Украинаның «Тор» операциясы: Ресей авиациясы үшін қаралы күн!

Мамырдың нақ ортасында Украина мен Ресейдің келіссөзшілері Ыстамбұлда жолықты. Ол кездесуде Ресей тарабы үстем сөйлеп, доқ көрсетіп кеткен. Ол кездесудің жалғыз нәтижесі – қос тарап 1000 адамға 1000 адамнан тұтқын алмасты. Ал ұрысты тоқтату бойынша да, бейбіт келіссөздерді бастау бойынша да келісім болған жоқ.

1748786173909634.jpg

(Суреттер: Ашық дереккөздерден алынды)

БІРІНШІ РАУНД: ҚОДЫРАҢДАҒАН РЕСЕЙ

Әуелде, мінезсіз деген Мединский: «Украина 4 облысты Ресейге беруге көнеді. Көнбесе, Сумскі мен Харьков те біздікі болады», - деді әкіреңдеп. Онан соң, президент Путин де «Сумскі мен Харьков аумағында буферлік аймақ құратынын» айтып, сестенді. РФ СІМ басшысы Лавров та, президент Путиннің көмекшісі Ушаков та, осы риториканы тегіс қайталаумен болды.

АҚШ қос тарапты келіссөзге келтіремін деп қанша күш салса да, Ресей тарабынан тек қоқан-лоқы мен арандату, шабуылды үдету секілді әрекеттер болды. Мәскеу Вашингтоннның сөзін «елемеді». Бұған ақырында президент Трамп та ашулана бастаған еді. Ал Украина осы уақыттың барлығында қорғаныста болды. Арандатуға бармады. Келіссөз бен бейбітшілікке ниетті екенін көрсетті. Вашингтонның қатқыл сөздерін де жауапсыз қабылдап, ұрыс қимылдарын тоқтатуды ұсынып келді.

ЕКІНШІ РАУНД: УКРАИНА ОҢДЫРМАДЫ...

Ертең Украина мен Ресей келіссөзшілері тағы жолығады. Екінші раунд өтеді. Делегациялар құрамы өзгерген жоқ. Кездесу орны да сол бұрынғы жер - Ыстамбұл.

Ертеңгі келіссөздің дәл алдында Украина Ресейге жақсылап тұрып жауап берді. Мединскийдің мыңқылына да, Лавров пен Ушаковтың күңкіліне де, Путиннің әлімжетті әңгімесіне де жауап берді. Қалай десеңіз, қараңыз:

Бүгін Украина Ресейдің бірқатар өңіріндегі, әсіресе тыл аймақтардағы әскери нысандарға, соның ішінде әуе базаларына дрондармен шабуылдады. «Тор» деген атау қойып, әскери операция жүргізді.

1) Ресейдің Рязан облысындағы «Дягилово» аэродромына дрондар шабуылдады.

2) Ресейдің Иркутскі облысы. Усолье-Сибирское дейтін қалашық бар. Сондағы «Белая» дейтін әскери гарнизон мен әуе айлағы соққының астында қалды. Бұл Ресейдің Сібіріне жасалған алғашқы шабуылдардың бірі.

3) Мурманскі облысындағы «Оленья» дейтін авиабаза соққының астында қалды. Бұл жерде ядролық қару тасымалдаушылар орналасқан.

4) Мурманскі облысындағы Серевоморск қаласы шабуылға ұшырады. Североморск - ядролық оқтұмсықтары бар сүңгуір қайықтарға қызмет көрсететін Ресей флотының негізгі қалаларының бірі.

5) Брянскі және Курскі облыстарында теміржол көпірлері сериалы түрде талқандалды.

Бүгін Ресейдің ең кемі 4 әуежайына (айлағына) шабуыл жасалған. Олар: «Оленья», «Дягилево», «Белая» және «Иваново». Нақты қанша ұшақтың жойылғаны әзірге белгісіз. Кей ақпарат көздері 40-қа жуық десе, тағы бір дереккөздер ең кемі 12 ұшақ жойылғанын жазуда. Бұлардың барлығы дерлік Ресейдің стратегиялық ұшақтары. Құны 200 млн доллардан асатын А-50, Ту-95 және Ту-22 М3 ұшақтары бар.

Бұл сөзсіз осы соғыстағы Украинаның ең ауқымды және ең нәтижелі операциясы. Себебі, Украина мен Иркутскінің арасы 4,7 мың шақырымға дейін жетеді. Ал Украина мен Мунманскі ортасында Беларусь, Литва, Латвия, Эстония мен Финляндия мемлекеттері жатыр. Қашықтығы 2,2 мың шақырымға жуықтайды.

Украина БАҚ-тарының жазуынша, «Тор» операциясы 1,5 жыл бойы ұйымдастырылған. FPV-дрондар әуелі жүк көліктері арқылы Ресей аумағына кіргізілген. Кейін қашықтан басқару арқылы әуеге көтерілген.

Сарапшылар құны 200-300 млн долларлық стратегиялық ұшақтарды Украинаның 300 долларлық FPV-дрондары талқандағанын жазуда.

Рас, Ресей бұған алдағы уақытта жауап қатады. Украина қалаларын зымырандармен соққылайды. Десе де, бұл – алдыңғы келіссөзде «көнсең де, көнбесең де, көнесің» деп көкірек керген Ресей делегациясына екінші раунд алдында берілген жауап болды.

Mezgil.kz


Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар