Құлдыраған қор, қауіпті түйін: Миллиондаған адам жұмыссыз қалып, соғыс болмақ!

Трамптың тариф саясатынан кейін әлемдік биржа қорлары үлкен соққы алуда. Бұл туралы ВВС басылымы кең ауқымды сараптама жасады. Үлкен соққыны әсіресе Азия-Тынық мұхит аймағында орналасқан биржа қорлары алған. Шанхайдан бастап Сиднейге дейінгі аралықтағы биржа қорлары жаңа аптада сауданы үлкен минуспен бастады.


Мировой экономический кризис прогнозирует МВФ из-за США и Китая | Радио 1

Азия қор индекстерінің құлдырауы туралы ақпарат әлемдік БАҚ-тың негізгі талқы тақырыбына айналды. Мысалы Жапонияның Nikkei 225 индексі бір күнде 6%-ға төмендеді. Ал Аустралияның ASX 200 индексі 4%-ға, Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 4,7%-ға құлдыраған. Shanghai Composite индексі 6%-ға, TAIEX пен Hang Seng индекстері 10%-ға жуық құлдырап кеткен.

 

MSCI Asia Pacific болса 7,1%-ға құлдырауды көрсетіп, 2008 жылдан бергі ең күшті құлдырауға тап болды. Сарапшылар қор индекстерінің құлдырауын әлемдік экономикалық дағдарыстың дауылымен салыстыруда. Кей мамандар 90-шы жылдарда болған «Азия аймағындағы экономикалық дағдарыс қайталануы мүмкін» деген қауіпті болжамдарын білдіруде.

 

Сарапшылар Трамптың тарифтік соғысы қор нарықтарына ғана емес, сондай-ақ валюталарға, шикізат бағасына және нақты экономикалық көрсеткіштерге (экспорт, ЖІӨ, жұмыспен қамту және басқа) де кері әсер етуі мүмкін деп топшылайды.

 

Қытай, Гонконг, Тайуанның қор нарықтары жұма күні мерекеге байланысты ерте жабылды. Ал дүсйенбіде Трамптың тарифіне байланысты үлкен шокпен сауданы бастады. Әлемге сатылатын тауардың басым көпшілігі Азияда өндіріледі. Салдарынан тарифтік саясаттың салқынын да алғашқылардың бірі болып Азияның ірі елдері сезіне бастады.

 

Қаржыгерлер сауда соғысының салдарынан әлемде инфляция күшейіп, рецесссия басталады деп қауіптенуде. Мысалы Goldman Sachs «АҚШ-та алдағы 12 айдың ішінде рецессия басталуы мүмкін» деген болжамын 10 пайыздан 45%-ға көтерді. Ал JPMorgan болса «АҚШ-та рецессия басталады» деген болжамға 60% беріп отыр.

 

Трамп АҚШ-тың қор нарығындағы құлдыраулар жайлы ақпаратты білетінін айтты. Алайда оны «үлкен мәселе емес» деп сипаттады. Ол демалыс күндері Азия елдерінің басшыларымен сөйлесіп, тарифті талқылауға дайын екенін меңзеді. Қазіргі сәтте АҚШ-тың жаңа тарифтерімен келіспейтін Вьетнам, Үндістан және Израиль Вашингтонмен тікелей талқы жүргізуге ниетті болып отыр.

 

АҚШ экономикасының баяулауы Азия елдері үшін үлкен соққы. Өйткені АҚШ нарығы Азия елдерінің негізгі приоритеті саналады. «Трамптың тарифтерінің негізгі соққысы Азия елдеріне тиюде. Келіссөздерге жол ашық десек те, үлкен тарифтердің дәуірі ұзаққа созылуы мүмкін», - дейді Vanguard инвестициялық компаниясының басты сарапшысы Цянь Ван.

 

Трамп Вьетнамға 46%-дық тариф енгізсе, Бангладешке 37%-дық тариф енгізді. Бұл аталған елдердің экономикасы үшін үлкен соққы. Мысалы Бангладеш жыл сайын АҚШ-қа 8,4 млрд доллардың киім-кешегін сатады. Бұл Бангладештегі миллиондаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған негізгі сала саналады. Вьетнам мен Бангладеш АҚШ-қа қарсы баж салығын күшейтіп, текетіресті ушықтыруды қаламайды. Қос ел керісінше Трамп командасымен келіссөз жүргізіп, мәселені ушықтырмай реттеуді ойластыруда. Өйткені АҚШ билігі Вьетнам мен Бангладешке тағы да тарифтерді күшейтсе, миллиондаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл азамат соғысы алдында тұрған Бангладеш үшін өқажет емес сценарий.

 

Алайда Қытай билігі Вашингтонмен тең құқылы деңгейде келіссөз жүргізетінін айтты және АҚШ-тың көптеген тауарына 34%-дық баж салығын енгізді. Салдарынан АҚШ-тың үш негізгі қор индекстері 5%-дан астам төмендеді. S&P 500 шамамен 6%-ға құлдырады, бұл 2020 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш саналады.

 

Ұлыбритания қорларының индекстері де құлдырау үстінде. FTSE 100 индекстері 5%-ға жуық құлдырап, соңғы 5 жылдағы ең төмен нәтижені көрсетті. Германия, Италия, Францияның да қорлары дәл осындай күйде тұр.

 

Экономика саласының мамандары мен сарапшылары сауда соғысында жеңімпаздың болмайтынын айтуда. Тарифтер бойынша мемлекеттер арасында келісім жасалмаса, бұл әлемде жаңа экономикалық дағдарысты туындатары анық дейді олар. Ал саясаттанушылар тарифтік тартыстың салдарынан әлем елдеріндегі экономикалық, әлеуметтік жағдай күрделеніп, түрлі мемлекеттерде билікке қарсы наразылықтар күшейіп, қарулы қақтығыстар артуы ықтимал деген қауіпті түйін жасауда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар