Украинаның жойқын шабуылы: Сарапшы үш нәтижені атады

Украина дрондарының Ресейдің әскери стратегиялық нысандарына шабуылының әсері туралы сан түрлі пікір айтылуда. Әскери сарапшы Игорь Тышкевич «Тор» операциясының үш негізгі жетістігі туралы айтты.


На что повлияла атака дронов по российским авиабазам | Цензор.НЕТ

 

Украина әскері күні кеше Ресейдің 4 әуежайына шабуыл жасады. Соққы Ресейдің ең маңызды әскери ұшақтарына жасалған. Яғни, Ту-95, Ту-22М3, А-50, Ту-160 ұшақтары соққы астында қалды. Әскери сарапшылар Ресей үшін бұл ұшақтардың әр бірі өте маңызды екенін жазуда. Себебі бұл Ресейдің ядролық триадасының негізгі элементтері саналады және алыс қашықтыққа барлау жасаудағы басты ұшақтары да осы санатқа жатады. Аталмыш ұшақтар қанатты зымырандарды, ядролық қаруды алып ұшуға қабілетті. Мамандар 2022 жылға дейін Ресейде 58 дана Ту-95, 16 дана Ту-160, 58 дана Ту-22М3 ұшақтары болғанын айтуда. Ал алыс қашықтыққа барлау жасайтын А-50 ұшақтарының саны 10 дана болған. Соғыс басталған сәтте Ресей 3 дана А-50 ұшағын жоғалтты. Мамандар ғылыми базаның жоқтығы, мамандардың шетелге кетуі және санкцияның салдарына байланысты Ресей билігі аталған ұшақтарды қазіргі сәтте жасай алмайтынын айтуда.

 

Әскери сарапшы Игорь Тышкевич операцияның үш нәтижесі туралы айтты.

 

Біріншіден, Ресей Украина аумағын зымырандармен атқылау барысында авиацияны көбірек қолдануда. «Искандер» зымырандарының саны шектеулі болғандықтан, КХДР-ден қосымша зымырандар сатып алуда. Алайда басымдықты авиацияның қанатты зымырандарына береді. Қара теңіз флоты соғыстың о басында Украина аумағын атқылауға қолданылды. Дей-тұра Украина аталған флоттың 22 кемесін істен шығарғаннан кейін, Ресей флотты ұрыс қимылдарында сирек пайдаланатын болды. Сол себепті бар басымдық авиацияға ауды. Ендігі таңда Украина стратегиялық ұшақтарды соққыға алу арқылы Ресейдің бұл мүмкіндігін де азайтты.

 

Екіншіден, Ресейдегі қоғамдық пікірде наразылық деңгейін арттырды. Украина әскерінің майдан даласындағы соңғы сәтсіздіктерінен кейін, «Тор» операциясы украин сарбаздары мен қоғамының рухын көтерді. Сарапшылардың айтуынша аталған операцияның имидждік эффектісі Курск операциясынан асып түспек. Ал Ресей қоғамында керісінше наразылық көңіл-күйі артқан. 

 

Үшіншіден, Украина әскері Ресей аумағында күтпеген соққы жасай алатынын көрсетті. Киев соғыстың 4-ші жыл қатарынан жүріп жатқанына қарамастан, Ресейдің аумағында арнайы қызмет өкілдерінің жеткілікті екенін әскери операция арқылы дәлелдеді. Бұл өз кезегінде Ресейдің жоғары шенді әскерилеріне де қауіптің барын білдіреді. Сондай-ақ, Ресейдің саяси амбициясына да соққы жасалды. Ядролық триаданы модернизациялау жоспарын жариялаған Кремльге айтарлықтай соққы болды.

 

Әскери сарапшы Ресей әскері жауап ретінде Украина аумағын бұрын-соңды болмаған масштабта зымыранмен атқылайтынын айтуда. Тіпті, қызыл сызықтан өтіп, ел президенті мен министрлері, депутаттар мен соттар отыратын ғимараттарды да соққы астына алуы мүмкін дейді сарапшы Игорь Тышкевич.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар