Bloomberg басылымының жазуынша Ресей басшысы Владимир Путин НАТО-ның жоспарын бұзу мақсатындағы әрекетін жалғастыра бермек. Бұл туралы басылым Эстония барлау қызметінің баяндамасына сүйене отырып жазды.

Эстония барлау қызметінің баяндамасында Украинадағы ұрыс қимылдарын тоқтату Ресейге күш жинауға мүмкіндік беретіні айтылған. Артынша Ресей НАТО-ға 2021 жылдың желтоқсанында қойған талабын қайта қоюы ықтимал.
2021 жылдың 17-желтоқсанында Ресей басшысы Владимир Путин НАТО-ға өз талабын қойды. Ресей НАТО-ға келесі шартты ұсынды:
- Ресейге НАТО шығысқа жылжуын тоқтатуға және Украинаны қабылдамауға кепілдік беруі тиіс.
- Екі тарап та ядролық соққы жасау бойынша жаттығулар жасамауы тиіс.
- Тараптар басқа мемлекетке ядролық қару орналастырмауы керек, ал бұрын орналастырған ядролық қаруларын кері әкетуі міндетті.
- Ресей төрт аймақта қандай да бір қарулы қақтығыстар өткізбеуге шақырады. Атап айтқанда Украина, Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа.
- АҚШ посткеңестік елдерді НАТО-ға қабылдаудан бас тартуы керек.
- АҚШ посткеңестік елдермен әскери жаттығу өткізіп, олардың аумағында әскери база құрмауы тиіс және олармен әскери әріптестікті үзуі міндетті.
Аталған ұсынысты НАТО «абсурд» деп атап, талқылаудан бас тартты.
«Путин бұл қақтығысты Ялта келісімі іспеттес негізде реттеуге болады деп санайды және Еуропаны ықпал ету аймағы ретінде қайта бөліске салуды қолдайды», - делінген баяндамада. Баяндама авторлары алдағы жылы Ресейдің ядролық бопсаны жалғастыратынын айтты.
Баяндаманың бір бөлімі Қытайға арналған. Қытайдың Мәскеуді Украина соғысында қолдауына баға берілген. «Қытай Ресейдің Украинада жеңілмеуіне мүдделі. Украинада Ресей жеңіліс тапса, Қытайдың басты қарсыласы АҚШ-тың бәсі жоғары болмақ», - дейді баяндаманы әзірлеушілер.
Ал Данияның Әскери барлау қызметі (DDIS) алдағы 5 жылда Еуропада ауқымды соғыс болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қақты. Дания барлау қызметінің пайымынша, Ресей НАТО-ны әлсіреді деп ойласа немесе АҚШ-ты Еуропадағы НАТО елдерін қорғауға құлықсыз деп таныса, альянсқа мүше бірнеше елше шабуыл жасауы ықтимал.
Politico басылымы Дания барлау қызметінің болжамы Трамптың ұстанымымен байланысты екенін айтты. DDIS Украина мен Ресей арасындағы ұрыс қимылдары тоқтатылса, Ресейдің жылдам арада әскери күшін қалпына келтіру процесі басталмақ дейді. Мәскеу Украинадағы ұрыс қимылы тоқтаған соң, алты айдың ішінде «көршілес елмен» әскери қақтығысқа түсуі мүмкін. Баяндамада «көршілес елдің» қай ел екені нақты көрсетілмеген. 2 жыл өткен соң Ресей Балтық елдеріне шабуыл жасауы ықтимал. Аталған қақтығыста НАТО-ның жойқын жауабы мен АҚШ-тың Еуропаны нақты қолдауы болмаса, Ресей Еуропада ауқымды соғысты бастауы әбден мүмкін дейді Дания барлаушылары. Бұған дейін Германияның Қорғаныс министрлігі де өз тарапынан Ресейдің алдағы 5 жылда НАТО-мен соғысуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Mezgil.kz