Ресей ОА-ны уысында ұстағысы келеді: Соғыс пен санкция Мәскеудің жоспарын бұзуда

Британдық «Financial Times» (FT) газеті Ресей Федерациясы үкіметінің бұрынғы кеңестік республикаларға, оның ішінде Орталық Азия елдеріне қатысты жоспарлары туралы жария емес деректерді жазады.

1739279587291813.jpg

(Сурет: wikipedia.org)

Өткен жылдың сәуір айында ұсынылған құжатта: Украинамен соғыс Ресейдің бірқатар жақын одақтастарымен байланысына нұқсан келтіргені айтылған.

FT: «Батыстың санкциялары Кремльдің негізгі сауда серіктестерімен арадағы байланысын  тығырыққа тіреді. Мәскеу АҚШ, ЕО және Қытайдың экономикалық ықпал ету салаларымен бәсекелесу үшін, Ресейді «еуразиялық сауда блогының орталығына айналдыруға» тырысуда. Сол арқылы Мәскеу әлемдік саудаға қолжетімділікті қалпына келтіруге ұмтылады», - деп жазады.

Құпия баяндамаға сәйкес, РФ билігі ұзақ мерзімді жоба аясында «макроөңір» құруға бағытталған бұл жоба – Украинамен ықтимал келіссөздерге қарамастан, өз өзектілігін сақтап әрі «Ресейдің жаһандық аренадағы ұстанымын нығайтуға» мүмкіндік береді. «Жаңа блок – Ресейді жаһандық Оңтүстікпен біріктіреді, тараптардың әрқайсысына шикізат ресурстарына қолжетімділік береді. Қаржылық және көліктік байланыстарды дамытады және оларды ортақ дүниетаным арқылы біріктіреді. Онда біз жаңа әлем үшін ережелер жазамыз және өзіміздің жеке санкциялар саясатымыз бар», - делінген құжатта.

Мәскеудің аталған құпия баяндамасында: «Батыс елдері Орталық Азия мемлекеттеріне қысым көрсетуде, оларды «қамшы мен қалаш» стратегиясының көмегімен санкциялық шектеулерді нақты сақтауға мәжбүрлеп отыр. Сонымен қатар Ресейдің одақтастары санкциялардан пайда көріп, ресейлік бизнесті өз нарықтарынан біртіндеп ығыстырды», - деп жазылған.

Құжатта сондай-ақ, Ресей Орталық Азия елдерін өз ықпалында ұстап тұру үшін «ұзақ ойын ойнауға» тура келетіні атап көрсетілген. Бұдан басқа, баяндамада Батыстың санкциялық қысымын тоқтату үшін, тіпті Ресейдің Украинамен соғыстағы жеңісі де жеткіліксіз болатынын атап өткен.

Мәскеу құжатында: «ТМД елдеріне «Ресейге қатысты өз ұстанымдары туралы біржақты нақты шешім қабылдауға» тура келеді», - деп тайға таңба басқандай жазылған.

Британдық басылым өңірдің ірі экономикасы - Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Украина аумақтарын аннексиялауды мойындаудан бас тартқанын және тіпті РФ-ға қарсы Батыстың санкцияларын қатаң сақтауға тырысқанын атап өтті.

Алайда Қырғызстан «Батыстың санкцияларынан жалтару жолына түсті» деп жазылған.

Құжатта посткеңестік кеңістікті біріктіру бойынша Ресейдің «ең басты табысы» ретінде Беларусь Республикасы ерекшеленеді.

Ал Ресей не дейді?

Ресей Батыстың санкциялық соққылары тіреген тығырықтан шығу үшін келесі Минск конференциясына арнайы құжат әзірлемек. Ол құжатта Ресейдің жоғарыда біз сөз еткен «ұзақ мерзімдік ойыны» қамтылатын болады. Ресей СІМ-і бұл құжатқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қосылғанын, Қытай да жобаға қызығушылық танытып отырғанын айтады. Оған қоса, Ресей Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) елдеріне де ұсыныс жолдаған.

Көріп отырғанымыздай, Ресей «еуразиялық әскери-саяси және экономикалық блок құру» ниетін ашық білдіріп, оны «Батысқа қарсы күш орталығына», яғни жаңа жаһандық полюске айналдыруды көздейді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар