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон санкцияларды қолдайтынын айтты. «Көптеген конгрессмен Ресейге қарсы ауыр санкциялар салуды қалайды. Мен бұл идеяны қолдаймын», - деді ол.
Осылайша қос палатаның өкілдері Ресейге қарсы санкцияны қолдауда. Батыстық сарапшылар АҚШ билігі Трамптың рұқсатымен Ресейді экономикалық қыспаққа алатынын жазуда.
Mezgil.kz