Кешелі-бері әлемдік ақпарат: «Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлесті», - деп жарияға жар салуда. Ондағы талқыланған басты тақырып – Украинадағы қанқасапты тоқтату туралы келіссөздер.

(Сурет: eadaily.com)
Сонымен, Трамп пен Путин телефон арқылы тілдесті ме? Бұны Кремль мен Ақ үй не растамайды, не терістемейді.
АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Майк Уолтц «Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің телефон арқылы сөйлесуі болды ма» деген сұраққа нақты жауап берген жоқ.
АҚШ не дейді?
Уолтц: «Мен бұл туралы президенттен бұрын айта алмаймын. Әрине, көптеген түйткілдерді шешер келіссөздер жүргізілуде», - деп қана жауап берді. Сондай-ақ Уолтц Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға және бұл үшін керек болған жағдайда «санкция салуға, тарифтер мен салықтар енгізуге» дайын екенін айтты.
Ресей не дейді?
Өз кезегінде РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин мен Трамп арасындағы бұл айтылған әңгімені растаған да, теріске шығарған да жоқ. Ол «Интерфакске»: «Вашингтондағы әкімшілік өз жұмысын өрістетіп жатқандықтан, көптеген коммуникациялар пайда болуда. Бұл байланыстар түрлі арналар арқылы жүргізілуде. Мен жеке өзім бір нәрсені білмей қалуым мүмкін. Сондықтан бұл жағдайда мен оны растай да, жоққа да шығара алмаймын», - деді.
АҚШ президенті Дональд Трамп «New York Post» басылымына телефон арқылы Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы соғыс туралы сөйлескенін айтты. Бірақ, олар қашан сөйлесті, ол жағын ашып айтпады.
Тақырыпқа тұздық: Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен Украинадағы сирек кездесетін минералдар мен газға қол жеткізуге қатысты 500 миллион долларға мәміле жасау ниеті туралы айтты.
Ал АҚШ вице-президенті Жеймс Дэвид Вэнс 14-16 ақпанда өтетін қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясында Зеленскиймен кездеспек.
Mezgil.kz