Sky News басылымы Ресейге көмекке келген Солтүстік Корея әскерінің Курск облысындағы майдан шебінен шегінгені жайлы жазды. Бұл туралы ақпаратты Украинаның барлау қызметі берген және бірқатар Батыстық басылымдар растаған.

2024 жылдың күзінде Солтүстік Корея Ресейге көмекке 12 мың сарбаз жіберді. Бұл туралы алғаш болып Батыстық барлау қызметтері жазды, артынша Украина тарапы да ақпаратты растады. Алайда Ресей мен Солтүстік Корея «Курск облысындағы майдан даласында КХДР әскері жоқ» деумен келеді. Украина сарбаздары Солтүстік Корея әскерімен 2024 жылдың қараша айында бетпе-бет шайқасқа түсті.
Украина тарапы Солтүстік Корея әскерінің соғыс тактикасы қырғи-қабақ соғыс кезеңінен кейін еш өзгермегенін айтты. КХДР сарбаздары о баста 20-60 адам болып топтасып, шабуылға шығатын. Бұл тактика шабуылдаушы тараптың шығынын арттырды. Соғысты зерттеу институты (ISW) сарапшылары Солтүстік Корея сарбаздарының дроннан қорғана алмайтынын жазды. «Олар дрон жақындаған сәтте қашуды, тығылуды әлі дұрыс меңгерген жоқ» деп жазды ISW.
Украина барлау қызметі Солтүстік Корея сарбаздарына қатысты мінездеме берді.
«Олар ұрыс даласында шымыр болып көрінеді. Жылдам қозғалады. Алайда заманауи соғысқа дайын еместігі бірден аңғарылады. Дроннан қорғануды білмейді, атыс қаруы ретінде ресейлік автомат пен пулеметті емес, КХДР-дың 70-ші жылғы қаруларын қолдануды құп көреді. Тұтқынға түсуден қашады. Тіпті өзін-өзі гранатамен жарып жіберу немесе тапаншамен өзін ату әрекеттеріне барады», - дейді Украина барлау қызметі.
Украина барлау қызметі Ресей әскері мен КХДР әскері арасында тілдік мәселе барын айтуда. «Бұл олардың бірлесе шабуыл жасауын қиындатады» дейді Киев. Ұрыс даласында бір-бірін дұрыс түсінбеген Ресей бөлімшелері мен КХДР сарбаздары абайсызда өзара соққы алмасқан жайттар тіркелген.
Украина сарбаздары ұрыс даласында қаза тапқан КХДР сарбаздарының заттарын қарап, әдетте қалталарынан отбасылық фото, блокнот, хат және карта табылатынын айтты.
9-қаңтарда Украинаның арнайы жасағы Солтүстік Кореяның екі сарбазын тұтқынға алды. Тұтқындалған сарбаздар бұл соғысқа Пхеньянның тікелей қатысып жатқанының айқын дәлелі болды. Қазіргі сәтте сарбаздардан жауап алу жалғасуда.
Украина тарапы Солтүстік Корея әскерінің майдан даласынан шегінуі уақытша құбылыс деп санайды. КХДР әскері қайта жасақталып, жақын күндері ұрысқа оралуы ықтимал. Ал Батыстық барлау қызметтері Пхеньянның жақын аралықта Ресейге қосымша әскерін жіберуі мүмкін екенін болжауда. Болжам бойынша Ресейге қосымша 10-12 мың сарбаз келуі мүмкін.
Солтүстік Корея әскерінің майдан даласынан уақытша шегінуі олардың орасан шығынымен байланыстырылады. Ақпарат көздері Солтүстік Корея Курск бойында 4 мыңға жуық сарбазын жоғалтқанын жазуда, оның ішінде 3 мыңнан астамы жарақат алса, мыңнан астамы қаза тапқан. Осылайша Солтүстік Корея Курск шайқастарында әскери контингентінің 30 пайыздан астамын жоғалтқан.
Mezgil.kz