Тоқаев: Әлем қатаң тарифтік текетірес саясатына көшті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентке барды. Сапар барысында президент кәсіпорындарды аралап, жергілікті халықпен кездесіп, кәсіпкерлермен пікір алмасты. Мемлекеттің даму қарқыны мен әлемдік саясаттағы ахуалға тоқталып, экономиканың даму перспективалары жайлы айтты.


5461019164627038208.jpg

 

Президент қаладағы әуежайдың жаңа терминалымен танысты. Мемлекет басшысының қаланы дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында салынған әуе айлағының құрылысына жеке инвестор 24 миллиард теңге қаражат жұмсаған болатын.

 

Президентке Қазақстанның оңтүстігінде бірегей авиациялық хаб қалыптастыру өңірдегі әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Еуропа мен Азияның бірқатар еліне рейстер ашуға мүмкіндік беретіні жөнінде баяндалды.

 

Мемлекет басшысы сауда-логистика орталығына барды. Президент стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығына барып, жұмыс барысымен танысты. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын көп функционалды кешен құрылысына жеке инвестор 14,8 млрд теңге қаржы құйған.

 

Орталық өнім сақтаудың озық технологиясымен жабдықталған. Атап айтқанда, тез бұзылатын азық-түлікті ұзақ сақтамай, барынша жедел таратуға мүмкіндік беретін жүйе енгізілген. Бұл хабтың маңызын арттыра түседі.


5461038857052089701.jpg

 

Шымкент өңірі ауыл шаруашылығымен танымал. Президент ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын былтыр 168,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыжай кешендерін салуға түркиялық Alarko Holding компаниясы 650 млн доллар, ал Польшаның Fabe Polska SP кәсіпорны 136 млн доллар көлемінде инвестиция құюға ниетті екені айтылды.

 

Президент жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытына да барды. Озық технологиялармен жабдықталған және автоматтандыру деңгейі өте жоғары кәсіпорын жылына 283 млн литрге дейін сусын шығара алады. Мемлекет басшысы өндіріс барысымен танысқан соң, өңірдің экономикалық өсіміне серпін беретін ірі инвестициялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев «Shymkent City» шағын ауданына жақын маңдағы жаңа саябаққа барды. Аумағы 20 гектардан асатын паркте сейілдеуге және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Субұрқақты жасанды тоған, амфитеатр, ландшафтты аллеялар, воркаут және скейт алаңдары бар.


Экологиялық жағдайды жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру үшін алдағы жылдары 1 миллион түптен астам ағаш көшеті отырғызылмақ. Шаһардағы 12 саябақты абаттандыру, сондай-ақ гүлзарларды, Қошқар ата өзенінің жағалауы мен арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы қоқыс полигонының орнында Экопарк құрылысы қолға алынды.


5461019164627037887.jpg

 

Бұдан бөлек, Президентке қытайлық Shaanxi Construction Engineering компаниясы ұсынған қоқыс өртеу зауытының жобасы таныстырылды. Зауыт тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіре алады.

 

Мемлекет басшысы Шымкентте жүзеге асырылып жатқан цифрлық шешімдермен танысты. Олардың қатарында отандық «СМЭУ Астана» әзірлемесіне негізделген бағдаршамдарды интеллектуалдық басқару жүйесі, Avtobys цифрлық платформасы бар. Sergek Group және Freedom Telecom компанияларымен бірге FWA 5G технологиясы негізінде жұмыс істейтін, жол қозғалысы мен мен қоғамдық тәртіпке үздіксіз мониторинг жүргізетін сыртқы бейнебақылау және жылдамдығы жоғары интернет жүйесі енгізіліп жатыр.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жасаған сапар барысында кәсіпкерлер мен жұртшылық алдында сөз сөйлеп, әлемдік саясаттың ахуалына да тоқталды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір білдіріп, былай деді: «Баршаңызға белгілі, жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз. Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Апта басында барлық негізгі индекстердің мәні төмендеп, мұнай бағамы барреліне 60 доллардан аспады. Алайда Америка билігі тарифтерді кейінге қалдыру туралы шешімін жариялаған соң, биржадағы бағалар өсті. Қазір жағдай біршама тұрақталғаны байқалғанымен, әлемдік қор нарығы мен шикізат биржалары бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түсіп тұр. Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды», – деді.


5461019164627037880.jpg

 

Президент жаһандық ахуалға мейлінше бейімделіп жұмыс істеу, яғни, әр қадамды мұқият ойластырып, салмақты шешімдер қабылдау арқылы Қазақстан экономикасын түрлі сын-қатерден сақтап қалу маңызды екеніне тоқталды.

 

«Сауда-саттық – дамудың көзі. Жекелеген елдермен қатар, тұтас аймақтардың өзі сауданың арқасында өркендеп, көркейе түсті. Қазақстан Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Бұл – біздің географиялық ерекшелігіміз ғана емес, тарихи тағдырымыз деуге болады. Демек біз еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Сондықтан Қазақстан аса маңызды халықаралық көлік-логистика жобаларын жүзеге асыру ісіне белсенді түрде қатыса бермек. Біздің негізгі мақсатымыз бәріне түсінікті деп ойлаймын. Біз тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта береміз. Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз. Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз. Көршімізде өрт шықса, оның жалыны бізді де шарпиды. Сондықтан іргелес елдердің бәрінде тыныштық пен тұрақтылық болғанын қалаймыз. Әрине, мұның барлығы – уақытша қиындықтар. Ең бастысы, біздің бағдарымыз айқын, жолымыз ашық. Алға қойған мақсаттарымызды міндетті түрде іске асырамыз. Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті – қолға алған реформалар мен жобаларды тиянақты жүзеге асыру. Сонда ғана ұлттық экономикамыз да тұрақты даму жолына түспек», – деді Президент.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар