Әзербайжан билігі Ресейдің ақпараттық кеңістігін тарылту әрекеттерін жалғастыруда. Баку ресейлік «Sputnik Әзербайжан» филиалының қызметкерлерінің санын азайтып, бір ғана қызметкер қалдыру шешімін қабылдады. Бұл туралы Caliber және Trend ақпарат көздері мәлімдеді. Әзербайжан апта бұрын «Россотрудничествоның» қарамағындағы «Русский дом» ғимаратын жауып тастаған болатын.

Қазіргі таңда «Sputnik Әзербайжан» филиалында 40 адам жұмыс істейді. Баку Ресейден бір ғана қызметкерді қалдыруды талап етпек. Әзербайжан Ресейде жұмыс істейтін әзербайжандық тілшілер мен Әзербайжанда жұмыс істейтін ресейлік тілшілер санын теңестіруді ойластыруда. Қазіргі сәтте Ресейде Azertag басылымының бір ғана қызметкері жұмыс істеуде.
Әзербайжан BBC News Azərbaycanca басылымының қызметкерлерін де қысқартуды ойластыруда. Алайда әзірге қанша қызметкер қалдыратыны белгісіз.
Молдова билігі де Ресейдің кезекті жобасын жабуды қарастыруда. Молдова мен Ресей арасындағы 1998 жылы жасасқан «мәдени орталықтар туралы келісім» қайта қаралмақ. Молдова бұл келісімді үзуді ойластыруда. Осылайша Молдовадағы «Ресейдің мәдениет және ғылым орталығы» жабылуы мүмкін.
Бұндай шешімге Молдова ресейлік дронның ел аумағына кіріп кеткенінен кейін келген. Ресейлік дронның Молдова аумағына кіруіне байланысты Сыртқы істер министрлігіне Ресей елшісі шақыртылды. Артынша елшіге Молдова билігі қатаң наразылық танытты. Кездесу барысында Ресей елшісіне дронның бөлшектері ұсынылып, бұлтартпас айғақтар көрсетілді. Кишинев Ресейден мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіру әрекеттерін тоқтатуды талап етті.
Молдова билігі Ресейдің ақпараттық оккупациясын тоқтатуды жалғастыратынын айтты.
Mezgil.kz