29-сәуірде Трамптың билікке келгеніне 100 күн болмақ. Ресейдің бірқатар саяси ұйымдары мен институттары Трамптың осы кезеңде атқарған жұмыстарына қатысты семинарлар ұйымдастыруда.
Мәскеу қаласында 21-22 сәуірде Трамптың 100 күндігіне қатысты ғылыми конференция өтті. Владимир Мединский АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеуге қосқан үлесі оқулықтарға жазылатынын айтты.
«100 күндік кезең: Дональд Трамптың жаңа әкімшілігінің табыстары мен қиындықтары» атты конференция Е.М. Примаков атындағы РҒА Халықаралық экономикалық және саяси зерттеулер институты мен Г.А. Арбатов атындағы АҚШ пен Канада институтының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Бұл ғылыми шара америкалық саясатты зерттеушілерді жаңа президенттің күн тәртібін жүзеге асырудағы қиындықтар, оның алғашқы қадамдарының АҚШ пен әлемдік экономикаға әсері, федералды үкіметтегі күштер балансының өзгеруі, халықаралық аренадағы АҚШ бейнесінің өзгеруі және әртүрлі аймақтарда одақтастар мен қарсыластарға қатысты американдық басымдықтардың жүзеге асырылуы сынды мәселелерді талқылаумен өтті.
Конференция барысында 30-ға жуық баяндама жасалды. Олар түрлі тақырыпты қамтыды. Олардың ішінде келесідей тақырыптар қызу талқыға түсті: «Федералдық үкіметтің тиімділігі деген не және Трамп кіммен күресуде?», «Трампизм — АҚШ-тың саяси жүйесінің краш-тесті», «Америкалық карикатурашылардың бейнелеуінде Трамптың ішкі саяси имиджіндегі «орыс ізі», «Ресей-АҚШ қатынастары: жаңа байланыс кезеңі», «Технологиялық республика — АҚШ үшін жаңа ұлттық жоба», «Еркін әлемнің орнына не келеді? Мемлекет пе, өркениет пе, әлде империя ма?», «Трамптың тарифтік эскалациясының экономикалық рационалдығы бар ма?», «Трамп жоспары» - ресейлік оқулықтарда» атты баяндамалар болды.
Ресей президентінің көмекшісі Мединский былай дейді: «АҚШ әкімшілігінің қазіргі уақытта жасап жатқан орасан жұмысы, өзгеріс бағытындағы әрекеттері, Украина мәселесін реттеу бойынша ұсынған ақылға қонымды ұсыныстары, АҚШ-тың ішкі саясатындағы өзгерістері сөзсіз Ресей тарихына енеді. Бұл сәтте Трамп тарихқа енді деп толық айта аламыз».
Мединский Ресей оқушылары оқитын тарих кітаптарын әзірлеу жұмысына тікелей жауапты тұлғаның бірі саналады. Бұған дейін ол 5-9, 10-11 сыныптарға арналған оқулықты басып шығуға атсалысты және тарих оқулықтарына «Ресейге жаңа аймақтардың қосылуы» атты тақырып енгізіп, Ресейдің Украина жерін оккупациялап алуын ақтап шықты.
Ресей арналары Трамптың билікке келгеніне 100 күн болғанына байланысты түрлі сюжет әзірлеуде дейді сарапшылар. Ол Трамптың Украина-Ресей соғысына қатысты ұстанымы, Трамптың ішкі саясаттағы өзгерістері жайлы болмақ. Осылайша Мәскеу Трампты ресейшіл етіп көрсетуді ойластыруда.
Mezgil.kz