Бүгін Украина Қауіпсіздік қызметі Қырым көпірінде жарылыс жасады. Бұл Украина тарабының Қырым көпіріне жасаған үшінші шабуылы болды.
(Суреттер: 24tv.ua, wikipedia.org)
«Украина Қауіпсіздік қызметі жаңа сәтті операцияны жүзеге асырып, Қырым көпірін үшінші рет соқты. Бұл жолы соққы су астынан жасалды. Операцияны ұйымдастыру бірнеше айға созылды», - деп хабарлады Украина тарабы.
ОПЕРАЦИЯНЫҢ ЕГЖЕЙ-ТЕГЖЕЙІ:
Әуелі Украина Қауіпсіздік қызметінің арнайы агенттері Қырым көпірінің тірек-бағаналарын миналаған. Ал бүгін таңғы 4:44-те алғашқы жарылғыш құрылғы іске қосылған. Бұл жарылыстан бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шекпеген.Соққы нәтижесінде су астындағы тірек-бағаналардың төменгі жағы қатты зақымдалған. Жарылыстың қуаты – 1100 кг тротил болған. Қазір негізгі көпір апатты жағдайда тұр.
Бұл операцияға Украина Қауіпсіздік қызметінің бастығы, генерал-лейтенант Василий Малюк тікелей өзі жетекшілік еткен, ұйымдастырған және операцияны басқарған.
МАЛЮК: ҚЫРЫМ КӨПІРІ – БІЗДІҢ ҚАРУЫМЫЗ КЕЗЕЛЕТІН НЫСАН!
«Украина Қауіпсіздік қызметі бастаған ісін аяқтамай қоймайтынын дәлелдеді. Біз бұған дейін екі мәрте – 2022 және 2023 жылдары Қырым көпіріне соққы бергенбіз. Бүгін біз сол дәстүрден айнымай, су астынан соққы жасадық.
Біздің еліміздің аумағында Ресей Федерациясының ешбір заңсыз нысанына орын жоқ. Қырым көпірі – біздің қаруымыз кезелетін нысан. Және біздің Қырым көпірін көздеуіміз заңды іс!
Қырым көпірін жауымыз логистикалық күретамыр ретінде пайдаланып келеді. Өз әскеріне осы көпір арқылы қару жеткізіп отыр. Қырым – бұл Украина жері және оған таласқандарға жауабымыз қатал болады», - деп мәлімдеді Василий Малюктің өзі.
ҚЫРЫМ КӨПІРІНЕ ШАБУЫЛ – 2022 ЖЫЛ
2022 жылдың 8 қазаны. Қырым көпірі жарылғыш зат тиелген жүк көлігімен жарылды. Жарылыстан көпірдің бір бөлігі (250 метрдей жер) опырылып, жүк пойызының жеті цистернасы жанып кеткен. Ол жолы 5 адам қайтыс болды.
Бұл оқиға сол кезде Ресей президенті Владимир Путинге тікелей соққы болды. Өйткені, Қырым көпірінің құрылысы президент Путиннің өз бақылауында болған. Сонымен қатар бұл операция президент Путин 70-ке толған күннің дәл ертесінде жүзеге асырылды.
Тағы бір мәлімет: Қырым көпіріне шабуыл «Солтүстік ағын 1-2» газ құбырының диверсиясынан кейін бір айдан аз уақыт өткен соң орын алды.
ҚЫРЫМ КӨПІРІНЕ ШАБУЫЛ – 2023 ЖЫЛ
2023 жылдың 17 шілдесі. Украиналық жер-су үсті соққылаушы дрондарының көмегімен соққыланды. Салдарынан айтарлықтай материалдық шығын келтіріліп, көлік қозғалысы тоқтады. 2 адам қаза тауып, тағы 1-еуі жараланған.
Сол жолы Қырым көпірінде қатар-қатар 2 жарылыс болған. Көпірдің жеңіл және жүк көліктеріне арналған бөлігі айтарлықтай зақымданған. Ал теміржол жолағына зақым келмеген.
Дәл осы шабуылға Украина нақты қандай теңіз дронын қолданғаны белгісіз. Десе де, болжаммен бірнеше нұсқа айтылады. Бірінші нұсқа – Украина шабуылды гидроциклдердің көмегімен жасаған. Екінші нұсқа – Украина Ұлыбританиядан көмекке алған «REMUS100» теңіз дронын қолданған. Ал үшінші нұсқа – Украина 850 киллограм жарылғыш зат орнатылған «Sea Baby» теңіз дронын қолданған.
МАЛЮКТІҢ СӘТТІ ОПЕРАЦИЯСЫ: РЕСЕЙ АВИАЦИЯСЫН ТАЛҚАНДАУ
Бүгінгі Қырым көпіріне сәтті соққы жасай білген Украина Қауіпсіздік қызметінің бастығы Василий Малюк әлгінде ғана Ресей авиациясына қарсы ауқымды және осы соғыс барысындағы Украинаның ең сәтті диверсиялық операцияларының бірін жүзеге асырған болатын.
1 маусымда Украина Қауіпсіздік қызметі Ресейдің тылындағы агрессор ұшақтары орналасқан 4 әскери аэродромды бір уақытта жою бойынша теңдессіз және бірегей арнайы операция жүргізді.
Генерал-лейтенант Василий Малюк осы операция барысында Ресей авиациясының 41 ұшағының талқандалғанын мәлімдеді. Олардың ішінде А-50, Ту-95, Ту-22 М3 және Ту-160 стратегиялық ұшақтары бар.
Mezgil.kz