ХАМАС жиһадшылары Израильге қарсы шабуыл бастап, артынша ЦАХАЛ Газада әскери операция бастағалы бері бір жарым жылдай уақыт өтті. Израильдің толық ауқымды соғысынан кейін де ХАМАС осы өңірдегі белсенді саяси және әскери ойыншы болып қалып отыр.

(Коллаж: Mezgil.kz)
Топ қазір қалай жұмыс істеуде, оның толық қалпына келу ресурстары бар ма және оны таяу болашақта не күтіп тұр? Бұл сұраққа ВВС басылымы жауап беріпті. Біз Mezgil.kz оқырмандарына осы мақаланы қазақшалап ұсынғанды жөн көрдік.
АҚШ-тағы Ақ үйге Дональд Трамп келіп, «бітімгерлікке» қол қойылғанымен, Израиль ХАМАС-қа қарсы жаңа операциясын бастап кетті. Нетаняху командасының бұл әрекетіне ХАМАС тұтқынында қалғандардың Израильдегі туыстары наразы. Олар өз туыстары содырлар қолынан опат болады деп есептейді. Десе де, олар Израиль билігінен радикалды топты толығымен жоюды талап еткен.
Кейбір сарапшылар «ХАМАС-ты тек әскери әдіспен жою мүмкін емес» деп есептейді және исламшыл содырлардың Палестина халқына ықпалының әлсіреуіне үміт артады.
ЯХЬЯНЫҢ ҚАЗАСЫ ХАМАСҚА ЕҢ АУЫР СОҚҚЫ БОЛДЫ!
Газа секторындағы соғыстың жалғасып жатқанына 1,5 жылдай уақыт болды. Қазір ХАМАС-тан не қалды?
Соғыс басталғаннан-бері Газа секторында ХАМАС-тың ондаған саяси және әскери қанатының басшылары, соның ішінде Исмаил Хания мен 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылға жауапты ең беделді тұлға һәм идеолог Яхья Синвар өлтірілді.
Яхья Синвар 22 жыл Израиль түрмесінде отырған адам. 2011 жылы өзге де мыңдаған палестиналық тұтқынмен бірге – бір ғана Израиль сарбазы Гилад Шалитке айырбасталып, бостандыққа шыққан. Содан бері Синвар «тұтқындарды аманатқа алу Израильге қарсы күрестің ең тиімді әдісі» деп есептеді. Ал 2024 жылғы қазанда Синвар қаза болғаннан кейін, ХАМАС содырлары қауіпсіздік мақсатында жоғары лауазымды мұрагерлерді жария түрде атауды тоқтатты. Қазір болжалды түрде ХАМАС-ты басқаруды Яхья Синвардың інісі Мохаммед Синвар жүзеге асырып отыр.
Жақында Израильдің Хан-Жүніске жасаған шабуылы кезінде ХАМАС-тың жоғары лауазымды екі көшбасшысы – Исмаил Бархум мен Салах әл-Бардавил қаза тапты. Бархум ХАМАС-тың қаржысын басқарса, әл-Бардавил ХАМАС саяси қанатының ең жоғарғы мүшесі болған еді.
Дохада ХАМАС саяси бюросының кеңсесі әлі де өз жұмысын жалғастырып отыр дегенмен, қазіргі уақытта оның тиімділігін бағалау қиынға соғады. Көпшіліктің пікірінше, 22 жылын Израиль түрмесінде өткізгіп, «сионистік жауды» ішінен зерттеген Яхья Синварның өлімі ХАМАС-қа ең ауыр соққы болған.

(Сурет: bbc.com)
ХАМАСТЫҢ ПОТЕНЦИАЛЫ ҚАЛДЫ МА?
Әскери сарапшылардың пікірінше: ХАМАС жауынгерлер қатарын жылдам арада 20-23 мыңға дейін толықтырып, адам саны бойынша соғысқа дейінгі көрсеткіштеріне қол жеткізе алған. ХАМАС-тың әскери қанаты елеулі адам шығынына ұшырағанына қарамастан, қазір оның саны біршама қалпына келтіріліліп үлгерді десе де болады.
Соғыс басталар алдында АҚШ барлауы: «Газа секторында ХАМАС содырларының жауынгер саны 25-30 мыңға жетеді», - деп бағалаған. Израиль барлауының да соғыс басталардан-бұрын жариялаған мәліметі осы ауанда.
Ал Израильдің 2024 жылдың жазында жариялаған мәліметінше: «ХАМАС-тың әскер шығыны 17 мың адамды құрайды», - делінген. Бұл қаза тапты делінген 17 мыңның ішіне топтың саяси қанатының және оның бақылауындағы әкімшілік билік секторының өкілдері де кіреді. Бірақ, олардың саны айтарлықтай көп емес. Қаза тапқандардың дені дала жауынгерлері. ХАМАС-тың өзі әскери қанаттың тек 6-7 мың мүшесін ғана қаза тапты деп мойындайды.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің (ECFR) жүргізген зерттеуі Израиль мәліметтерінің дұрыс екенін айтады. Қазіргі уақытта ХАМАС содырларының ескі құрамынан 9 мыңға жуық адам аман қалып отыр. Бірақ бұл ретте Израильге қарсы соғысатын күштердің жалпы саны соғысқа дейінгі 20-23 мың адамдық көрсеткіштерге қайта жеткен. Бұған «Ислам жихады» сияқты басқа топтарға жататын содырлар да кіреді.
Қазір ХАМАС дала жауынгерлерін қайта жасақтап үлгерген. Бұл туралы әуелі «Әбу Убайда» тобының өкілдері мәлімдесе, ізін ала осы жылдың басында АҚШ барлауы ресми түрде хабарлады.

(Коллаж: Mezgil.kz)
ИЗРАИЛЬ ҚАЛАЙ КӘРІНЕ МІНЕДІ?
Неліктен Израиль Газаға қайыра шабуыл жасады және бітімнің жайы не болады?
«ХАМАС толық жойылғанға дейін әрекет етеміз», - деп уәде еткен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Дональд Трамптың Ақ үйге оралуын тағатсыздана күтті. Бастапқыда Трамп ХАМАС-пен келіссөздер жүргізуді қарастыратын Джо Байденнің бейбіт жоспарын қолдап, өзінің досы мен одақтасы Нетаньяхуды пұшайман күйге душар етті.
«Трамптың бейбіт келіссөздерге белсенді қатысуы, соның ішінде оның Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілін ант қабылдағанға дейін өңірге жіберуі – жаңа әкімшіліктің ант беріскен екі дұшпан арасындағы зорлық-зомбылықтың қайта басталуына жол бермеу ниетін білдіреді», - деп есептейді сарапшылар. Ақ үйге қайтар оралар алдында Трамп өзінің алғашқы мерзімінде жасалған «Ыбырайым келісімдерінің» табысын қайталап, Израиль мен Сауд Арабиясы арасында татулыққа қол жеткізгісі келетінін бірнеше рет айтқан болатын.
«Трамптың күн тәртібі басқа елдердің, бірінші кезекте Сауд Арабиясының «Ыбырайым келісімдеріне» қосылуынан тұрады. Бұл Израильден палестиналықтарға қатысты елеулі жеңілдіктерді талап етеді», - деп есептейді сарапшы.
Нетаньяху ХАМАС-пен татуласуға келісті. Оның себебі елдегі ультранационалистік және діни партиялардың бас көтеруі, коалицияның бұзылуы еді. Бұл қауіп те көп күттірмеді. Қаңтар айында ХАМАС-пен келісімге наразылық білдіріп, «Оцма Йехудит» оңшыл партиясының жетекшісі Итамар Бен-Гвир өзінің ұлттық қауіпсіздік министрі лауазымынан өз еркімен бас тартып, өз партиясын коалициядан шығарып, басқа да бірнеше министрді өзіне ілестіре алып кетті.
Олардың барлығы 18 наурызда Израиль ХАМАС-тың жағалаудағы инфрақұрылымына жаппай соққыны қайта бастаған кезде ғана үкіметке қайта оралды.
Бен-Гвир дәл осы қайтып оралған күні: «Біз премьер-министр Биньямин Нетаньяху бастаған Израиль мемлекетінің қарқынды жауынгерлік іс-қимылдарға оралуын құптаймыз. Біз ХАМАС ұйымының болуына көнбеуіміз керек және ол біржола жойылуға тиіс», - деп мәлімдеді.

(Сурет: bbc.com)
АҚШ ҚОЛДАУЫ
«ХАМАС-ты барынша толық жою үшін Израильге Вашингтоннан «бата» қажет», - дейді сарапшылар. Негізгі министрлердің көбі Бен-Гвирмен пікірлес. Бұл бейбіт келісімнің келесі кезеңдерінен бас тартуды білдіреді.
«Ал Трамп қарама-қайшы сөзбұйдаға кірісті», - дейді сарапшылар. Ол бірде келіссөздер жүргізуді талап етсе, енді бірде Израиль мен АҚШ-ты сарсаң еткен лаңкестердің барлығына «нағыз тозақ отын» уәде етуде.
Сарапшылардың пікірінше: Нетаньяху Иранға қысым көрсету, саудиттермен қарым-қатынасты ретту, Газаның болашағы және т.б. мәселелерде АҚШ үшін тиімді адам. Трамптың ұстанымы – алдымен «мұнтаздай тазалау», содан кейін «тартып алу».
Ал 18 наурызда Газаға әуе соққылары қайта басталған күні, премьер-министр Нетаньяхудың кеңсесі: «Енді Израиль ХАМАС-қа қарсы әскери күшпен әрекет ететін болады», - деп мәлімдеді. Бұл әрине, Вашингтонның мақұлдауынан соң жасалған мәлімдеме.

(Сурет: bbc.com)
ХАМАСТЫҢ ЖЕР АСТЫ ҚАН ТАМЫРЛАРЫ
Израиль әскерилері палестиналық босқындарға көмек көрсету үшін БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігі кеңсесінің астында тұрған тоннельді залалсыздандырды. Израиль билігі аталған агенттікті 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған ХАМАС шабуылына қатысы бар деп айыптайды. Алайда құқық қорғаушылар бұл айыптарды жоққа шығарады.
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израиль ХАМАС-тың тұқымын тұздай құртуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді десек те, бұл жетістіктер стратегиялық жетістіктерден гөрі тактикалық қана болып табылады.
Теориялық тұрғыдан ХАМАС тактикалық режимге көшуі мүмкін, бірақ Газа секторының географиясы бұған қол байлау жасайды. Басқа елдердің жихадшыларынан айырмашылығы, ХАМАС содырлары тауға, орманға кете алмайды немесе азық-түлік пен қару-жарақ алу үшін көрші елдерге шабуыл жасай алмайды.
Газада таулар мен ормандар жоқ. Бір жағынан Израильмен, екінші жағынан жақсы қаруланған және саяси бейтарап Мысырмен шектеседі. «Партизандық» деп аталатын соғыста ХАМАС екі факторға үміт арта алады: Өзінің жерасты инфрақұрылымы және халықтың қолдауы.
Газа мен Мысыр шекарасы бойындағы «Филадельфия» дәлізінің астындағы қару-жарақ пен басқа жүктерді жеткізіп отырудың төте жолы болған ХАМАС тоннельдерінің 80%-ға жуығын Израиль армиясы жойып жіберді.
Бірақ ХАМАС-тың жер асты тоннелі «Филадельфия» дәлізінен әлдеқайда алыс. Жаңартылған деректер бойынша, жер асты жүйесінің жалпы ауданы орта есеппен 650 шақырымды құрайды. Осы жылдың мамыр айында АҚШ барлауы бүкіл сектор бойынша ХАМАС тоннельдерінің шамамен 65% жарамды деп хабарлады. Ал, Израиль керісінше 40%-ы жарамды деп есептейді.
Бұл тоннельдердің кейбірі тіпті кең. Ол жерге броньды машиналарды және өзге де техниканы жасыруға болады. Газа секторында ХАМАС-тың жақтаушылары да аз емес. Секторда халық арасында сауалнама жүргізу өте қиын, оның ішінде адамдардың өздерінің саяси қалаулары туралы ашық айтудан қорқуы тағы бар. Қазір жағдай айтарлықтай өзгерді. Соғыс басталғаннан-бері интернетте де, Газада да ХАМАС-қа қатысты сын пікір күшейіп келеді.
Mezgil.kz