Қытай сирек кездесетін металдарды АҚШ президенті Дональд Трамппен «сауда соғысында» қысым жасау құралы ретінде пайдаланады.

(Сурет: katehon.com)
«Bloomberg» хабарлағандай, өткен аптада Бейжің Вашингтонның әрекеттеріне жауап ретінде жаңа экспорттық шектеулерді жариялады. Сәуір айының басында Трамп 200-ге тарта ел мен аумақтан келетін импортқа сауда бажын салды.
Қытайдға салынған жиынтық тариф 54%-ға жетті. Бейжің жауап ретінде АҚШ тауарларына 34% баж салығын енгізіп, самарий, тербий, диспрозиялар, скандий және иттрий сияқты сирек кездесетін жеті элементтің экспортына бақылауды күшейтті.
Бұл тікелей тыйым салу болмаса да, Қытай билігі бұл материалдарды кімнің және не үшін алатынын мұқият бақылайтынын мәлімдеді. АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауы бойынша, Қытай әлемдегі барлық сирек кездесетін металдардың шамамен 70%-ын өндіреді, ал АҚШ көбінесе осы жеткізілімдерге тәуелді.
«Bloomberg» атап өткендей, мұндай шаралар жаһандық жеткізу тізбегін бұзуы мүмкін, себебі бұл металдар жоғары технологиялық өнімдер өндірісінде – электромобильдерден бастап әскери техникаға дейін қолданылады.
ҚХР Сауда министрлігі: «Шектеулер қос мақсаттағы тауарларға қатысты және «ұлттық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық және бейбітшілік мүдделеріне жауап береді», - деп түсіндірді.
Оған жауап ретінде Дональд Трамп Қытай АҚШ-тың салықтарынан дүрбелең түсіріп, қате іс-қимыл жасағанын айтты.
«Bloomberg» сауалнамасына қатысқан сарапшылардың пікірінше, неодим мен празеодимді шектеуден алып тастау оларды кейінірек қысымның қосымша құралы ретінде пайдалану мүмкіндігіне байланысты екен.
Ал «ВВС» басылымы: «Қытай АҚШ президенті Дональд Трамптың қоқан-лоққыларына көнбейтінін ашық айтты. Бейжің Вашингтонның «бопсасына» көнбеуге және соққыға жығылған қор нарықтарының уақытша тұрақталуына қарамастан, тоқтаусыз жалғасып жатқан сауда соғысында «соңына дейін күресуге» уәде берді», - деп жазады.
Қытайдың Сауда министрлігі Америка Құрама Штаттарының кез келген қосымша тарифтері бізді америкалық тауарларға қарсы «қарсы шараларды» қабылдауымызға мәжбүрлейді деп мәлімдеді. Қытай тарабының мұндай мәлімдеме жасауына АҚШ президенті Трамптың мына мәлімдемесі себеп болған:
Трамп алдымен өзінің «Truth Social» әлеуметтік желісінде Қытай импортына жарияланған 54% тарифтерге тағы 50% қосу ниеті туралы хабарлады. АҚШ президенті Бейжің жұма күні Трамп жариялаған тарифтерге жауап ретінде жариялаған 34 пайыздық тариф енгізу туралы шешімін өзгертпесе, осындай қадамға баратынын айтты.
Егер Трамп өз уәдесін орындаса, АҚШ Қытай тауарларына 104 пайыздық баж салығын салады деген сөз: Трамп наурызда 20 пайыз, ал өткен аптада тағы 34 пайыз салық енгізген. Енді бұларға тағы 50 пайызды қосамын деп қоқан-лоқы жасауда.
Mezgil.kz