Израильге санкция саламыз: Аштық болуы мүмкін...Соғысты тоқтатыңдар!

Израиль әскері Газа аймағындағы шабуылды үдете түсті. ЦАХАЛ Газаны бірнеше бақылау аймағына бөлетін «Гидеонның күймелері» операциясын бастауға дайын екенін айтуда. Операцияның құрлықтық бөлігін іске асыру үшін Израиль әскері аймаққа артиллериямен соққы жасауда.


Ситуация в секторе Газа – израильские военные полностью окружили город Газа  » Слово и Дело

 

Халықаралық қауымдастық Израиль мен ХАМАС-ты келіссөзге келіп, ұрыс қимылдарын дереу арада тоқтатуға шақыруда. Газаға гуманитарлық көмек кіргізу соңғы үш айда қиындады. Израиль аймақты әскери құрсауға алуда.

 

Апта басында Израиль премьері аймаққа гуманитарлық көмекті кіргізуді бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху «ХАМАС гуманитарлық көмекті тонамауы үшін, біз аймақты толық бақылауға аламыз» деп мәлімдеді. Дүйсенбі күні Израиль Газаға балаларға арналған тамақты кіргізуді бастады. Бұл туралы Израильдің СІМ орынбасары Эден Бар-Таль айтты.

 

Дүйсенбі күні Газаға «Керем-Шалом» өткізу бекеті арқылы 10 жүк көлігі кірді. Наурыз айынан бастап құрсауда тұрған Газаға қайта көмек кіргізіле бастады. Алайда халықаралық ұйымдар Израильдің әрекеттері Газаны аштықтан құтқарып қалмайтынын айтуда. БҰҰ мен ДСҰ гуманитарлық көмек кіргізуді ондаған есе арттыру керек дейді олар.

 

ДСҰ басшысы Тедрос Аданом Гебреисус былай дейді: «Газаға бірнеге минуттық қашықтықта тонна-тонна азық-түлік тұр. Оларды аймаққа кіргізбеуде. Гуманитарлық көмектің кіргізілмеуіне байланысты Газада аштық қаупі артып келеді».

 

Нетаньяху аймаққа гуманитарлық көмекті кіргізу шешіміне одақтастардың ұсынысы ықпал еткенін айтуда. Haaretz газетіне пікір білдіре отырып, Нетаньяху былай дейді: «ХАМАС-ты түбегейлі талқандау операциялары күш алған сәтте, біз аймаққа қажетті  азық-түлікті шекті негізде кіргізудеміз. Бұл Газада аштық болмау үшін іске асуда».

 

Израиль премьері осы уақытқа дейін ХАМАС-тың гуманитарлық көмекті тонап келгенін айтты және ендігі таңда гуманитарлық көмек Израильдің бақылауымен таратылу керек дейді. «Газаның оңтүстік аймағында азық-түлік тарататын орталықтар құрамыз. Оның қауіпсіздігін Израиль әскері қамтамасыз етеді, ал азық-түлікті АҚШ-тың түрлі компаниялары үлестіретін болады», - дейді Израиль БАҚ-тары.

 

Израильдің аймаққа азық-түлік кіргізе бастауын оппозициялық партиялары сынға алуда. Олар: «Нетаньяху Газаға тамақ кіргізу арқылы ХАМАС-тың тынысын ашуда» - деп мәлімдеме жасауда.

 

Әлемдік БАҚ Газадағы ұрыс қимылдарының үдей түсуі мен гуманитарлық жағдайдың қиындауына байланысты Еуропа елдерінің Израильге қысым жасап жатқанын жазуда.

 

Күні кеше Ұлыбритания, Франция, Канада және өзге де Еуропа елдерінің бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Мәлімдемеде былай делінген:

 

«Біз Израильдің Газадағы операцияны үдете түсуіне қарсымыз. Ұрыс қимылдарынан зардап шегушілер саны еселеп артуда. Израиль билігінің аймаққа шекті көлемде кіргізуге рұқсат еткен гуманитарлық көмегі жеткіліксіз. Біз Израильді дереу арада ұрыс қимылдарын тоқтатып, гуманитарлық көмекті толық кіргізуді рұқсат етуін сұраймыз. Бұл БҰҰ-ның және өзге ұйымдардың қатысуымен іске асуы шарт. Сонымен бірге біз ХАМАС-ты 2023 жылдың, 7-қазанында тұтқынға алған жандарды дереу босатуын талап етеміз.

 

Біз Израильдің гуманитарлық миссиялардан бас тартуын және соғысқа байланысты Газа халқының мәжбүрлі көшірілуін халықаралық құқықтың бұзылуы деп бағалаймыз. 7-қазанда Израиль қатыгез шабуылға ұшырады. Израиль лаңкестіктен өз халқын қорғауға толық құқылы. Алайда қазіргі таңдағы эскалацияның масштабы адам шошырлық деңгейде.

 

Израиль үкіметі өз әрекетін жалғастырып жатқан сәтте, біз үнсіз қарап тұрмаймыз. Егер Израиль әскери операцияны жалғастырса, онда біз нақты әрекетке көшеміз. Сонымен бірге біз Израильдің Самария мен Иудеяда елді-мекендер санын арттыруға да қарсы екенімізді айтқымыз келеді. Израиль заңсыз негізді тұрақтар салуын тоқтатуы шарт. Бұл Палестина мемлекетін құру мүмкіндігін қиындату деген сөз және екі халықтың қауіпсіз өмір сүруіне де кедергі болып саналады. Біз өткір шешім қабылдаудан қашпаймыз және қажет болса нақты санкциялар салуға да барамыз.

 

АҚШ, Катар және Мысырдың ұрысты тоқтату жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз. Бұл әрекет барлық тұтқынды босатуды және ұзақ мерзімді саяси шешімді қамтиды. Бұл әрекеттер Газа халқына келтірілген зардаптарды жеңілдетуге, ХАМАС билігін түбегейлі тоқтатуға және Сауд Арабиясы және Франция бастамасымен өткен конференцияның мақсаттарына сай екі мемлекеттен тұратын шешімге жол ашатын ең үлкен үміт болып саналады.

 

Біз Палестина әкімшілігімен, өңірлік әріптестермен, Израильмен және АҚШ-пен бірге араб елдерінің жоспары негізінде Газаның болашағына қатысты келісімге келу үшін жұмыс істеуді жалғастырамыз. Сонымен қатар, маусым айында БҰҰ аясында екі мемлекет шешімін ілгерілету мақсатындағы жоғары деңгейдегі конференцияның маңызын ерекше атап өтеміз. Біз Палестина мемлекетін мойындауға берілген уәдемізді растаймыз – бұл екі мемлекет шешімін ілгерілетудің маңызды қадамы», - дейді.


Mezgil.kz

 

 

 

 

 

 



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер
    Пікірлер тізіміне енуде...

    Ұқсас тақырыптар