Саясаткер: Ресейде күтпеген сәтте саяси өзгеріс болады!

Владимир Қара-Мырза Wilson Center-ге Ресейдегі саяси жағдайдың қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты. Қара-Мырза Ресейде оппозиция қатарында болды. Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында қызмет етті және түрлі зерттеулер жүргізді. Артынша Ресей билігінің қудалауына ұшырап, бірнеше мәрте қастандыққа ұшырады, түрмеге қамалды. Батыс пен Ресейдің саяси тұтқын алмасу процесі аясында 2024 жылы бостандыққа шығарылып, Ұлыбританияға қоныс аударды.


Путин, уходи!» Противники пенсионной реформы требуют отставки президента РФ  / 22 сентября 2018 | Москва, Новости дня 22.09.18 | © РИА Новый День

(Сурет Ndnews.ru сайтынан алынды)

 

Қара-Мырзаның сөзінше Ресейдегі мемлекеттік төңкерістер мен сарай төңкерістері күтпеген сәтте басталған. «1917 жылғы патшаның биліктен құлауы да, 1991 жылы КСРО-ның ыдырауы да бірнеше айдың ішінде іске асқан, ешкім күтпеген жылдам саяси үрдістің нақты көрінісі болды» дейді журналист.

 

Александр ІІ-нің 1860-1870 жылдары іске асырған ауқымды саяси реформалары, Хрущев билігі кезеңіндегі жылымық, Горбачевтың саяси реформалары немесе Ельциннің демократиялық эксперименттері тұсында халықтың либералды қоғамға жақын болуды қалайтыны көрінді дейді Қара-Мырза.

 

Қара-Мырза Ресейде саяси өзгерістер жылдам әрі күтпеген сәтте іске асатынына сенімді. Ол Ресейді «демократияға жарамсыз» деп санау қателік дейді. Сөзін қуаттау үшін «Ресей халқы Ұлыбритания, Германия және Франциядан бұрын жаппай сайлауға қатысу құқығын алды» деп жазды. Ресей халқы 1906 жылы Дума сайлауында да, 1991 жылы президенттік сайлауда да демократиялық таңдау жасай алатынын іс жүзінде көрсетті дейді ресейлік оппозиционер.

 

Қара-Мырза Ресейдегі билікті қолдайтын сауалнамаларға сенбеуге шақырды. Ресей халқында демократияны аңсайтындар саны әлдеқайда көп және олар Путиннің қазіргі билеу жүйесімен келіспейді дейді.

 

«2024 жылы Борис Надеждин президенттік сайлауға кандидат ретінде тіркелген сәтте мыңдаған ресейлік кезекке тұрып, оны қолдады. Қол жинауға көмектесті. Әлбетте Надеждинді сайлауға қатыстырмады, алайда оны қолдаушылардың көптігі өзгерісті аңсайтындардың көптігін көрсетті», - дейді журналист.

 

Қара-Мырза Батысты Ресейде күтпеген сәтте болатын саяси өзгерістерге дайын болуға шақырды. «Саяси өзгерістер болған сәтте, Батыс Ресейдің демократиялық қоғам болуына көмектесуі шарт. Демократиялық Ресей Еуропаға және өзге елдерге қауіп төндірмейді», - дейді ол.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар