Соңғы жылдары теңіздегі соғыс қимылдары қарқынды өзгеріп, Қызыл теңізден Қара теңізге дейін, Оңтүстік Қытай теңізінен Шығыс Жерорта теңізіне дейін бұрын ен жайлап келген мемлекеттер әскери-теңіз стратегияларына көзқарасын түбегейлі қайта қарап жатыр. Бұл жанұшыра ізденістің басты себебі — ұшқышсыз су үсті және суасты платформаларының әскери өмірге дендеп енуі.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Бұл технологиялық жаңашылдық қазіргі заманғы жауынгерлік жағдайларда өзінің тиімділігін дәлелдеп, ірі басқарылатын флотты пайдаланудың бұрынғы дәстүрлі моделіне күмән тудырта бастады. Бұл — дәлелдеуді қажет етпейтін жаңа әскери аксиомаға айналып отыр.
Украина Қарулы күштері пайдаланған «Magura V7» тіптен, шектеулі ресурстар мен технологиялық тұрғыдан әлдеқайда мұздай қаруланған қарсыласқа қапысын тауып, естен тандырар соққы беруге болатынын көрсетті.
(Украиналық Magura V7. Сурет: liga.net)
ҚАРА ТЕҢІЗ: ҮСТЕМДІККЕ ҚАРСЫ НАР ТӘУЕКЕЛ
Украина ауқымды әскери науқанда ұшқышсыз су үсті аппараттарын (USV) таңқаларлық табыспен қолданған алғашқы мемлекет ретінде әскери-соғыс тарихына енді. Украинаның «Magura V7» аппараттары тіптен шектеулі ресурстар мен технологиялық тұрғыдан жабдықталған қарсыласқа қалай әлеуетті әрі ауыр соққы беруге болатынын дәлелдеді. Украиналық «USV» — тек қару ғана емес, теңізде әскери іс-қимыл жүргізудің жаңа доктринасына айналды.
Украинаның ең әсерлі операцияларының қатарында — «Сергей Котов» патрульдік кемесін, «Цезарь Куников» десанттық кемесін және «Ивановец» корветін суға батыру әрекеттері бар. Сонымен қатар, бұл аппараттар Керчь көпіріне, мұнай инфрақұрылымына, Ресей әуе күштерінің жойғыштары мен тікұшақтарын қоса алғанда, әуе нысаналарына шабуыл жасау үшін де пайдаланылды.
Теңіз дрондарына бейімделген «ауа-ауа» зымырандарын қолдану фактісінің өзі теңізде көпфункционалды платформаларды пайдалануда сапалық әскери-техникалық секіріске қол жеткізілгенін көрсетеді.
Мұндай құралдардың тиімділігі көбінесе олардың конструкциясының қарапайымдылығына, төмен құнына, сондай-ақ базалардан жүздеген шақырымға дейін әрекет ету мүмкіндігіне негізделген. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бір украиналық «USV» өзі жоя алатын нысаннан жүздеген есе арзан. Бұл тактика — қорғаныс бюджеті шектеулі елдер үшін таптырмас мүмкіндік.
(Түркиялық USV Albatros. Сурет: janes.com)
ТҮРКИЯ: ТЕҢІЗ ҰШҚЫШТАРЫН ЖАСАУДАҒЫ КӨШБАСШЫ
Түркия ұшқышсыз су үсті аппараттарының технологияларын белсенді дамытып жатыр. Оның жарқын мысалдарының бірі — «ASELSAN» және «SEFINE» әзірлеген «USV MARLIN». Бұл аппарат электрондық күрес саласындағы жоғары маневрлік пен мүмкіндіктерді көрсете білді. Ол қазіргі заманғы әскери операцияларда тиімділігін дәлелдеп, НАТО шеңберінде табысты сынақтан өтті.
Сонымен қатар, Түркия ұшқышсыз ұшу аппараттарымен бірлескен шабуыл жасауға қабілетті «USV Albatros-ты» жасап шығарды. Сынақтар барысында «Albatros» түрлі ұшқышсыз жүйелер арасындағы үйлесімділікті көрсетіп, мақсатты кемеге соққы жасап, оны теңіз түбіне жіберді.
Түркия ұшқышсыз бірлескен шабуыл жасау қабілеті бар «USV Albatros» арқылы өз көшбасшылығын АҚШ пен Қытайға мойындата білді.
(Қызыл теңіздегі хуситтердің танкерлерді шабуылдау сәті. Сурет: eadaily.com)
ҚЫЗЫЛ ТЕҢІЗ: ХУСИТТЕРДІҢ ТЕҢІЗДЕГІ ПАРТИЗАНДЫҚ СОҒЫСЫ
Әлемнің басқа бөлігінде — Йемендегі Қызыл теңізде хуситтер АҚШ пен Израильдің көзін бақырайтып қойып, осыған ұқсас стратегияны жүзеге асыра бастады. Теңіз дрондарын, жағадағы зымырандарды және ұшқышсыз ұшақтарды қолдана отырып, олар сауда жолдарына, соның ішінде стратегиялық маңызы зор Баб-эль-Мандеб бұғазына шабуыл жасай алады.
Шектеулі ресурстарға қарамастан, хуситтер жаһандық логистиканы өзгерте алды – жүк тасымалы миллиардтаған шығынға ұшырап, бұл аймақты айналып өте бастады. Олардың әрекеттері теңіздегі қауіп енді тек мемлекеттерден емес, шағын, икемді және болжауға қиын топтардан да туындауы мүмкін екенін көрсетті.
(Америкалық Saildrone. Сурет: saildrone.com)
АҚШ ЖӘНЕ 59-ОПЕРАТИВТІК ТОП: ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КӨШБАСШЫЛЫҚ
АҚШ 2021 жылы Бахрейнде 59-оперативтік топты құрып, флот құрамына ұшқышсыз су үсті және су асты құралдарын енгізе бастады. Бөлімше қазірдің өзінде Парсы шығанағында, Қызыл теңізде және Үнді мұхитында барлау, радиоэлектрондық күрес және соққы миссиялары үшін ондаған дрондарды қолданып, операциялар жүргізіп отыр.
Бірегей шешімдер қатарында — күн батареясын пайдаланатын шағын автономды кемелер «Light Fish» және желкенді қайықтарды еліктейтін «Saildrone» дрондары бар. Бұл платформалар адами қатысуды барынша азайтып, 24/7 бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
(Қытайлық USV-I6000. Сурет: hisutton.com)
ҚЫТАЙ: ТЕРЕҢДІККЕ ДЕН ҚОЮДА
Қытай теңіз соғысының терең суасты саласына ерекше қызығушылық танытып отыр. 4 000 метрге дейін тереңдікке түсе алатын ұшқышсыз аппараттар таяуда сынақтан өтті. Ресми түрде олар геологиялық барлау мақсатында пайдаланылуда. Алайда халықаралық сарапшылар бұл мәлімдемелерге күмәнмен қарайды. Суасты инфрақұрылымына — байланыс кабельдерінен бастап, газ құбырларына дейінгі диверсиялар жиілеп кеткен тұста, бұл технологиялардың өзге мақсаттарға пайдаланылуы әбден мүмкін.
Қытай сонымен қатар «платформа ішіндегі платформалар» тұжырымдамасын – бортында дрондар мен суасты ұшқышсыз қайықтары бар ірі су үсті кемелерін дамытып жатыр. Бұл — жаңа буын авианосецтерінің прототипі іспетті.
(Израильдік Protector. Сурет: shipshub.com)
ИЗРАИЛЬ: ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ ЖАНКЕШТІЛІК
«Protector» және «Seagull» модельдерін әзірлеуде Израиль ертерек жетістікке жеткенімен, әскери-теңіз қолбасшылығы бұл платформаларды ұрыс жағдайына енгізуге дейін жылы қабақ таныта қоймады. Басты назар жоғары шабуыл және қорғаныс мүмкіндіктері бар «Саар 5» және «Саар 6» корветтеріне аударылды.
Алайда жаһандық соғыс жағдайының өзгеруі, сондай-ақ ХАМАС пен «Хезболла» тарапынан төнген қауіптер Израильді стратегиясын қайта қарауға мәжбүрледі. Жерорта теңізіндегі жағдайды бақылау үшін «Saildrone» дрондарын сатып алу туралы шешім — технологиялық бетбұрыстың бастауы.
Сондай-ақ Германия мен Грекия қызығушылық танытқан «Blue Whale» суасты ұшқышсыз қайығын дайындау да – осы бағыттағы маңызды қадам.
(Blue Whale. Сурет: yahoo.com)
XXI ҒАСЫРДЫҢ ТЕҢІЗ ДОКТРИНАСЫ
Ірі, қымбат корабльдерден автономды платформаларға көшу — қазіргі заманғы соғыс сын-тегеуріндеріне берілген қисынды жауап. Бұл дәстүрлі флоттан толық бас тарту емес, оны қолдану тұжырымдамасының түбегейлі өзгергенін көрсетеді.
Асимметрия, модульдік және автономия — бұл жаңа теңіз архитектурасының негізгі қағидаттарына айналды.
Украина мен хуситтер бүкіл әлемге әлсіз жақтың да мықтыларға тосқауыл бола алатынын, тіпті ережелерді қайта жаза алатынын дәлелдеді. Иә, АҚШ пен Қытай теңіздегі үстемдік үшін жүздеген миллиард доллар жұмсап жатыр. Алайда, өзгерістерге жылдам бейімделе алатын, ресурсы шектеулі елдер енді тек өз мүдделерін қорғамай, болашақ теңіз соғысының бағытын да айқындай алады.
Mezgil.kz