Жаңа формадағы ескі дерт: Колониализм қайта оралуда!

«Деколонизация!» — соңғы жылдары Батыс университеттерінде ең көп айтылатын ұрандардың бірі. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың авангардына айналған талай академиктер бұл ұғымды желеу етіп, отаршылдықтың зұлмат мұрасын сынауға жанын салып жатыр. Бірақ бұл ұранның ар жағында не жатыр? Ақиқатында, айқайы көп, мазмұны бос, сәнге айналған деколониялық риторика ғана.


Дональд Трамп хочет присоединить Гренландию к США: спорт, жизнь и армия  острова — как живут гренландцы. Спорт-Экспресс

 

Иә, «деколонизация» туралы көп айтылады. Алайда Ив Так пен К. Уэйн Янг сынды ғалымдар орынды атап өткендей, бұл сөз бүгінде жай ғана метафораға айналып кетті. Академиялық орта оны терең мазмұнмен емес, үстірт сәнмен қабылдай бастады. Нәтижесінде — сырттай прогрессивті, бірақ шынайы саяси ерік-жігерден жұрдай әңгімелер көбейіп кетті.

 

Ал осы ұрандарды шынайы іске асыруға келгенде жағдай мүлдем басқаша. Кейбір мемлекеттер «деколонизация» деген ұранды бетперде етіп, өздерінің отаршыл саясатын жалғастырып отыр. Олар отарланған халықтардың шынайы мәселелерін шешуге асықпайды. Қайта бұл ұғымды әдейі бұрмалап, жұрттың назарын басқа жаққа аударып, өз әрекеттерін «гуманизм» мен «прогресс» деген желеумен жауып келеді.

 

Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы және қазіргі президенті Дональд Трамп Панаманы қайтадан отарлауды астарлы түрде ұсынды. Бұл — жай қалжың ба, әлде көп айтса, шындыққа айналатын сөз бе? Трамптың бизнес стилі мен саяси популизмін ескерсек, мұны жай қалжың деп қарау аңғалдық болар еді. Бұл сөздердің артында нақты геосаяси ниет жатқаны күмәнсіз.

 

Трамптың көздегені тек Панама емес. Ол Канадаға да көз тігіп, оны АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру туралы ой тастаған. Гренландияны сатып алу туралы ұсынысы ше? Осындай әрекеттер бұрынғы президент Мартин Торрихостың: «Отаршылдық дәуірі өтті» деген сөзіне қайшы келіп тұрған жоқ па? Тарих қайталанбас деп кім айтты?

 

Шынтуайтында, Батыстың кейбір ықпалды орталарында отаршылдықты ақтап алуға тырысатын тенденция бар. Брюс Гилли деген бір ғалым «отаршылдық жаман емес еді, тіпті пайдалы болды» деген мазмұнда мақала жазып, үлкен дау туғызғаны есте. Міне, осындай ойлар Трамптың ұсыныстарында көрініс табады: «Салықты азайтамыз, бизнесті дамытамыз, әскери қорғаныс береміз» деген желеумен жаңа отарлау моделін ұсынып отыр.

 

Бірақ мәселе бір ғана Трампта емес. Мәселе — қазіргі Батыс дискурсының екіжүзділігінде. Бір жағынан олар антиколониализм ұранын көтеріп, гуманист болып көрінгісі келеді. Екінші жағынан, экономикалық және геосаяси ықпалын кеңейту үшін ескі тәсілдерге қайта оралып отыр.

 

Эндрю Джексонның 1830 жылғы үндістерді жерінен көшіруді ақтай сөйлеген сөзі әлі де жадымызда: «Адамзаттың ортақ мүддесі үшін» деген. Сол мүдде кімнің мүддесі екенін уақыт көрсетіп келеді. Бүгінде «адамзаттың мүддесін» алға тартып, Канада мен Панаманы АҚШ-тың стратегиялық шеңберіне енгізу ұсынылуда. Бұл не? Көпұлтты ынтымақтастық па, әлде заманауи колониализмнің жаңа формасы ма?

 

Қорыта айтқанда, отаршылдық тек тарих бетінде қалған құбылыс емес. Ол жаңа реңк, жаңа дискурс, жаңа ораммен қайта оралып жатыр. Сондықтан да бүгінгі әлемде шынайы деколонизация — ұран емес, нақты саяси шешім мен әрекет болуға тиіс.

 

Өмер Каяджы


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар