Трамптың соңғы ұсынысы: Санкцияны аламыз, Ресейге Қырымды береміз, соғысты тоқтатамыз!

Axios басылымы Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату бойынша Трамп әкімшілігі ең соңғы ұсынысты жасағанын айтты. Ұсыныс өткен аптада Ресей мен Украинаға таныстырылып, осы аптада қайта талқыға ұсынылмақ. Бүгін Ұлыбритания астанасы Лондонда АҚШ, Еуропа және Украина өкілдері бас қосып, аталған ұсынысты талқылауы тиіс.


Трамп, Путин и Зеленский начали переговоры для прекращения войны —  Денисенко — новости Украины / NV

 

АҚШ тарапы Украина делегациясы аталған ұсынысқа бүгін жауап қатады деп үміттенуде. Ұсыныс бойынша Украина аннексиядағы Қырымды Ресей аумағы деп мойындап, Ресей басып алған өзге аймақты Ресей бақылауындағы аймақ деп мойындауы тиіс. Бұл туралы Axios басылымы инсайдерлік ақпараттарға сүйене отырып жазды.

 

Басылымның жазуынша бұл Трамп әкімшілігі тарапынан жасалған соңғы ұсыныс болмақ. Тараптар ұсынысты не қабылдайды, не АҚШ келіссөздерден шығады. Сарапшылардың ойынша ұсыныстың ресейлік мүддені жақтайтын тұстары көп. «Бұл Украина президенті Владимир Зеленский үшін қиын шешім болмақ» дейді сарапшылар.


Карта спецоперации Вооруженных сил России на Украине на 05.04.2025

 

Киев тарапы Трамптың ұсынысында Ресей ие болатын артықшылықтар нақты жазылғанын, ал Украина тарапы қандай игілікке қол жеткізетіні нақты көрсетілмегенін айтуда. САРАПШЫЛАР ТРАМП ӘКІМШІЛІГІ ҰСЫНЫСТА РЕСЕЙ МҮДДЕСІНЕ САЙ КЕЛЕТІН КЕЛЕСІДЕЙ ТАРМАҚТАРДЫ ЕНГІЗГЕНІН АЙТАДЫ:

 

1. АҚШ «де-юре» Қырымды Ресейдің аумағы деп мойындайды. Яғни Қырым заңды түрде Ресей территориясы деп саналмақ.

 

2. АҚШ, Еуропа және Украина «де-факто» Ресей жаулап алған аумақты Ресей бақылауындағы аумақ деп таниды. Бұл Запорож, Херсон, Донецк және Луганск аймақтары.

 

3. Украинаның НАТО-ға мүше болмайтынына нақты кепілдік беріледі.

 

4. 2014 жылдан бері Ресейге салынған санкцияларды алып тастайды.

 

5. Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық байланысты арттыру және энергетикалық саладағы бірлескен жобаларды бастау іске асады.


1745394895222152.jpg

 

ТРАМП ҰСЫНҒАН ҰСЫНЫСҚА СӘЙКЕС УКРАИНАҒА БЕРІЛЕТІН БІРҚАТАР АРТЫҚШЫЛЫҚТАР КЕЛЕСІДЕЙ:

 

1. Украинаға «сенімді қауіпсіздік кепілдігі» беріледі. Бұл Еуропа және өзге елдердің қатысуымен іске асады. Алайда құжатта АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігіне қатысатыны жайлы жазылмаған.

 

2. Ресей әскері Харьков бойында басып алған аумақты Украинаға қайтарады.

 

3. Украина кемелері Днепр өзені бойымен кедергісіз жүзе алады. Бұл аймақ қазіргі таңда майдан шебі саналады.

 

4. Украинаның экономикалық шығынын өтеу және оны қалпына келтіруге қатысу. Бұл миссияны іске асыру үшін қаржының қайдан алынатыны жазылмаған.

 

5. Украинаның ЕО-ға кіруіне көмектесу.

 

Трамп әкімшілігі ұсынған соғысты тоқтату жоспарында өзге де тармақтар жазылған. Мысалы Запорож АЭС-і Украинаның меншігіне қайтарылмақ. Алайда АЭС-ті АҚШ басқарады, ал АЭС өндіретін энергияны Ресей мен Украина қатар пайдаланбақ. Құжатта АҚШ пен Украина арасында жасалған пайдалы қазбаларды бірлесе игеру мәселесі де көрсетілген. Трамптың сөзінше аталған құжатқа екі ел билігі осы аптада қол қояды. Өткен аптада бұл құжат меморандум негізінде қабылданды.

 

Трамптың «соңғы» ұсынысы Стив Уиткоффтың апта бұрын Путинмен кездесуінен кейін жасақталды. Ақ үй Уиткоффтың апта соңында Ресейге төртінші мәрте баратынын және Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетінін айтты.

 

Ақпарат көздері арнайы өкіл Стив Уиткофф пен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бүгін Лондонда өтетін кездесуге қатыспайтынын айтты. АҚШ-тың делегациясын Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог бастап бармақ.

 

Батыстық ақпарат көздері Украина тарапы Трамптың жоспарын қабылдаудың орнына, ұрысты еш шартсыз 30 күнге тоқтату мәселесін талқылауға ниетті екенін жазды. Ал Вашингтон тараптар жақын күндері келісімге келмесе, келіссөздерден шығатынын ескертті.


Mezgil.kz



Пікір жазу(0 Пікір)
  • Пікір жазыңыз
    Қызу талқы
    Жаңа пікірлер

    Пікір жазылмаған

    Ұқсас тақырыптар